1.
Ел айтса егер несі мін
ері жайлы мықты бір, –
жалпақтығын төсінің,
жауырнының тіктігін.
Жауларына бір бетті,
адал бопты жолдасқа;
Әдіс-айла білмепті
алып соғудан басқа.
Лақтырыпты тік тұрып,
Аруағы екен күш мұның.
Уа, жасай гөр мықтылық!
Уа, қолдай гөр күштіні!
Мықты ұлыңды мақта, жұрт,
Мықтың жоқ па – қайғы осы.
Балуаның жүр шаттанып
Үлестіріп бәйгесін.
Күндеушілер ұққан кіл
«Жықты, – деп, – бұл қапыда».
«Балуаны жыққанның
Озады екен аты да».
Гу-гу етті, дүрлікті ел
Қызыққұмар, қызқұмар.
Талпынғандар бірлікке
сол бірлікті бұзды да.
Біреу айтты: «күшінен
Жебеушісі көп мұның».
«Жығылмайтын кісі де
Жын болады» деп бірі.
Біреу айтты: «ұқ, тыңда,
Жығылады ол әлі
Қанша мықтылықтың да
бір осалдығы болады!»
Біреу тұрды ой тастап:
«Жебеушісі көп мейлі –
ендігі бір айқаста
көрсетемін», – деп қойды.
Ұмтылдың-ау тағы да алға
Әр жолымды, ал, шымшып же:
бола алмаған балуандар,
болып тұрған күншілдер!
2
Бай ауылда той боп бір
шал сипапты ақ мұртын.
Сараңдар сөз сөйлепті,
Серілер ат шаптыртып.
Мықынына сүйеніп,
Момын балуан тұр сылбыр.
Шекпен киіп түйе жүн,
буынып ап қыл шылбыр.
Өтірігін шын етіп
бәйге алып тұр бір еспе.
... Бір кезде жұрт дүр етіп
кезек берді күреске.
Шықты да бір ынжық шал
біздің балуан құлады.
Қырсық деген бір жықса
Құрығанша жығады.
Жаман ниеттің әлегі –
балуан істі кеуіп бір:
байқатпай шал, әдейі
осал тұстан теуіпті.
Істеді олар айтқанын,
«парыздарын өтеді»
Балуанын жұрт қайтты алып
ақ киізге көтеріп.
Гу етті жұрт, дүрлікті ел,
Қып-қызыл сөз ызғыды ал.
Талпынғандар бірлікке
сол бірлікті бұзды да.
Құлатты ерді, не тірлік!
Әл үстінде жатты ерің.
... Бітіп қалған секілді
Менің де өлең дәптерім.
Мықты ұлыңды, ел, бағала,
бағаламасаң – қайғы осы:
Ынжық шал жүр далада
Үлестіріп бәйгесін.
Қолпаштайды жұрт шалды,
Күліседі кісінеп.
Сүйеді жұрт жыққанды
Қалай жықты? –
Ісі жоқ.
Балуан жатты,
Есіл ерін
Ұмытты жұрт тойып құр:
Қайғырайын десе оның
есі кірмей қойыпты.
Балуан жүзі көгіс боп
кенет... қарғып тұрыпты.
Өз белінен өзі ұстап
«Әуп!» деп алып ұрыпты.
Жырыңды, ақын, тағы да
созатынын не тіпті:
бітті ғой ол,
балуан
«Әуп!» деп өліп кетіпті.
Ал, желікпе, қасқа жұрт
Ілезде бәрін ұмытып,
Жаратты тайын басқа бір,
баптады басқа жігітін...
1970