Даңқтың, даудың, дақпырттың
Ық жағын алып келіп едім.
Бейне бір шөкім ақ бұлтпын,
Қуаламашы, жел, мені.
Қалықтайыншы аз уақыт,
ақша бұлт екем бір ұрттам.
Қанатымды от қып маздатып
бір көрінейін ымыртта.
Жап-жасыл көкте ақ мең боп
көрінейінші мен жұртқа.
Күркіл мен жарқыл жоқ менде,
нөсер де күтпе сондықтан.
Қарайын саған, кең өлкем,
биікте тұрып қарайын.
Тоқымдай ғана көлеңкем
төсіңде жатсын қарайып.
Жайыма, Тағдыр, қарайла,
төкпесем нөсер қалшылдап,
тама алмай жүрген талайдан
тарыдай ғана тамшым бар...
1970