Шың-тас, сені жасағам жоқ мен ойдан,
бұлақ, сені жасағам жоқ мен ойдан.
Ойдан өзге түк көрмеймін кейде осы
мұнары бар, тұманы бар маңайдан.

Мұнар, сені жасағам жоқ мен ойдан,
тұман, сені жасағам жоқ мен ойдан.
Айту үшін, достым, саған қалай да ән,
бір нәрсені ойлау керек маңайдан.

Бермен қара айналайын, ағайын,
Саған менің ақтарылсын ақ ойым:
Мен бір жырды ойдан алып жазайын,
мен бір қызды ойдан жасап алайын...

1970