«Ойлай алса жазады-ау ақын анық
ақ қайыңның түбіне жатып алып.
Өлеңімді оқиын ойлап жазған,
мына бір сандық-тасты сахна ғып».

«Микрофон болсыншы қып-қызыл гүл –
дауысымды шығарсын мықты, зілді.
Тамақ құрғап, стакан босап қалды, –
ұмытпашы, достым, бір жұтқызуды».

– «Қол соғыңдар, жапырақтар, қызулы жұрт
желпінсін бір, – оқиын үзілдіріп.
Таңдап тапқан мөлдірім тамшы-жырым
теңіз сөздің ішінен жүзіп жүріп» –

Деп ем:
досым құлағын басты нағып?
Төмен салды ақ қайың басты налып –
қызыл гүлді қыз жұлды,
жапырақты – жел,
сандық-тасты жөнелді тасқын алып...

1970