Тау баурайы бу боп тұр, бұлыңғыр тұр,
тістеп қапты тентек жел тілін қырқып.
Алба-жұлба жасады-ау бұлттың төсін
шыршалардың бұтағы іліп-жыртып.
Қара қасқа шыңдардың қатты басы,
бірін-бірі шыңдар тұр атқыласып.
Өрмелеймін биікке,
тауларым-ау,
қандай ғана тағдырға тап қыласың?!
Қажасып тұр қарт шыңдар, кекесіп тұр,
бірінде бет, бірінде шеке ісіп тұр.
Өрмелеймін биікке,
тағдырым-ау,
мына мені алдымда не тосып тұр?!
Ала бұлақ, ағылшы, шапқылашы,
жан-күйіңді жалғанға лақтыр ашып.
«Мына шіркін қайтеді-ай» деп жантайып
«найза қара» желкесін жатты қасып.
О, не пайда қарт шыңнан,
қас-қабақтан,
Мен емеспін ешқайсын бастап атқан.
Жыртып алып тау бұлтын, таңып қойдым
табанымның жарасын тас қанатқан...
1970