Жүректегі азын-аулақ қазынадан
Жылт еткенді жыр етем, жазып алам.
Жырымды жазып алған қазынадан
Желге айдап қоя бердім азынаған.
Ақылдың ауласында бағып-қағып,
отырмын бір жинақты ағытқалы.
Шығарып өз сынымның ауласынан
оқушы ауылына бағыттадым.
Әйнектен түсті бірі талып барып,
кіре алмай қайтты бірі қағып-қағып.
Өлтірдім бір жинақты өз қолыммен, –
ол анау пәпке деген табыттағы.
...Тағы жазып жатырмын шабыттанып.
1970