Келіп қалдың кимелеп, киіз боп бұлт,
бір-біріңді түртіңдер – мүйіз боп түрт.
Түрткілеңдер біріңді-бірің бұлттар,
бір-біріңді осылай мүйіздеп құрт.

Ала шыңдар, тұр әне, ала шыңдар,
үймелеңдер сол шыңға, таласыңдар.
Талассаңдар, әйтеуір, аласыңдар –
не аласың: атақ па, аласың ба ар?

Жалаң шыңның желі жоқ жағын ықтап
жылаңқы бұлт, жылжып бақ, жағынып бақ.
Дүрлігісіп көріңдер дүлей бастар,
ойнап қалсын талайлар тағы бұқпақ.

Болат балқып жатыр ма, жұмыс тұтап,
гудогындай заводтың ұлысты тап...
«Ұят қайда?» дедім де қалдым тартып
найзағайды жұлып ап күміс бұтақ.

1970