Баурай бұлты жаңа көшті баяулап,
Медеу-сайдан самал есті жаяулап.
Көкжиекке барып қапты Ай аунап,
Осы бір кез, осы бір шақ аяулы-ақ.
Бал-балауса, байтақ өлке, кең мекен,
Бала гүлді кім оятты, жел ме екен?
Сен кетпеші шыңды тастап, ақша бұлт,
Кету керек болса түбі – мен кетем!
Жатыр ашық дария-дала далиып,
Далиғанды – дарқандық деп таниық!
Бұлттар жүзді қаршыға боп қызыл төс,
Бұлттар жүзді қыран болып ақ иық.
Неғып тұрсың, сыбдырамай қара ағаш,
Жүгір, самал, жапырағын ала қаш!
Неғып тұрсың, махаббатшыл дүние,
Келе жатыр сәуле-сұлу жалаңаш.
Сәнге тастап қос бұрымын шолпы өріп,
Су-бұлақты шым жібекпен көмкеріп;
Алып келіп уылжыған аспанын
Төбемізге қоя салды төңкеріп...
Осы бір сәт қызарды да жанды жүз,
Осы бір сәт түсті жерге жалғыз із.
Күн көзімен жалт етті де, құшты кеп,
Алатаудай кәрі шалды әлгі қыз.
1960, 1982