Жаным біреу,
екі айрылды бір сенім,
бірін таңдау керек болып тұр соның.
Жыр жазып ем кеше де ыстық бу атып,
ертең, бәлкім, романға кірісемін?!
Белгісіздеу: қай жолды әлі көздерім,
бірақ, бірақ екеуі де – өз жолым.
Жыр жазар ем,
Қара сөз де жазар ем,
таза жыршы,
прозаикпін таза мен.
Қайрат та бар,
қайратқа еңбек, талап тең,
Уақыт біреу,
ғұмыр біреу тек, әттең!
Менің жолым – екі тарау болып тұр,
сырбаз досым, сыншыларға соны ұқтыр.
Маған, маған көңіл-күй бер,
ортайсам
Мені, мені денсаулықпен толықтыр.
Жолым – екеу,
екі айрылды бір мақсат,
бір жақтан – сөз,
бір жағымнан жыр қақсап
ауру тістей мазалап жүр.
Осы бақ:
Жыр – сері ғой,
Қара сөз жүр асырап.
Бірді жырлап,
Жасаймын деп мың кейпін,
отыз тістен шығады ойнап тіл бейпіл.
Араласып кетсе менде күлкі, мұң –
Мен де бейне күздің қоңыр бұлтымын,
Жел қысқанда не жауарын білмейтін.

1981