мек, ол да бір колхоздың ең
алдыңғы қатарлы сиыры. Быжынап жатқан ұсақ әріптер жәй, үлгі, өнеге етерлік
қасиеті жоқ, көптің бірі, көзге түспейтін тіршіліктер деп ұқты. Қарт газетті көзінен
алысырақ апарып тағы қарады: өңкей бір шұбырып жатқан жолдар, әріптер.
«Осының бәрі ғой сөз! Сөз! Сөз! Не деген таусылмайтын көп байғұс едің сен!» дей
беріп даусын шығарып алды Осы сәтте сол жағынан кемпірі басын көтерді: «Қарашы,
өзінен-өзі сөйлеп отырғанын. Жынымен сөйлесіп отыр... Бұ сормаңдай ауысты ғой,
ауысты!» деп күбірледі. Кемпір манадан бері қартының қимылын бағып жатқан.
Қолындағы әлгі «казит» дей ме, немене, соны біресе көзіне тосып, біресе алыс апарып
қарайды, қарайды да аузы-басы жыбырлап сөйлей ме, бетім-ау, күле ме, әйтеуір,
бірдеме болады. Жанында адам жоқ, сонда бұл аурудың иесі болмаса, кіммен сөйлесіп
отыр? Кемпір, жанында «бірдеменің салқыны салған» адам отырғанын бүкіл төбе-
құйқасымен сезіп ұша түрегелді, далаға шықты. Бұ жолы «ұршығы түскір үзіліп
қалыптыны» айтуға да мұршасы келмеді.
– Жаңбыр ашылыпты. Күнбатыстан көтеріңкі жел еседі Кеше кештен бері Ашақтың
құбыла бауырына тізерлеп, шөгіп алған бура бұлт бауырын көтеріп, шудасы
желкілдеп әлдеқайда тартып барады. Енді бір сәтте бұлт арасынан күн өзінің алтын
сырықтарын жерге қадай-қадай салды. Ол сырықтар тірелген нүктесіне қадалып қала
алмады, күншығысқа қарай көшкен бұлтпен бірге даланы қаз-қатар сызықтармен сыза
жөнелді. Кемпір жалма-жан түндікті ашты, ағашын алып тастап, есікті түрді. Тезекке
жапқан алаша, қап, жабу ол-пұлын түйе байланатын кішкене шоқ жыңғылдың үстіне
сүйреп тастады.
– Адыра қалғыр, тезекке су өтіп кетіпті,– деп айқайлады. Әжекең із қараған кісі
құсап, жерді иіскелей, үй желкесіндегі ақ тікен шоқалдың артына түсіп қайтты. Есік
алдына кеп тұрып сақалын сипады, сосын кеңірдегін қасыды:
– Идаят-ай, қарғам, бері шықшы.– Үйден Идаят жүгіре шықты. Көкесінің алдына
тұра ғап, мұрынын тартып-тартып жіберді
– Жүгір, барып Еділханды шақырып келші.
Бала жүгіріп ала жөнелді. Еділхан түнде үйіне қонған-ды. Бүгін жауын. Қанипа
үйімен екі аралық мал, адам аяғынан шөбі тозып, ақ суылдағы шығып қалған. Сол
құмға жауған жаңбыр үстінде жалаң аяқ баланың ізі жатыр. Бес башайының бесеуі де
анық түсіпті. Жаңағы Идаяттың ізі. Қарт соған қарап тұрып: «әй, жалғызым!» деп
күлімсіреді. Еділхан келгенде Әжекең қолына манағы газетті ұстап, ошақ пен үйдің
ортасында теңселіп әрлі-берлі жүрген-ді.
Еділхан газеттің бір бетін көріп жіберіп, оған кідірместен, бірден екінші беттің орта
тұсына қадалды. Қарт осының бәрін қадағалап бағып тұрған:
– Оқышы!
– Біздің Тем-ақаңды ма?
Анау жауап қатқан жоқ:
«Біздің Тем-ақаңның» қазіргі жайы. «Біздің Тем-ақаң» дегенді тырнақшаға алып
қойыпты. Бір беттің қақ жартысы... Еділхан құран алдында жалған дүниені түгел
ұмытатын, бүкіл мұсылман қауымының маңдайына біткен жалғыз молда құсап өз-
өзінен алыстап – мұңая, мұнарта бастап кетті...
* * *
Қошалақ-Қошалақ болғалы тез алған газеті осы. Төрт-ақ күн? Не деген
жылдамдық десеңізші! Әншейінде апта, әйтпесе он күн кідіретін газет бұ жолы «туу-уу
Қанішкеннен» төрт күнде салып жетіп келіпті! Және жай келмеді, дүрліктіре, дүбірлете
келді. «Социалистік жолдың» осы саны келгелі жұрттың аузында тыным жоқ, екі
адамның басы қосылса айтатындары газет-газет. Осыдан төрт күн бұрынғы Сандыбай
айтты деген хабар сол кеште-ақ Ашақ өлкесіне ауадай тараған-ды. Алғаш
естігендерге ол ертегі сықылды әрі қызық, әрі сенімсіз көрінген.
– Ауыл арасы айтып жүрген өсек-аяңмен казіт к... сүртсін бе.
– Әйел әңгіме ғой ол... Казитке шығуға жарамас.
– Темірәліге ауданның тісі бата қояр ма екен!
– Іш қыңыр адам ғой, ол да қарап қалмас.
– Аудан басшылары біздің Тем-ақаңды сүйейді деуші еді.
– Сүйегенде... казитке бұйрық ете ала ма?
– Еткенде...
– Осы секілді әркім әр түрлі пікірлер айтып, әркім әр түрлі жаққа алып қашып, гу-
гу етіскен... Соңғы айларда басқарма жайлы әңгіме, неге екені белгісіз, бәсеңсіп
қалған. Мал тойынып, ақ молайғалы ешкім «ақ бауырсақты» сөз етпей қойған.
Өйткені, жұрт ескі өсектен әбден қажыған-ды. Ескіні ескіртетін – жаңа ғой. Сейсімет
әскерден келгелі бері сол жаңа әңгіме, жаңа өсек табылды. Оның ауыл қыдырып
айтқан хикаялары ауыздан-ауызға тарады... Екі-үш кісі кездесе қалса сол, Сейсіметтен
естігендерін қырлап, сырлап соғады. Тілін, сөзін күлкі етеді. Көк шалбар, көк бешпет,
медел, Мәйуәжан хақындағы әңгімелерді ермек қып күн кешті, көңіл көтерісті.
Сейсіметтің сөйлеу мәнерін, жүріс-тұрысын, құлқын сәріден тұрып ап, қабырғасын
ырсаңдата, керіліп-созылып жасаған жаттығуларын аудырмай салатын жас, бала
жігіттер пайда болды. Соның арқасында бұрын белгісіз, тек пәленшенің ұлы атанып
келген талай бозбалалар ауызға ілініп қалды. Енді олар Сапар, Отар, Балғынбай,
Шалғынбай болып, әкесінің аттарынсыз-ақ, белгілі есімдер алды. Әрине, бәрінің
ойнайтындары бір роль болғандықтан, бірін-бірі қайталау, біріне-бірі айна қатесіз
ұқсау секілді өнер аурулары бұлардан да байқалады. Дегенмен, Сейсі