Ақ қағазға жосылып түспей жатыр жол деген,
жол түспей тұр жырыма,
тумас білем енді өлең
Күнде жүрген жолыма тас түсіпті көлденең,
Сары қалам сұлапты ақ қағазға көлденең.
Тайраң қағып көктемнің тамшысындай сөз қасқа
Сыңғыраса жамырап,–
Жарыспас па, озбас па!
Ақ қағазға, сөз түгіл, осынша ыстық тер төлеп,
Әкеле алмай отырмын қаламды да желкелеп.
Жапырақ – шаң
Ой – шабан,
бөлме тыншу – күн ыстық,
тындырғаным шамалы кеңседе де жұмыс қып.
Шаш қисайтар жел үшін,
бір леп үшін тыныстық
желдеткішпен екеуіміз жекпе-жекке тұрыстық.
Омырауды желписің,
Жеңді иыққа сыпырып...
тоңазытқыш... оның да айраны ашып, сүті іріп.
Аспан өңіп кетіпті күн көзінен ағарып,
кеуіп қапты арықтар қайнап-қайнап құтырып
Асфальт жатыр кезеріп,
Жиектегі көк тас та
тамсанатын секілді тілін жалап оқтаста.
Шекесінен қарайды торы төбел-тау қашықта –
Қайта жаба қоясың терезеңді ашып қап...
Бұл да махаббат шығар?
Көкте тұрып киелі
Күйіп-жанып Күн, бәлкім, Жерді осылай сүйеді?!
...Ыстығымен Шілденің сүйгендіктен мен оны –
Ол да жүдеп-сарғайып, қурап-солып келеді.
1980