Жалғыз едім бөлмеде
Жалғыз едім; әйдемде
Сөлкебайдай дөңгелеп
Тереземе Ай келді.
Сасқаным ба, білмедім:
Шын көңілден айтамын,
– есік анау, кір, – дедім,
басын әрең шайқады.
– Мынау бөлмем, үстелім,
Іздеп келсең бұл үйді
терезеден түс,– дедім,
басын шайқап жымиды.
Еліктегіш мінезім,
Сүйіп қалсам – күнәм ба,
– Шығам, – дедім, – онда өзім.
Келіспеді ол бұған да.
Сәл именіп, іркілді,
Жайлы, жұмсақ төгіп нұр.
Жүзі сарғыш бір түрлі,
тек күлкісі көгілдір.
Жалқы біткен жарығым,
бағым ба екен бұл менің,
Сорым ба әлде – бәрібір –
тағы да бір күл, – дедім.
Күңгірт тартты көз алдым –
Халім құрсын-ай, тегі:
Күлмеді Ай, бозарды...
Менсінбей ме, қайтеді?!
Сөз өтпесе ғашыққа
Намыстанбай бола ма:
терезені ашып қап
қарғып түстім далаға.
Тағдыр маған бақ беріп,
бітті бойға күш-жалын
тұнып кетіп: шап беріп
білегінен ұстадым.
Сөйтсем: дала қараңғы,
ұйып жатыр түнек түн.
Өн бойыма таралды,
Қорқынышы жүректің.
Соны ойласам дір етем,
Көңіл байғұс өрепкі:
Қысып ұстап тұр екем,
Қу бұтағын теректің.
Жалған елес жайында,
Көп оқыдым, шамасы...
Тым құрыса, қайыңға,
Қол жетпеуін қарашы?!
1980