Бықсып жатқан бір шаланы жандырдым,
бір көңілге үміт үрлеп – жан ғылдым,
Өсиетін орындадым Абайдың,
Риза еттім аруағын Жамбылдың.

Келді осылай ұлы өнерге бір адам,
аман адам қиянаттан, күнәдан.
Шықты бүгін:
Намаздыгер шақтағы
Көлеңке боп бір мықтыдан құлаған.

Тағдырының өзін менен қолқалай,
Қолтығыма қонып жүрді ол талай.
Енді бүгін...
ербеңдеп сол қағынды
Жабамын деп менің шуақ жағымды.

Тіршілік-ай!
Тіршілік қой – тіршілік,
Күрсінгеннен көгере ме жыр шығып?!
Ал, мен оны танымаймын қырсығып.
Шын көлеңке керек болса басыма –
Топырағыма шанышар ем ғой бір шыбық!

1980