Көк теңіздің жағасында шал тұрды,
иықты да балтырлы.
«Қайран теңіз!– деп күрсінді қарт ойлы –
Сені қайдам, мен мінекей, қартайдым».
(Өткен күннен қартта белгі бар тағы –
Тозып біткен қамыс сары қалпағы).
Теңіз жатты алабұртып бір түрлі,
Жазғы аспанның бұлты құсап күркірлі.
«Айтарсың-ау,– деді теңіз,– сен де аса
Өзгермепсің, сақал-шашың болмаса.
Адамдардың біз қартайдық дегені –
Көбіне-көп қулық болып келеді».
«Жоқ!»– деп сонда ыршып түсті қарт әлгі
Толқыныңа шайдырмаушы ем арқамды,
ал сен болсаң сол баяғың, баяғы
толқындарың бурыл жалын жаяды».
«Бұның рас,– деді теңіз,– сен аса
Қайратты едің, қуанушы ең балаша.
...Бір күндері екеу болып келдің сен –
Ұлың қайсар жігіт еді, мен білсем.
Содан кейін үшеу боп та келдің сен –
Ол ұлың да қуатты еді, мен білсем.
(Көгереді теңіз-толқындар тағы,
Сарғаяды шалдың шетен қалпағы):
Енші алды ғой?
Көрінбейді, көп болды?»
«Неғыласың еске салып өткенді,
екеуін де соғыс жұтқан екі ұлдың.
Содан бері, отыз бес жыл, жетіммін.
Қартаяр ма ем ол екеуі болса аман,
Қайрат аңсап келер ме едім мен саған?!»
«Ией, бейшара!– деді теңіз елжіреп,
(Толқын жалын тарап жатты жел жібек) –
бірақ сенің бағың асқан зор кісі:
Сенің көзің келеді ылғи көргісі,
жаның сенің аңсайды ылғи жаңаны,
ал мен болсам бос қармаймын жағаны –
уысыма ілінген түк жоқ әлі,
ештеңені іздемеймін, себебі,
Сен – тірісің, тұзды сумын мен өлі».

Тоқсан толғап шақты сонсоң қарт мұңын,
Ұлылардың мақтап айтты мәрттігін,
ауық-ауық тауып айтты сөз құнын,
жездей қақтап сауып айтты мазмұнын.
Теңіз айтты...
Шал сөйледі тағы да,
Кенет... теңіз-ұлылыққа табына...
Ұмтылды қарт...
Теңіз ашты құшағын –
екеуі ақыр шын табысқан құсады.
Теңіз сонда демін ішке тартады,
Қарт жоқ, бірақ сарғаяды қалпағы...
Осы жайды орай сөйлеп алыстан,
былай деді бір қария данышпан:

– Балам,– деді ол,– сенген жақсы, бірақ та
Құдіреттімен сыйласқан жөн алыстан.
Толқын-жырға сырымды айттым іште бар,
толқын, толқын!
Дауылсыз да күшті олар.
Мені-дағы теңіз лебі тартады,–
Құдіреттіге құмарлығым артады.
Мен де өнер-теңізіне сырлы бір
Қойып кеткем бұдан жиырма жыл бұрын,
ал қазіргі қалқып жүрген – қалпағым.

1981