(Әзіл)

Самалға шық, жігіттер, саяға шық,
Қолпаштасып алайық, аяласып.
Көркі әңгіме көңілдің қоңыр-күңгір,
Қоңыр бұлтта жүр малтып Ай адасып,
Саяға шық, жігіттер, саяға шық,
Перне жиі сағадан әрі асқасын,
Ей, күйші дос, саусағың адаспасын.
Көркі күй ғой көңілдің қоңыр-күңгір.
Күймен бабын табалық көңілдің бір:
Самалға шық, жігіттер, саяға шық,
Қоңыр бұлтта жүр, әне, Ай адасып.
Текеметті төсейік осы араға,
Төр жоқ мұнда,
Жоқ, рас, босаға да.
Кіржіңдеспе Сайындар, Сайымжандар,
одан да анау бокалды дайындаңдар.
Бір-біріңді сөйлеңдер аяласып,
ашық-ашық күліңдер саяда ашық.
Артын бақпа әзілдің – адасасың,
Аспан жақта жүр ғой деп Ай адасып.
Перне жиі сағадан әрі асқасын,
байқа, қүйшім, саусағың адаспасын.
Сый да бөлек бұ жерде кәде бөтен,
Міне кетем демеңдер, әне кетем.
Ал мақтайық: Мәткәрім қарыны мен
Сабырханның дачасы әдемі екен!
Әдемі екен, тал-қайың сыбырласып,
болған сын-ды олар да бүгін ғашық.
Самал-кеште біз-дағы саяда ашық
Құшақтасып алайық, аяласып...
Әлгі қайда?
Кеткен бе Ай адасып?!
Су-су етсе қайың мен шынар басы,
Көлеңкелер төменде жүр арбасып.
Түсіне алсаң жігіттің бәрі жақсы,
Қой, қой, жаман емес қой шығармасы.
Күй тыңдайық,
Сөз қалсын осы арада,
бошалама, Қалихан, бошалама.
Мына шөлмек тағы да босаған, ә?

...Сен кім едің, құлағы тосаң аға?!

1981