Дыбысы жоқ құстар ұшты, жай ғана,
Жапырақсыз бұта қатпай көңілді үн;
ет-теріден айрылды айнала,
Құр қаңқасын көрдім мына өмірдің –
терезеден қарау ғана болды ермек,
Осы менің – мен екенім анық па?
Деуші еді ғой дүние деген дөңгелек,
қалай түскен төрт бұрышты қалыпқа?
Есіме алдым мекемемді – кеңсені,
елестеттім бір бейнені сүйікті...
Оң иықта – періште бар деуші еді,
сол періште тастап кетті иықты.
Оң қарымды басқан сын-ды тау құлап,
глобустың оң жартысын су алды.
Кіші қызым сәл тұрды да жаудырап,
«Папа тыныш ұйықтады»,– деп қуанды.
Төсегіме келгендердің бәрі осы –
түсінбейді бірі тілді, бірі ымды.
«Тыныш» деген сөзден ұшып зәресі
Шешем байғұс жетіп келіп сүрінді.
Ғұмыр бойы тыныштықты уағыздадым жан
салып,
тыныштықты аңсадым:
Отаныма тек тыныштық тіледім,
Ошағыма, от-басыма тіледім,
бірақ бірақ тілегенім жоқ еді
тыныш тапсын деп ешқашан жүрегім.
Оң жақ жартым тынып қалды бір түрлі
Сол жақ жартым соған қарсы майдан ашқан
сықылды.
Бір мұхитқа антициклон келді де,
бір құрлықта революция жеңді де –
аман қалдым мен, міне.
1981