Бұлт үйірілді далаға –
Жауады екен деп күттім,
тағы да ырыс, бақ күттім
қамбасы боп Тоқтықтың.
Аласапыран жел тұрды –
бұлт тарады, кетті, ықты:
Жапырағым сарғайды,
Мен – аштықпын, жоқтықпын!
Тіл ұшында сөз тұрды,
Кенеземді кептіртті:
Маған арнап айтылар
Сол асыл сөз деп күттім.
Беделсізге – бел бітті,
бейсанаға бет бітті,
қалдым тағы жамылып
көлеңкесін көптіктің.
Тауға тағы бұлт келді –
Жаңбыр жауды бір апта:
бетпақ шөлге тамшы жоқ,
Құйылды су бұлаққа.
Сөз де айтылды – асыл сөз –
маған емес бірақ та.
Далам кетті дөңгелеп
Көз көрмеген жыраққа...
Жапырағым айналды
елеңдеген құлаққа.
1981