Күрсінді ата –
кәріліктің қайғысы
шығар дедім, күрсіне ме жай кісі?
– Жоқ, – деді ол, – ішті жалап барады
бір жүйріктің алынбаған бәйгісі.
Күрсінді ата –
түртеді екен не түлен,
бұлар, – дедім, – қайғырғыш-ау шетінен.
– Жоқ, – деді ол, – бұдан елу жыл бұрын
бір досыма жалған айтып кетіп ем.
Күрсінді ата –
түртеді екен не түлен,
бұлар, – дедім, – еріккен-ау шетінен.
– Жоқ, – деді ол, – сұрағанда қиылып
бір жеңгеме белбеу бермей кетіп ем.
Күрсінді ата –
қасіреті бойдақтың
шығар, – дедім, – уақыт бар: ойнап, күл.
– Жоқ, – деді қарт, – баяғыдан бос жүріп
шөбереме құда түсіп қоймаппын.
1978