...Сақалды адам санасыздау жөткірді,
тіл ұшынан сөзі үзілмей көп тұрды.
Сен, қасірет!
Тілін буған шешеннің,
қырғыш еткен алмастайын өткірді.

Жұбандырар сөз жоқ па,
әлде жан жоқ па –
ұға алмайсың, біле алмайсың болжап та.
Жігіт ұлы мерт болыпты осы үйдің –
кебінді өлік – шымылдықта, оң жақта.

Күйік қинап булығады әке өксіп;
(күйік көрмей өссек біздер – қате өстік)
қазан жақтан ана даусы шықты ащы:
«сорлы бала, сорлы бол да жат өстіп!»

Содан соң-ақ келді жұрттың сөзге әлі,
жұбау сөздер бірте-бірте қоздады.
Әр сөз бірақ саулы інген боп ыңырсып,
жетім бота болып әр сөз боздады.

Мақал мініп жатты ағылып ой легі,
сөйледі-ай кеп шешен біткен, сөйледі.
Жалтылдақ сөз мысал жегіп, мыс киді;
сонсоң... «сабыр – сап-сары алтын» ғой деді.

Өлген жұртты «дүниеден озған» ғып,
жылатуға жарап жатты сөз барлық.
(Бауыры бүтін жұрттың аузы алғыр ғой –
жүрек түгіл сүйегіңді қозғарлық).

Таңырқаман таным тұтса нені елім,
бірақ бұны таң боп айтқым келеді:
Қазалы үйдің жеті қызы бар еді,
ешкім бірақ балаң бар-ау демеді.

Тасқандық па,
тасырлық па бет тілген –
ойлай-ойлай алысырақ кеттім мен.
Жаугер халқым ат мініп, ақ қылышты
кім ұстаса – соны балам деп білген.
 

1978