Тас төбеден төніп кеп Ай үңілді –
Неткен сәуле жұп-жұмсақ, қайырымды!
Көл езуі сылпылдап өсек айтар,
байқап сырғыт, бала-дос, қайығыңды,

Келе ме екен тербетіп ұйқы мені –
көңіл байғұс бір бейжай күй тіледі.
Түнгі дауыс, білесің, кетеді алыс,
сезіп қалды...
тыңдашы, ит үреді?!

Ескегіңді суыршы судан енді –
соңымыздан көп дыбыс шулап ерді.
Мен де ерімін қаланың,
сөкпе, досым,
қызық пен қыз деп ұққан туған елді...

Әже байғұс жалқы үйлі жағадағы
жалғыз қызын жарғақ боп баға ма әлі?
Енші алысты дедің бе,
Көзжақсының
соқтықпалау деуші еді ағалары?!

Сейіл құрдық, мақұл-ау қайтса да енді,
бұл ауылға, сұраса, айт сәлемді.
Пиғыл түзу, кеткен жоқ әзірге есе,
құрдастарым, болды тек, әзілдесе:

«әлі түнде жүреді мына ағаң деп,
талай әсем қыздарға ұнаған деп».
көңіл-көбең
сондықтан,
әлгі әзілге
күле берсем – бар мақсұт, шыдаған боп...

1978, 1982