Құйын біткен адасып жүр далада.
Тастар – шұбар,
сайлар – ирек,
дөң – ала;
құм қаңбағы, ал, домала, домала!

Дене сөніп табылғанша моладан
«адам басы қаңбақ» дейді көп адам.
Бәзбіреулер «доп» деседі жаңартып –
жайлы тиіп жатқан тірлік жоқ одан.

Мен – қазақпын,
сайда бықсып жұрты қап,
көшкен ел ем,
енді таптым бір тұрақ.
Бірақ әлі қызығамын құйынға,
құйынды ойлар ұйтқығанда миымда.

Кең пиғылдар кернегенде кеудемді
глобусқа үңілемін мен де енді:
аяп кетем, аяп кетем сонда анау
қаласы көп, даласы жоқ елдерді.

Неру – нағыз жігіт екен!
Ерте өліп
өкіндірер ерлер жайын шертелік:
Күлі – Үнді топырағына сіңді оның
елге деген махаббаттан өртеніп.

«Әу» десем үн – тауға ұрды да,
жаңғырық
ытқып келіп маңдайымды қалды ұрып...
Мен – далама сіңіп кеткім келеді
кейде осынау жаңғырықтай қаңғырып.

1978