Көп кеңеске қатыстырма мені осы –
кітабымды бітірейін келесі.
Бір «қалқамен» үлгергем жоқ қыдырып,
бір есерге қарыз ем бір жұдырық.

Бар еді ептеп сыбап алар бір кісім,
енді соған тіреліп тұр күллі ісім.
Сені анада ренжітіп кетіп ем,
сонымды әлі сіңіре алмай жүрмісің?

Өкпе айтуым керек еді бір досқа,
бір тәтті әзіл қарыз едім құрдасқа.
Саған!
Саған айта алмаған сөзім бар –
достар, менің ғұмырымды созыңдар!

1978