Қартаң әйел қасы иілген тағадай
қимылыңды, бет-жүзіңді бағады-ай.
Есеп шоттың тасы жылпың,
тіл жұмсақ –
жарылқап тұр, жарылқап тұр жағалай.

Біреулерге күліп қойды қас қағып,
бәзбіреуге мұңын шаға бастады.
Біреуге – май,
біреуге – ет,
ал, маған
жауырынның шеміршегін тастады.

Шеміршекті былай қойсам – тоқтығым,
тағам да көп,
аспаздар да көп бүгін.
Таң қалдырды мені бірақ, –
сол әйел
қайдан білді дау-шарымның жоқтығын?!

Ұсақ жай ғой.
Мұны өлең демес те ек:
біздің тірлік асханада емес тек.
...Кей сыншының қисайғанда «шөміші»
сол бір әйел тұрады ылғи елестеп.

1978