Ат үстінен көтеріп, ауық-ауық жөтеліп,
мені өсірді қолда бар биігіне көтеріп.
Немерем деп ешкімге таныстырған жоқ еді ол,
түсірмеді биіктен, түсірмеді төбеден.
Атын атап шешемнің – биіктедім мен де көп,
үлкендермен тең өстім – кемпірлерді жеңге деп.
«Немере» деп бір күні кесті әлдекім үкімді,
бар бақытым осы бір жалғыз сөзге жұтылды.
Құладым мен биіктен,
Қорлық сездім мың түрлі
ер-тұрманын арқалап жаяу қалған сықылды
айдалада, елсізде;
қаңырап қалды көкірек,
Неге сенсем, мені егер келген болса не тіреп
күйреді сол бір күнде.
Жүрегімді жұлқып жеп
«Немере» атты сорлы сөз сорып жатты бүлкілдеп.
Қуыстандым қаралай,
Қуыс көңіл сезгіш-ақ:
Көңіл-жүректен емес,
тілден туған сөз құсап.
Жалғыз сөз боп жаңағы жан шарпыды мұң-ызғар,
Көк шалап боп тарады бойға шұбат, қымыздар.
Жалғыз сөзден ұққанда тіршіліктің бар құнын,
жалым менің жығылды жабысындай жарлының,
қайда қарасам да мен – көрер болды көзім мұң,
Көргенімнің бәрінен бір бөтендік сезіндім.
Нені ойлайын – бәрібір, шашылды кеп тары-үміт,
айналғандай тарыға жалғыз жүрек жарылып.
«Немере» атты бір сөзді бөлшектедім көп ой ғып,
Көп ойлаған сайын мен сезіндім бір өгейлік.
Қарттар кейін: «немере тәтті екен», –
деп жүрді айтып,
бірақ менің жанымды жылытпады бұл қайтып.
Немере деп атаса әлдекімді
мен үшін
жібереді аралық қашықтықты ұлғайтып:
Өгейлік пен бөтендік шыға ма деп арадан
Інім деген ағаға батпай талай қарағам.
Өз атымен әрнені атамаса бола ма, –
Осы күні немере іні де көп, көп аға.
Нұқ пайғамбар жасаса – симас едім кемеге,
елім кеме жасады – орын деген немене,
Каютам бар арнаулы – ұмтылмадым мен өле,
Кейде көңіл қалғанмен,
Сыз өткен жоқ денеме;
туысым көп немере,
достарым көп немере.
Әлдекімдер «немере» атағысы кеп мені,
қағып көрген қолының құдіретімен өтпелі,
күші бірақ жетпеді құлатуға бір ұрып,
алақанға айналды түйілген көп жұдырық.
Сүйді мені маңдайдан алтын шуақ, алтын Күн:
пейіл-нұры елімнің,
мейірімі халқымның.
Шүйірілме, еріндер,
ей, қабақтар, тыртыспа,
ішке тартып біреуді,
ал біреуді сырт ұстап
сырғақтаған тірлігің сынға түсті бұл тұста;
ант етемін нан тістеп, ант етемін бұлт ұстап,
тағдыр – шүберек емес түсетұғын жыртысқа.
Немере ұлы көкемнің – менмін, рас, анық бұл;
өгей ұлы емеспін бірақ мына халықтың.
«Немере» мен «өгейді» шатастырған күн өткен,
тілдің өзі – немере жүрек үшін, кеуде үшін,
Мен жүрекпен сөйлеймін...
бағалайтын сенбісің?!
1981