Қопарылып, қоймай ұрып қой-тасқа,
ала толқын, ойқасташы, ойқаста.
Жон-арқамды жалбыратшы, Қызыл күн,
жалаң аяқ табанымды сой, тастар.
Қалам-тұмсық тары-сөзді шоқып құр,
отырдым-ау, отырдым мен қоқып бір.
Саған, саған құмар едім тау маңы,
самал, самал, сұр жүзімді тотықтыр!
Жазған сөзге қойылатын көктемгі
ағаштарың секілді екен «леп белгі».
Көп ісіме «сұрау белгі» қойылған
соған сенен жауап табам деп келдім.
Ине-шаншу іліп түйреп өкпемді
көрпе қабып жүр ғой біреу, көп болды.
Жүз ауырып, мың ауырып көрген ем,
бір сауығып көрейінші деп келдім.
1970, 1982