Селтең, селтең жас бұта, селтең етіп
нені айтады күлкі етіп, ертек етіп?
Селтең етіп бұрымы бала қыздың
аулада жүр күшігін еркелетіп.

Күн кешкіріп кетті ғой,
табақ тасып
жарым жүр, бала біткен қабаттасып.
Қонақтарға жалтаңдап, мен отырмын
домбырамның пернесін қадап басып.

Күн кешкіріп кетті ғой,
мен ырғалып
Көкмойынға ұмтылам «омырғалы».
Көңіл үшін: болды ғой, қой демейді
қонақтарым тері-бас, темір-қарын.

Бұл жексенбі де өтті ме?
Әрине өтті,
жәй өтпеді, қарнымды қари кетті.
Жетпейді ғой басқа да,
басқа да емес,
жетпейтіні уақыттың зар илетті.

Кетер деген үміт қой, ойбай, түңіл,
ұл тауып па ек біз осы тойлайтұғын?!
Не жыны бар бүгінгі құрдастардың
ойнағанда қонақ боп «ойнайтұғын»?!

1970