Жанатұғын жан құсап бүгін бағың,
Қол ұсынсаң – ерінің діріл қағып,
аға боп мен бір ақыл айтады деп,
қарындас, келіп тұрсың жырыңды алып.
Жымиғаның жанымды жеп барады, –
самайымның жасырам ептеп ағын.
Жазғаныңа қараудан гөрі менің
жанарыңа қарағым кеп барады.
Ақыл айту оңай ғой, айтам әлі,
айта аламын, мен де ақыл айта аламын:
Ақыл қонса жырды жұрт қояр еді;
ақыл қонса сұлулар бай табады.
Ақылшы деп келдің-ау, тапқан-ақсың,
ебін тапсам жырыңды мақтамақпын.
Сол жағымда сайтан тұр сықылықтап,
періштем тұр оң жақта ақ қанатты.
Ишараты қымсыну, іркілудің –
именшектеу жүзіңе күлкі кірді.
Көз жанарың мөлт етіп төгілердей,
қағып қалсаң қаттырақ кірпігіңді.
Кемшілігі жырыңның байқалмас бұл:
періштемнің орынын сайтан басты...
Әй, шырағым, мен ақыл айта алмаспын,
әй, білмеймін, білмеймін... айта алмаспын.
1970