Қошалақ құмында

Кетіп жатты сары дала, кетіп жатты,
сұлы дәнін саршұнақ шекіп жатты.
Мына маңай не дейді-ай: қурай даусы
маңырағаны секілді жетім лақтың.

Бір қарайған қиянда қозғалады –
соған асық, жоқ жолшым, өзге амалың,
Мына дала не дейді-ай: желдің үні
саулы інгеннің секілді боздағаны.

Елестетті сары қияқ тісті кәрі,
сары, сары барлығы... пісті бәрі.
Мына маңай не дейді:.. әлдеқайда
мұрны құрт сары атан пысқырады.

Жатпа, қиял, маңайды арала, тұр,
жалқау аяқ соңыңнан барады ақыр.
Блокнот та сарғайды қалтамдағы,
ойдың өзі сарғайып бара жатыр.

Жалқау құмның жадына жасырынған
жадау ойдың жетіпті жасы мыңға.
...Керек екен бұл маңға
                                 бір жаңалық,
телеграф-бағандар, асығыңдар!..

1970