Бұталар арасымен аңдып, аңдап
жүр, міне, ақ самайлы таң қылаңдап.
Көргенім ақ әженің шашы болды
оңаша тротуармен қаңғығанда.

Жанымды темекі мен қайғы ыстаған
жарқ еткізді ақ аспан айна ұстаған.
Біреулер шертіп жүрген маңдайымнан
сипады еміреніп байғұс самал.

Аузында қара түйме-кілт қақпаның
неғылсын жүректе үміт-жылт жатқанын,
...Кенеттен ағараңдап ақ балтыры
Күн сұлу шықты кешіп бұлт батпағын.

1970