Дина «Алғашқы бақыт»
Дина алғаш сахнаға шыққанда 76 жаста еді.

«Ғасырлар пернесі»


Үн төгілді түрленіп – көк гауһардан кетті аумай,
Жарқындығы – күлкідей, мұңдылығы – жоқтаудай,
ащылығы – шындықтай, тәттілігі – шабыттай,
Жеңілдігі – көбіктей, ауырлығы – табыттай.

Үй өрепкіп өрттей боп жанды жағып жатты-ау бір,
бетке шарпып қан ойнап – әсеріндей мақтаудың, –
Жатып алды бес саусақ пернелерді жастанып,
Жаңа талап күйші отыр жетпіс алты жастағы.

Жетпіс алты дәурен-ай, жетпіс алты жыл өткен,
Жетпіс алты қасірет – жетпіс алты жүрекпен,
бастан өтіп бар қызық еңкеюге қалғанда,
толы ыдысын ғұмырдың төңкеруге қалғанда,
Өр тынысын өнердің «құдай» күндеп тұрғанда,
енді аттаса аяғым – құлаймын деп тұрғанда,
Келгені ғой шын уақыт тым кештетіп болса да,
кеуделіге бұл бақыт керек бопты-ау соншама,
бапты алмаса пернеңді – жаңылардай екен ғой –
ақтармаса шерді енді – жарылардай екен ғой –
таң боп күйші қарады мына залға – тың жұртқа,
көрген түсі ертеде айналғандай шындыққа.

Шымшып іліп сезімді, жүрегіңді түртіп жеп,
әр саусақтың астынан үн оянды бүлкілдеп.
Бейлі толған өмірді бір түлетті-ау, жарықтық,
кей жұқарған көңілді жыртып өтті-ау, жарықтық!

Түрленгені көп үннің – көк гауһардан кетті аумай,
төгілді-ау бір төгілді – беделдіні мақтаудай,
жарқындығы – күлкідей,
момындығы – тереңдей;
ауырлығы – жаладай,
сұлулығы – өлеңдей…


***


Бұл өлеңмен – отыз жастағы Жұмекен өз заманын дүр сілкіндірген. Өлеңде сөз — көк гауһардай түрленіп төгіліп, біз оның әр қырынан Жұмекен жүрегінің алуан түсті сәулесін көреміз: Ол — «жарқындық, мұңлылық, ащылық, тәттілік, ауырлық, жеңілдік және момындық пен сұлулық». Осынау қарама-қарсы ұғымдардың бәрі де Жұмекеннің жан сәулесінен көрінеді. Жарқындығы болса күлкідей, мұңлылығы жоқтау сияқты, ащылық шындық, тәттілік шабыт секілді. Ал жеңілдік ше? Көбіктен жеңіл не болар? Жұмекен ауырлықты «табытқа» балайды..Бір сәт үнсіз қаласың. Момындық — терең, сұлулық — өлең. Осы сегіз ұғым соншама қашықтықтан бір-біріне қарама-қарсы шарпысып келіп, көз алдыңда қалады. Жеңілі көңілдің бетінде қалқып, ауыры жүректің түбірне шөгеді. Біз бірінші шумақтың өзінде-ақ тосылдық. Түсінбегеннен емес, түйсінгеннен. Бұл өлең оқылуға қандай жеңіл болса, сезінуге сонша ауыр. Алдыңызда кесе. Ондағы су емес, шырын емес, қымыз да емес, бірден сіміре алмайсыз. Кеседе бал кілкиді. Қасықтап алып, таңдайға тіреп тамсана татасыз. Жұмекен жыры да солай — әр жолына үңіліп, әр шумағына кідіріп отырасыз.
Сөзді «Жұмекеннің бұл өлеңі» деп бастайтын себебіміз – сол кезде кітапқа назар аударған қаламгер тұстастарының дені жаңағы бірді-екілі шумаққа кідіретін. Оны айтасыз, сол тұста Зайсанда — Сауыр-Сайқанда, мектеп оқып жүрген бала Ұлықбек Есдәулеттің «Күй кітабын» қалай қабылдағанын қараңыз:


«Сонау алпыс жетінші жылы, жоғары сыныпта оқитын Аманбек дейтін немерелес ағам: «Біз естіп жүрген әрбір күйдің текстері, өлең-сөздері болады екен. Сондай қызық кітап шығыпты. «Күй кітабы» деп аталады, - деген соң қоярда-қоймай қолқалап сұрап алдым. Сол кітаптағы:
Келгені ғой шын уақыт тым кештетіп болса да,
кеуделіге бұл бақыт керек бопты-ау соншама,
бапты алмаса пернеңді – жаңылардай екен ғой –
ақтармаса шерді енді – жарылардай екен ғой –
деп келетін балаталаса бұзылмайтын ішкі-сыртқы ұйқасқа толы жолдарды:
Үн төгілді түрленіп – көк гауһардан кетті аумай,
Жарқындығы – күлкідей, мұңдылығы – жоқтаудай,
ащылығы – шындықтай, тәттілігі – шабыттай,
Жеңілдігі – көбіктей, ауырлығы – табыттай.
деп келетін тосын теңеулерді расында да мен қазақ күйлерінің сөзі екен деп қабылдаған едім», - дейді.


Негізі бала Ұлықбек дұрыс ойлаған. «Күй кітабындағы» өлеңдердің көбі күй сөзі. Оны күйдің тілін білетін және тілмен күй шалқытатын кісі жазған мәтін.
Жетпіс екі жаста жаңа талап жастарға ұқсап, сахнаға алғаш шыққан ұлы күйші, қазақтың тұңғыш күйші қызы – Дина апаның жетпіс алты дәурен, жетпіс алты қасірет, жетпіс алты мұңнан өткендей... Бар дәурені кетіп еңкеюге, ғұмырдың ыдысын төңкеруге жақын сәтінде жұрт алдына шығуы, жұрттың Динаны — арғы ғасырдың өнерін көруі шыныменде ерекше құбылыс болатын.


«Келгені ғой шын уақыт тым кештетіп болса да,
кеуделіге бұл бақыт керек бопты-ау соншама», - деген жолдар бас-аяғы түгел қиыса ұйқасқа түсіп, қоңыраутып тұр.
«Шымшып іліп сезімді, жүрегіңді түртіп жеп,
әр саусақтың астынан үн оянды бүлкілдеп», - дегенде күйші пернені емес білегіңдегі тамырды басқан сияқты әсер етеді.


Күйшінің саусағы жұқа перденің сыртынан келіп, қан жүгірткен жүрек үнін аулайтын сияқты. Қос ішекті бойлай жүйткіген жаңағы саусақтар әр пернеден ілген үн үйлесімімен құдіреттің дауысын салып тұрған секілді.
 

«Бейлі толған өмірді бір түлетті-ау, жарықтық,
кей жұқарған көңілді жыртып өтті-ау, жарықтық!
Түрленгені көп үннің – көк гауһардан кетті аумай,
төгілді-ау бір төгілді – беделдіні мақтаудай,
жарқындығы – күлкідей,
момындығы – тереңдей;
ауырлығы – жаладай,
сұлулығы – өлеңдей...»


Жұмекеннің тағы бір қасиеті – осыншама көркем өнерді, суретті салып отырып, осыншама қимыл құбылысты өлеңге айналдырып отырып, соның бәрін сұлу сөзге қондыра отырып, заманына бір қайрылып, сөз жебесін тартып өтетіні. Бұл қасиеті барлық өлеңінен де байқалады, әсіресе қарсылықты ойлағанын осылай береді. Қазақта "Қарағайға қарсы біткен бұтақ" деген сөз бар. Сол қарсы біткен бұтақтай басқаша көрініс жасап, көз тартып тұрады.
«Төгілді-ау бір төгілді – беделдіні мақтаудай». Беделдіні мақтау - сол заманның да бүгіннің де балталаса кетпес кесірлі міні. Ал, жала ше? Ұлттың жартысын жойған жала - бодандық шақта екпін алған батпан қасірет. Жыр соңын ақын өлеңді сұлулықтың шыңына шығарып тоқтайды. Тапқырлығына тәнті боласыз. Күйдің де, күйшінің де, бәрінің сұлулығын осы сұлу өлеңіне сыйғызғанына көңілі өскен сияқты.
Біз түйдек-түйдек болып түйіліп, төгіліп түсетін жұмекен жырды түсініп қана емес, түйсініп те оқуға, қаға беріс қалтарыстарын қалдырмай қадағалап, қадалып оқуға құлшынамыз. Бізге қосылып оқысаңыз сіз де сөйтесіз. Алда 74 өлең бар. «Вairaq.kz» порталын бақылып отырыңыз.