АХМЕТ ЖҰБАНОВ
«Дирижер»


Пультте тұр, ойы жалқын, даңқы лаулап
Жайы жоқ күйдің кәзір аңқымауға.
Шаш жатыр шалқасынан,
батып-шығып
Басына кеткен білем толқын аунап.

Саусағы шыққан кезде биік қалқып,
Кей үнді бір пернеге түйіп, сарқып.
Дүниенің тарқатылған барлық жібін,
Тұрғандай екі қолға жиып тартып.

Жөнелер әдемі үндер күліп тұрып,
Таяқша жібергенде тіліп-тіліп,
Дирижер үбектейді пәре-пәре
Әлденені тігердей біріктіріп,
Әлденені түтердей түбіт қылып.

Сотқар күй кеткен кезде шекені ұрып,
Жатқан шаш бірте-бірте көтеріліп:
Пультте тұрады Ахаң дәл осылай
барлығын құдай құсап жеке біліп.


Бар-жоғы төрт-ақ шумақ. Өлең жодары тұтастай кейіптеу мен теңеу. Төрт шумақта дирижердің барлық болмысы — қимыл -әрекеті, шалқыған дауыс, құйын соқтыра құбылған қозғалыс санаңда сызылады. Бір сәтте ауаға үркіп шыққан үйірлі үнді жасқап қайырған дирижер таяғы, дауыстан жел аңқытқан саз шоғыры көз алдыңа келеді.


«Дирижер үбектейді пәре-пәре
Әлденені тігердей біріктіріп,
Әлденені түтердей түбіт қылып»,


- бұл дегеніңіз сөзбен бейне жасау. Онда да қанық түсті қазақы бояумен сызылған текеметке басқандай, кілем түріндей қимыл қозғалыс — ұлттық өнер.


Жөнелер әдемі үндер күліп тұрып,
Таяқша жібергенде тіліп-тіліп,
Саусағы шыққан кезде биік қалқып,
Кей үнді бір пернеге түйіп, сарқып.


- Өлең жолдарын бойлай үн тарайды. «әдемі үндер күліп тұрып» тарайды. Дирижердің «саусағына» ілесе, іліне қалықтаған үн елесі көзіңе шалынғандай. Ол ашқан әрбір құшақтың, ол сермеген әрбір құлаштың дауыс қармағанын, ауадан әуен аулағанын аңғарасың. Егер күй дауысы да теңіз сияқты толқыса, жел сияқты шалқыса, өзен сияқты сарқыраса соның бәрі адам санасында — ақын шабытында болған жарылыс екеніне үңілген оң. Шынында да сонша дыбыс дирижер Ахмет Жұбановтың үстінен аунап өткендей, асау толқындардың ізі қалғандай «батып — шығып» тұрған шашын қараңыз.

Әрбір орындаушының білезігінен немесе, перне басқан саусақ ұшынан дирижердің таяғына дейінгі кеңістікте өрмекші жіп тартқандай көмескі бір байланыс барын аңдайсың. Әр саусақ пен әр білезікті, әрбір музыканттың – домбыраның немесе қобызшының саусақ көбесін пернеге дирижер қадап тұрғандай көресің.

Егер өнер залында отырып, дирижер қимылын сыртынан бағып көрген кісі болсаңыз, оның қайталанбас, біртұтас картиналар тізбегін Жұмекен өлеңінен - сөз суретінен қайталап оймен көресіз. Әуен үйлесімін әрлейтін адам қимылын осынша суреттеу дегеніңіз оны тым тылсым сезіну таланты және сөз бяуындағы шегі жоқ шеберлік.

Жұмекеннің «Кішкентай» деген поэмаға бергісіз өлеңі бар. Сол өлеңінде өзін «Күйшімін, баға амдалмаған» дейді. Егер ақын Жұмекен консерваторияда төрт жыл оқып, Жұбановтардан сабақ алмаса, оның тумысында бекзат домбырашылық, күйшілік болмаса дрежер мен оркестрдің болмысын өлең сөзде бұлай аша алар ма еді?! Бұл –өз заманындағы, өз қатарындағы ақын кісілердің ішінде тек Жұмекенге ғана тән құбылыс. Өз заманындағы деймін-ау, бүкіл қазақ ақындарының тарихында әуенді — домбыра дауысын, дирижер қимылын сөзге әкеліп бұлайша көгендеген Жұмекен ғана.

Жалпы поэзияда, оның ішінде бідің әдебиетте бір тақырыпқа мыңдаған өлең жазылады. Мәселен: Алматы туралы, ана туралы тағы сондай тақырыптарды айтам. Ал «дирижер» деген өлең бұл тақырыптағы жалғыз туынды, баламасы жоқ. Оны жазған автор да баламасы жоқ ақын, ол — Жұмекен Нәжмеден.

Біз бұл өлеңді әдейі, дара талдап өткенді жөн көрдік. Себебі: әлгінде айтқанымыздай бұл туынды бүкіл қазақ поэзиясында осы тақырыпқа жазылған бір-ақ өлең дерлік. “Дирижер” өлеңі туралы жалғыз ғана оның ұстазы – Құбыш Мұхитов разылықпен еске алыпты.


«Жұмекеннің музыка саласында да ой-өрісінің жоғарылығын, күй өнерін бес саусақтай сезінетінін, білетінін көрсетеді. Жұмекеннің бұл еңбегін домбыра мамандарының, музыка зерттеушілерінің қолынан түспейтін оқу құралы деп есептеймін. Бұл еңбектің тағы бір құндылығы - академик Ахмет Жұбановтың дирижерлік өнерін, дирижерлік сезімін, оркестрді басқарып тұрған бейнесін көз алдымызға елестетеді, өте сезімталдықпен алдымызға жайып тастайды».