ЛУМУМБАНЫҢ ӨЛІМІ
Кеудемді кек болып тіреген
Сол өлім жәйлі бұл тірі өлең.
Сен-дағы бір үлкен жүрек ең,
Африка, түрегел!

Құлама, туған жер емені,
Жылама батырдың, ер елі.
Дүние бәрін де береді
Тек оған қайсарлық – керегі!..

Дүрсілін тоқтатқан жүректің
Сен бе едің, қара түн, түнек түн.
Алыпты атқанда бір ептің
Сен нағып шошыдың, дір еттің?!

Әр үміт ұмтылды, талпынды,
Қорғауға батырды, даңқыңды.
Дірілде, топырақ толқынды,
Кеудеңе дірілдеп қан тұнды.

Қан тұнды баланы жетім ғып,
Ананы жесір ғып.
Адамға қылды адам кесірлік –
Не сұмдық!

Әр тамыр сықылды, әр адам
Тірліктің бойына тараған,
Ақ адам атуға жараған,
Ақ ниет ойлапты қара адам.

Сол үшін... сол үшін атты оны
Әлдекім «әттеңі».
Жаңқалап шапты оны – қатты еді!
Осылай Лумумба жатты өлі…


Кек кернеген өлең, өлім жайлы тірі өлең. Әр сөйлемі, әр жолы сұрапыл соққыға — кек соққысына толы. Өртке тиген дауылдай үйіріп соққан шумақтар. Үйіріліп соққан демекші: Осыншама шемен болып кеудеге қатқан кек туралы сол жылдары жас Жұмекен жазған тағы бір өлең ойымыздың өзегіне келді:


Ел басына төнді бір бұлт
Дауыл, ішін тартса да ұлып.
Жұтам дейді елді қылғып
«Екі басты қарт самұрық...»
Батыр өзін кінәлаған,
Сол кінәсін көтерді кек.
«Бұл табиғат мына маған
Берген екен бекер жүрек!

Жұдырықтай түйілді ауыл,
Түйілді кек шемен болып.
Көтерілді құйын-дауыл,
Көтерілді ел өлең болып.
Аттанды өзі кек пен ыза,
Неге керек «аттандамақ»,
Шыға берді көптен ұзап
Манағы бір ақтаңдақ ат.


Құрманғазының «Cарыарқа» күйіне арнаған Жұмекен өлеңі ғой. Ақынның «Күй кітабы» туралы мақаламызда бұл өлеңді сөз еткенбіз. Соншама «шемен болып қатқан, ашу кернеген қандай кек?» дегенге дәйек сөз үшін алдық. «Екі басты самұрық еліңді жұтам» деп баса көктеп, жеріңе келсе «кек пен ыза қысып» қарсы атылмақ парыз. Жарыла жаздап, жалын бүрккен бір кеудеден «кек тіреген» өлең бірінен соң бірі бұрқырап атылады. Біз «кеудені кек болып тіреген» алғашқы өлеңге - «Лумумбаның өлеңіне» қайта оралайық.


Сен-дағы бір үлкен жүрек ең,
Африка, түрегел!

Алыпты атқанда бір ептің
Сен нағып шошыдың, дір еттің?!

Дірілде, топырақ толқынды,
Кеудеңе дірілдеп қан тұнды.

Қан тұнды баланы жетім ғып,
Ананы жесір ғып.
Адамға қылды адам кесірлік –
Не сұмдық!


Байқасаңыз өлеңде ақын алып құрлықпен — «Үлкен жүрек» пішінді Африкамен бетпе-бет келіп, оның иығынан жұлқып тұрып сөйлейді. Өлең жолдарының 9 буынды болғаны да өлеңнің ішкі ырғағына ерекше екпін береді. Сөйте тұра өлеңнің кей жолын 6 буын, 3 буыннан да қайырғанын көріп отырсыз, Тоғыз буынға толтырам деп, кезекші — артық сөз қоспайды. Бұл - ақын шабытының ішкі екпіні. Бұндай қысқа жолдарды шауып бара жатқан аттың ордан орғыған тұсын оның дүбірінен құлағыңмен аңдағандай сезіп түйсінесің.


Сол үшін... сол үшін атты оны
Әлдекім «әттеңі».
Жаңқалап шапты оны – қатты еді!
Осылай Лумумба жатты өлі…


Тұлабойыңды тітіркенте түскен жолдар. Нені «шапты», Балта жүзін ұшырғандай не «қатты еді»? Қатты еді деп қайсарлықты, еркіндікке шөлдеген сынбас рухты меңзеген сияқты. Елінің еркіндігі үшін күрескен ерік-жігер ғой ол, балталаса да, жаңқаласа да үзілмей жатқан. Біз де сөйттік — біздің халық та милиондап қырғанда, жүз мыңдап атқанда, ұлт ретінде ату жазасына кескенде жаңқалаған емендей жіңішкерді-ау, бірақ үзіліп кеткен жоқ.


Ақ, шел жапқан жанардай түк көрмейді ақ аспан,
Түк көрмейді ақ аспан – тағдыр да сол о бастан...
Жаңқа құсап жонғанда борап ұшар ағаштан
қиыршық қар борайды;
ақ толқынды ат, ұлып,
Ақжайық пен ақ аспан, бір-біріңді сапырып –
Ақ-боз мініп шықты, әне, жалғыз батыр ақырып:
ақыртып бір жырласаң, міне, саған тақырып!
...
қасіреттің қасқыры әлдеқайда жатты ұлып.
Ақ текемет бетіне қызыл қаннан қақ тұрып,
дір-дір етіп ұйыды;
әй, дәурен-ай, өтпелі
ең болмаса бір баста тұра тұрсаң көп пе еді –


Бұл өлеңде де «Балталап жаңқалап шауып, дірілдетіп қан ұйытып» төпелей түскен теңеу, кейіптеулер Лумунбаға арнаған өлеңдегі сияқты. Негізі бұл — ақынның одан ширек ғасыр кейін жазылған мың жолдық — «Жаңғырық» дастанында болатын. Дастанды оқысаң мына өлеңдегі кектің мың еселенгенін көресің. Біз ол «Жаңғырық» дастаны туралы кесек мақаламызды 100 өлеңнің соңына тиянақ сияқты қоямыз. Лумунбаға келейік:


Әр тамыр сықылды, әр адам
Тірліктің бойына тараған,
Ақ адам атуға жараған,
Ақ ниет ойлапты қара адам.


Біздің байқауымызша осы өлеңде Жұмекен алғаш рет жұқа астармен сөйлейді. «Ақ адам атуға жараған, Ақ ниет ойлапты қара адам».


Ақ пен қараның айқасы. Әлде, ақ бояулы қара ниет пен қара түсті ақ ниеттің айқасы. Тіпті одан да ашық кетіп тұр: Ақ адам жендет, ал қара адам адал. Жұмекеннің жеріне зұлмат әкелген қандай адамдар? Ол жасаған ортада «ақ адам» кім, «қара адам» кім? Өлеңдегі осы шумақта ақын қандай батыл қадамға барғанын қараңыз. Жұмекен ақынның сонау 1961 жылы жазған алғашқы жинағы «Балаусадағы» өлеңі екенін ойлаңыз. Ақ адамды мұнша ашық айыптайтын өлеңін жазғанда ақын жиырма бесте ғана еді.
Сырттай сипаттағанда бұл — өлім жайлы тірі өлең: өлім мен ерліктің, өлім мен өлеңнің қарама-қарсы шапқан — адалдық пен арамдықтың шарпысқан бейнесі. Сол замандағы цезураның көз алдыңа солай беткі қабатымен ғана елестеді. Әрі қарай бүкіл Африка жүрек секілді дірілдеп, жүрек сынды сескенгенін, тітіркенгені ғана көрінді.
Өлеңнің беткі бұл ақынның сөз бояуымен салған көркем суретіне бір қарағанда көргеніңіз. Картина алдында сәл кідіріңіз. Үңіліңіз, ол тереңіне тартады. Ол ойдың астарына апарады.


Құлама, туған жер емені,
Жылама батырдың, ер елі.
Дүние бәрін де береді
Тек оған қайсарлық – керегі!..


Кімге айтып тұр деп ойлайсыз?! Бұл сөзді ақын өз туған жеріне, қазақ еліне арнап айтса ше? Біз айдалада — Африкада аттан құлаған сол елдің ұлт батырын ашына айта отырып, дәл сондай тағдыр кешкен өз көсемдерімізді — атылып-шабылған арыстарымызды еске алып, өлеңді қайтадан оқысақ ше. Ақын сөйтеді.


Жұмекен «Тор», «Жаңғырық» сияқты ірі поэмаларына келер жолда өзі көрген теңсіздік пен отарлауға қарсы өлеңдерін осындай астармен жазды. Жазған сайын ішкі қарсылығы өршіп, ашына түсті, ашыла түсті.


«Еске алу»
«Сталинград деп күнде
Жырлап еді-ау Неруда.
Сонда желдің өтінде
тұрған еді-ау Неруда.

Көкірек қой бұл ғасыр,
көкірегін көр міне:
ұлы ақынның тұлғасын
кіші санап кергіді.

Чили деп жыр арнадық,
жыр парағы жатыр мың.
Ара түсе алмадық
ажалына ақынның.

Жанарыма жас тайып,
жүрегім құр сыздады...
Тұрмыз бірақ қасқайып
жел өтінде біз-дағы», —


Бұл «Сталинградты жырлаған ақынның қайғылы тағдыры». Ол - ақын жүрегінен өтіп, оның өлеңінен өтіп, оқырман көңіліне күдік келтіруі керек еді. Ол — жел өтінде тұрған Нерудаға тірлік - опасыз тірлік. Біздің ақын да Сталинградты жырлап, жел өтінде шаһарды қорғап тұр. «Тұрмыз бірақ қасқайып, жел өтінде біз дағы». Бар салмақ осы сөзде. Өлең солай аяқтайды. Жүрегі сыздаған ақынның «бірақ біз дағы» дегені (осындағы «біз» ұғымы) оның елі, ұлты екені түп-түсінікті емес пе, солай ғой?


«Чили деп жыр арнадық, жыр парағы жатыр мың». Жалпы «Чили» тақырыбы ақынның тұспалдап тартуға, ауыр ойларын алып, цензураны айналып өтуіне мүмкіндік берген тақырып. 60-жылдардағы «Лумумбаның өлімінен» тартып 70-жылдардың соңындағы «Чили» тақырыбына дейінгі аралықта ақын ондаған өлеңінде астарлап, тұспалдап, алысқа сөйлеп отырып, Өз топырағында, өз басында, өзі жасаған уақытта болып жатқан отарлауды — оның қанқұйлы екі жүзді кеспірін әшкерелеп, жұрт көңілінде кеуіп қалған ұлттық арман-мұраттың тамырына су тамызып көктетуге, көмескі кектің өзегіне у тамызып көтеруге талпынған.
 

Жер бетіне бүкіл адам еккенін
«Егін!» дейді – бұл ғажайып неткен үн!
Сары бауырдай топырағына өлкемнің
Батырыпты әр заман өз кетпенін.

Кетпен, Кетпен, тозды маркаң, тай алыс,
Кетпен ісі өнімсіз іс – баяғы іс.
Трактордың табанына тапталды
Кетпен, Кетпен, саған деген аяныш!..

Осы жермен бабам көшкен, құм көшкен,
Көшкен құмға үміт, арман мінгескен.
Құм шөккенде бірге шөккен көп кеуде,
Көп тіршілік үмітімен бірге өшкен.

Ей көк аспан, жердің даңқын паналат!
Сөйлемейді жүрек жаңсақ, жан ағат:
Тойымсыздық жасап жатса бақытты,
Неге керек, неге керек қанағат!


Бұл да ақынның жас шағында-ақ жазған «Егін» деген өлеңі. Науқандатып тұтас Кеңестік отан туралы сөйлеп, тың игеріп жатқанда «Жүрек жаңсақ жан ағат сөйлемейді», «жерге шөккен кеудемді, үмітіммен бірге өшкен тіршілігімді» «тойымсыз, қанағатсыз жалған бақыт саудалаушылар» - отаршылдар «трактордың табанымен таптады».деп Жұмекеннен басқа кім айта алды. Жоқ, ешкім айта алған жоқ. Айтқанды қойып сезген де жоқ, ойлай да алған жоқ. Сол тұстағы Жұмекенге аға буын болып жүргендердің өзі «Комунис проспект менің көшем, қол бұлғап тұр төрінде Ленин көсем» деп өлең жазып, кеудесін соққылап жүрген.


ХУНТА
«Елім-ай деп есуас та айтады,
халқым-ай деп қарақшы да айтады.
Тыныш жатқан тау мен дала байтағы –
Чили жері, кегің қашан қайтады?

Әрбір баста – басқа қайғы, басқа мұң –
ұмтылып қал, ойлайтындар бас қамын.
Баспалдақтар бір көтеріп тастады
тағы да бір, тағы да бір қасқаны...


Зұлым айтса ар деген сөз өтірік!
Өтірікпен бірікпе, өлең, кет іріп.
Халық атынан ту көтерген – не тірлік,
сол халыққа қиянат қып отырып?!»


Бұндай астарлы өлеңді түйсіну үшін жеңіл жамылғысын алып тастасаңыз ғана болғаны. Оп-оңай ұғасыз. Дәл осы өлеңде бір сөзін ғана өзгертіңізші — Чили дегенді. Сол сөзді «қазақ» деп оқыңыз. Қане өлеңге қайта қараңыз. «Қазақ жері, кегің қашан қайтады», ары қарай...
Астарлау — Жұмекен жырының негізгі ерекшеліктерінің бірі. Әсіресе, еркіндік үшін күрескен ұлттар туралы айтқанда сөзіне жан кіріп, желпіне түсіп, жеріне жеткізе, жүрегіңді толқыта тартады. Астардың көкесі «Тор» өлеңінде. Ал «Жаңғырық» дастанында астарсыз ашық кетеді — шынып, ашылып, ақырып айтады.
«Жұмекеннен жүз өлең» мәреге жақын.