Әркімнің бар күйге арнар бір-бір кеші,
Бас – киіз үй,
құлақ қып тұрды іргесін:
күмбірлеші, домбырам, күмбірлеші,
жел ғылып қуанышымды елге жай да,
қасіретімді ешкімге білдірмеші –
күмбірлеші, домбырам, күмбірлеші!
Ақ шыңыма қоңыр бұлт жаңа асылды,
қоңыр кешке қоңыр бұлт жарасымды.
Саусақтарым пернені жатыр сорып,
шырын сорған гүлдерден ара сынды.
Өтті, кетті Күн күлген манағы сәт,
ақ шыңыма бұлт қонды жала құсап.
Әр пернеге қадалды саусақтарым,
гүлге дір-дір қадалған ара құсап.
Бір қылығым әйтеуір ұнамаған,
әйтеуір бір сып-бес жан мына маған
жала жапты, –
сен түсін көңіл құлқын –
сол ғой әппақ шыңдағы қоңыр бұлтым.
Далам ашық, жан едім, тауым анық,
сол тауымды қоңыр бұлт тауып алып
ауық-ауық қонады,
көлеңкесі
қабағыма түседі ауық-ауық.
Жала екенін сезеді жау да осының,
баяғы сол пәнденін әуресі бұл.
Пәнделікке бармайды көңілім көп,
мен емес-ау,
күн кешті ел мені күндеп.
Шын халіңді түсінер қайда ағайын,
сен болмасаң, домбырам, айналайын!
Саған айтам сондықтан сырымды бар.
қалған жұрттың көбі қу-жырындылар.
Ымырт та – мұң,
ой да – мұң,
екеуінің
сенің үнің, тым құрса, бірін қуар.
Күмбірлеші, домбырам, күмбірлеші,
Бас – киіз үй,
құлақ қып түрді іргесін.
Қуанышымды жел ғылып елге жайшы,
қасіретімді ешкімге білдірмеші.


Ақынның соңғы шығармаларына жататын «Домбырам саған айтам» деген өлеңінен. Өлеңдегі көркемдікті талдау дәстүрі жөн шығар. Бірақ біз әр өлеңдегі көркемдік жайлі сөзімізде тіл сұлулығын жарыстыра қайталағаннан гөрі оның тақырыптық сипатына, ақын ойының ою зеріне үңілген жөн деп білдік. Жұмекенге ойша серік болған домбыраның өзі өлеңде бірде дала, бірде өзен, бірде ақынның жүрегін тиек еткен көкірек шанағы, бірде бүкіл тұлғасы, бірде тау, бірде бұлақ боп жүретін. Дәл осы жерде домбыраға жанасқан сезім қазақтың кигіз үйі сияқты іргесін түреді. Күйшінің перне басқан саусағы гүлге қонған, балға қонған ара сияқты соқылдайды, дірілдейді.
«Далам ашық, жан едім, тауым анық», - деп өзі айтқан тауына бұлт қонады. Сол бұлттың көбең көлеңкесі күйшінің, ақынның қабағына түседі. Әзелде ақын маңдайы бұлт көлеңкесі көшердей кеңдікте сияқты. Дала төсіндей қатпарлы қалың маңдай бейнеге келеді. «Қабағында көлеңке бар» дейтін сөз болушы еді ғой. Өлеңнің қабағында да көлеңке бар.


«Ымырт та – мұң,
ой да – мұң».


Ойдың ымырты түсіп, ақынның домбырамен сырласып отырған сәті. Екі мұңның бірін соған - домбыраға сүйеп, жеңілдеп, қос мұңлық болып домбырасымен мұңдасып отырған сәті.
Біз кейде Жұмекеннің өлеңдерін оқығанда күй тыңдап отырған, домбыра тыңдап отырған кісі сияқты сезінеміз. Сөз әуенге айналып, дыбысқа айналып, ырғаққа айналып, тауға соғылып, бұлтқа араласып кетіп жатқан сияқты сезіледі. Күйге құлақ қойған жан сияқты сезімге кенелеміз. Ал шынымен күй тыңдағанда ше:


«Көзіңіз көрген, қолыңыз ұстаған түк те жоқ. Сіз әсер ғана алдыңыз, үлкен әсер. Күй не айтты соншалықты?! Жалпы, күймен бір нәрсе айтуға бола ма? Әсерді үн түгіл сөзбен айту қиын ғой. Өте қиын. Бірақ бұл болмайды деген сөз емес». (Жұмекеннің өз сөзі)


Жұмекен осы күймен айтылатын әсерді күймен жарысып отырып сөзбен айтады. Бұл тұста сіз тек тылсым әсермен ғана емес, оған қоса саналы пайымға да ой жеткізесіз.
Жұмекен ақынның дара қасиетінің бірі: ол - Домбырамен жиі сырласатыны. Көп өлеңдерін жазып отырғанда санасында домбыра үні мен жыр шабыты қатар жүретіні. Бір өлеңін «домбыраның ішегі мен пернесі» деп бастаса, тағы бір өлеңін «бір күй шертем деп едім шерте алмадым» деп бастайды.
Бір өлеңін «домбыраңның құлағы тұрғаны жөн бұраулы» деп аяқтаса, тағы бір өлеңін «шертсем екен мен саған қай күйімді, бассам екен әуелі қай пернені» деп аяқтайды. Сөйтіп Жұмекен бүкіл өлеңдерін жазғанда оның санасында домбыра сарнап тұрғандай сезіледі бізге.


“Бір кезде күй болды ма,
жыр болды ма,
Әйтеуір көз саласың бірден бұған:
көненің көзі құсап күңгірттеніп
ілулі бір бұрышта тұр домбыра.

Отырдым біраз байқап қарап, ойлап:
Қақпағын жонған екен қарағайдан.
Бауына қара шашақ тағып біреу,
қойыпты құлағына қара байлап”


«Домбыра туралы балладасы» осылай басталады. 30 жыл бойы адам ұстамаған, қолға алынбаған қаралы домбыра туралы сай-сүйегіңді сырқыратар уақиғалы өлең. Оқысаң көпке дейін көңіліңді толқытып, ойыңнан шықпай жүреді. Оқыңыз.


«Төкші, төкші, домбыра, қоңыр үнді,
бір тазартып алайын көңілімді.
Жалаңаштап жанымды көрейінші
Жетпей жатқан жерімді, не мінімді;
төкші, төкші, домбыра, қоңыр үнді.
Жалаңаштап көрейін бәрін, бәрін,

қанша менің, байқайын, халім барын.
Өңменімді өзімнің тексермеп ем
өлеңімнің мінінен арылғалы,
көрейінші тәптіштеп бәрін, бәрін.

Төкші, төкші, домбыра, қоңыр үңді,
Жеңісімді, көрейін не мінімді.
Қандай, қандай дыбыстар шығар екен –
бір балқытып көрейін көңілімді».


***


Домбыра Жұмекеннің жан жолдасы болғаны анық. Ақынның көкірегін желдетіп, жанын желпінтіп отыратын ең сенімді, қуатты серігі домбыра болғанын осынау өлеңдерінен байқаймыз. Домбыра оның жанын жаңартып, ойларын өлшеп, таразылап отыратын керемет әділ, адал сырласы болғанын көреміз.
Мынау «Төкші, төкші домбыраның» біз талдауға таңдаған үш шумағы ғана. 1970 жылы ақынның 35 жасында жазылған өлең. Сол кездің өзінде Жұмекен: «өлеңімнің мінінен арылғалы» депті. Өзінің өлеңінің мінсіз екеніне сенген, оған көзі жеткен шағы. Әбіш Кекілбаевтың өзі де айтады ғой, «Осыншама шығармада бір фалыс жоқ», - деп. Жұмекен - бір фалыс жібермей жазуға ант еткен және соған қарымы жеткен кісі болып тұр ғой. Біз Жұмекен ақынның өлеңде бір мін жібермеуге қабілеті, дарыны, өлшемі жететінін білген және өзіне өзі қатал редактор болғанын білеміз. Әр рет жазғанда, әр рет шабыттанғанда, әр рет өлең ойлағанда, бүкіл дүниені өлеңмен ойлағанда ол домбырамен жаңарып кеп отыратын сияқтанады.
Жалпы, Жұмекен шығармашылығында домбыра тақырыбы – өлеңдерінің биік шыңдарының бірі ғана емес, бір шоғыры. Егер ол керемет нулы қойнау болса, домбыра жырлары оның ең бір әсем, көркем гүлдесте беткейі. Домбыраға арнаған өлеңдері Жұмекен жырларының жауһар тұстары. Жұмекеннің жырдағы домбырасы «Әркімде бар күйге арнар бір-бір кеші» деп өзі айтқандағы, сол «кештердің» ешқайсысына да ұқсамайтын «кеш», ұқсамайтын құбылыс. Себебі: Жұмекен домбырашы.
Жұмекен – сөз жоқ қазақтың маңдайына біткен дара ақын. Ал осы ақын боп биік деңгейге танылғанға дейін Жұмекен Құрманғазы атындағы консерваторияның «Халық аспаптары» факультетіне түсіп, ондағы домбыра кафедрасын оқыған. Дәл 4-ші курсқа келгенде сырқаттанып, бір жыл бойы сабаққа қатыса алмай қалған. Сөйтіп консерваторияны бітіре алмай кеткен түлек екенін біреу білсе, біреу білмес. Сондықтан да Жұмекеннің кез келген шығармашылық сәтінде домбыра оның қиялын асқақтататын қанаты, сырласатын серігі, жанын тазартатын таразысы болғаны оның ақындық қырының өзгеде жоқ, жалғыз онда ғана бар тұсы.