Жалындап барды да батты күн,
Оның да уақыты болып қап.
Жүйрік жел баса алмай аптығын
Бұтаға сүйенді солықтап.

Жапырақ дір етіп басылды,
Қалың қау қалды ұйып – жабағы.
Бояулар қызылды-жасылды
Аспанда дыбыссыз ағады.

Жабырқап ой ерте, дөң ерте,
Ұзын бел баурынан жарады.
Сайлардан қаптаған көлеңке
Тауларды қусырып барады.

Бір ымырт пердесін түсіріп,
Мүлгіді, мызғыды кәрі ағаш.
Ақ бұлақ көрпесін ысырып
Көк тасқа ұйықтады жалаңаш..


Өлеңдегі ең биік мұрат, ең биік белгі – оның сұлулығы, көркемдігі, тілі, теңеулері. Жұмекен туралы сөйлегенде біз бұл тіркестерді жиі қайталаймыз. Сол сұлулық қана өлеңнің шын өлең екенінің белгісі.
Біз «Жұмекеннен жүз өлең» жобасының бастапқы бөлігін оның шастық шағын, өлеңге келу барысын байқатқандай көркемдік ойлау құбылысын көрсететіндей дәйектермен әдейі әрлеп отырмыз.


Жалындап барды да батты күн
Оның да уақыты болып қап.
Жүйрік жел баса алмай аптығын,
Бұтаға сүйенді солықтап.


Дәл осы өлеңді бұдан жиырма жыл бұрын Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы театрдың залында, Жұмекенге арналған кезекті бір кеште Зейнолла Қабдолов оқып тұрды. Аудиторияны меңгерудің асқан шебері Зейнолла аға қолын сермеп сөйлеп тұр. Жаңағы күннің батқанын асықпай, тармақтарға бөліп, нығыздап оқи кеп:


...Жүйрік жел баса алмай аптығын,
Бұтаға сүйенді солықтап,


- деп тоқтады. Қолын бұтаға сүйеп тұрған секілді, өзі сүйеніп тұрған сияқты. Егер жаңағы жел жүгіріп келе жатып, уақыты біткенде тоқтай қалу керек болса, әрине, жүгірген кісі сияқты өкпесі солықтап тұрар еді. Сол солықтап тұрған өкпесінің қимылын, тыныс алған тұсын ақын қиялы бұтаның қозғалысынан байқайды. Осы шумақты оқып тоқтағанда қолын әлі де бір нәрсеге сүйегендей толқыта ұстап тұрған Зейнолла Қабдолов:


- Мұндай көркем ойды, мұндай өлеңді «есі дұрыс» адам жаза ма? – деп залға қайыра сұрау тастады. Зал дүр етті. Иә, осы жердегі «есі дұрыс» деген ұғымды Зекең өте ұтымды пайдаланды. Шешен тілді Ұстаз, поэзиядағы сұлулықты ақындардың көзімен бірге көретін Зекең осы өлеңнің төрт шумағын талдағанда айрықша көсіліп еді.

Көз алдындағы тірі құбылысты жәй кісі көзімен көреді. Егер оның иесі түйсіну жағынан қарапайым адамнан әлдеқайда басқаша, жүз есе, тіпті, мың есе артық болса, бейнені қиялмен көре алатын адам болса, ол жүгіріп бара жатқан желді көріп, алуан сұлбада кейіптер еді.
Бізде «Жылқы желден жаралған» деген сөз бар ғой. Мүмкін желдің жүгіргенін ақынның көзі шынымен де көрген шығар?
Жұмекеннің көз алдында жел екеш желдің өзі жүгіріп келіп бұтаға сүйене тоқтайды. Күннің уақыты бітіп батқан соң желдің де қозғалыс уақыты біткен сықылды. Бұтаның қимылдары көрінбейтін жағдайда жел де көзден ғайып болар ма еді?! Мұндай кейіпте көру “есі басқаша” адамға тән жағдай. Байқағаныңыздай, осыншама қимылды - табиғаттың екінті мен ақшамының арасындағы уақыт қозғалыс - Жұмекеннің төрт шумағында картинаға айналып, тілге қонып, тізіліп өтеді.
Біз Әбіш Кекілбаевты айтсақ та, Зейнолла Қабдоловты айтсақ та, бұлар үнемі Жұмекеннің ең бастапқы өлеңдеріне тоқталады. Неге? Жұмекен сонша көркем ойлауымен, сонша көркем сөйлеуімен (поэзия), соншама бейнені тілге түсірумен, тілдің бояуын шашуымен сонау жастық шағының өзінде-ақ оларды - айналасын таң қалдырған.
Өлеңді оқығанда қаншама бояудың аспанға ұшқанын байқайсыз, дыбыссыз ұшады. Ендігі уақытта жер бетінде бояу қалмай түн басады, түннің қара бояуы басады. Абайша айтсақ «Түн басады салбырап». Барлық бояу бағанағы батқан күнмен ұшып кетеді. Бүкіл сәуле - нұр жиналып күннің артынан тауды асып кетеді. Соны Ақын тапжылмай тамашалап қарап тұрғандай... Өлеңде Күннің жер бетіне, Алатау бөктеріне жеті бояуын шашып жіберіп, кеш бата қайта жинап алып бара жатқанын Жұмекен көріп тұрады.
Міне, өзінің замандастарына Жұмекеннің осыншама суреткерлігі, осыншама кейіптеу қасиеті «басқа еспен» басқа қырынан келетін ерекшелігі соншама әсер еткен. Ол стандартты «дұрыс ес» емес еді.
Біз «Өлең мұраты – сұлулық» дедік. Иә, ол басты мұрат. Өлең рухқа, санаға жетеді, өлең жалпы ұлтты қозғалтады, адамдарды теңіздей толқытады. Жұмекен ондай қазақ біткеннің қанын тасытып өлеңдерді де жазды. Біз жүз өлең талдағалы отырмыз ғой. Аз емес.
Біз ең алдымен ақынның өз замандастары сол кезде талдаған, таң қалған өлеңдерін, суреткерлігі мен биіктігі айқын байқалатын өлеңдерін сіздермен бөліскенді жөн көрдік. Ары қарай өлеңдегі ойлау мен ұстанымды даму-жетілу-өрлеу барысын кезең-кезеңімен топтап талдаймыз.
Жарықтың кетуімен бірге «ұзын бел бауырынан жарап, таулардың қусырылуын» таза табиғат сүреті десек те, «ақ бұлақтың көк тасқа жалаңаш ұйықтауын» құбылта түйсінесің.
Алда 98 өлең.