ЗАМАНДАСТАР
Әндетсін тас аяқтардың астында,
дала айналсын ала гүлді тасқынға,
Замандасым үшін бұ Жер, сасқанда
табан тірер сенімді бір баспалдақ.
Путиловтың жігіті мен тұтқын жан
түрме басып иығынан бұқтырған –
Қалтқысы жоқ менің жолдастарым бұл,
Замандасым болады олар бәрібір.
Сөйлеп берсін мына маған сыр-қалам
Шыдамсыздау күлкі, қайғы-мұңменен,
Шеберхана құпиясын бұлдаған
Зергер үшін, мен үндемен, үндемен.
Қар суыр-ау тағы да бір тағы да
еріксіздік, қасіретпен қос бәрін.
Бұл түні де гүл атқан бақ жағына
Шыға алмайды менің асыл достарым.
Туар бірақ ғажайып сәт күтпеген
ақ жалынмен бір бұрқ етер күнбатыс,
тулап шығар бұрын бойға бітпеген
бір құдірет – қызар сонда түнгі атыс.
Хабар тарар дүниеге дүбірлеп,
толқын үнін, шөп сыбдырын жабар-ақ,
Түтін ойнар Берлиннің түбінде,
Орлеанды үрей кетер аралап.
Біздің әр сәт хабаршысы жеңістің,
Жасын ұрып, талай дауыл шайқаған.
Уақыттың қабағында еңіс бір
Құрдасымды табармын мен қайтадан. 1945
ӨЗІҢЕ
Жоқ, мен сені ес-жадымда қалдырам
Өз қалпында сол баяғы, баяғы,
Көз алдымда; ақ пердеден қалғыған
Әлсіз сәуле терезеде таяды.
Шағын қала, түннің қарлы-құйыны
Сүйірлене сипап тұрды сай-ойды,
Секілденіп метеордың құйрығы
тегістеді маңайды.
Құйын қуып тұрған шақта Ай нұрын,
Жақындаймын терезеңе тоқтала,
Үй тып-тыныш... қанатынан қайрылып
Кітап жатыр – көз тартар сол тек қана.
Сен отырсың ойға шомып, құрбыңмен
Сөйлесесің, не жайында?
Кім білген.
Сағат тілі жылжиды жай,
Түк дыбыс
естілмейді, ертегідей тып-тыныш.
Өз қолыңмен көшірілген, ардағым,
Менің алғаш жырларымның бәр-бәрі.
Сенен артық досым жоқ-ты;
Әй, тегі
тағы да бір соғып кетсең қайтеді?
БІРІНШІ АТТЫ ӘСКЕРДІҢ ТРУБАЧТАРЫ
(аңыз)
Кеш түссе болды, дүбір сап жолда
атты әскер сайға құлайды.
Мыс трубалар кезекпен ол да
Күледі қатты, жылайды.
Жазғы таң қысқа, түнімен олар
Әндетіп, күліп, қайғыланады;
Кешегі майдан жолдарын кезіп
Кезеді құмды, сай-жыраларды.
Қашан да жақсы аттары Донның,
ал, мынау аттар ерекше мықты.
Трубач ойнап әдемі бір ән
бәріне сый ғып тартады жұрттың.
Аттарға мұндай жете алмай жел де
алқынып барып сөнеді тоқтап;
Бірінші атты әскердің даңқын
Трубачтар әлі келеді мақтап.
Дауылға қарсы қалқыған құстай
Оқ тескен тулар желбірейді әлі;
аттылар әлі түн сайын жортып,
сертінің шартын белгілейді әлі.
1955