Шоқан туралы сөз
(Шоқан Уәлихановтың қайтыс болғанына
100 жыл толуы қарсаңында)
Шоқан жарық дүниеде отыз-ақ жыл жасады. Бірақ ол біздің есімізде. Көтерген проблемасы тірі, күшінде тұрғанда – данышпан да тірі.
Адамзат өзінің күнделікті мәселелерін – күнде шешеді, шешілген мәселе көп есімдерді өлтіреді, ұмыттырады. Біз бәріміз Абай жырларының жанымызға мұншалықты әсер етпейтін кезін, ышқынған Шоқан ойларының жәй, қағаз бетіндегі өлі фразалар боп қалатын, ол тек, ескілікті ұқыпты жинаушылардың ғана игілігіне айналатын сағатын күтеміз! Ол өлгелі жүз жыл! Ал, сөзі қандай жаңа, үні қандай өктем! “Ол оқушысын тапқанда – данышпан жазушы болар еді” – деп жазды Г.Н. Потанин. Ол – сегіз қырлы адам еді. Бір басында: тарихшының, географтың, әдебиетшінің, тіл маманының және жауынгердің таланты болатын. Аса сирек кездесетін азаматтық қасиеті оған ұлы достар тауып берді. Соған тән үлкен сезім оны еш уақытта жалғыз қалдырған емес; ешкімнен биік те, аласа да көрінбейтін: кедейдің құрым үйінде, құрметті ақсақалдар ортасында, оқымысты Петербург қауымында, солдат Федор Достоевский камерасында және “Қысқы сарайда” – бір Шоқан болатын ол. Дамыған демократтық сезім, биік тұлға, адам танығыштық тамаша қабілет пен сәбилік сенгіштік – бәрі, бәрі оған, таң қаларлықтай, жарасатын. Жалынды жастық жігер мен кәрінің салқын ақылы; құдіретті құштарлық пен жазылмайтын жан жарасы... Мұндай адамдар туралы әдетте: ол беретінінің оннан бірін берген жоқ делінеді. Данышпандар жомарт: олар өз өмірлерін, соңғы күніне шейін, халқына береді. Бар пәле тек сол ғұмырдың тым аз берілетінінде.
Олардың бүкіл ой, сезімін, өздерінен бұрын туып, құрып үлгірген, бірыңғай мылқаулыққа айналған белгісіз бір ұрпақ басқаратындай. Өйткені, бұларды тудырған да – сол ұрпақ қой. Бір ғана Шоқанды дүниеге келтіру үшін, бірнеше ұрпақты құрбандыққа қиып, қаншама қасиетті ойды, нәзік сезімді ғасырдан ғасырға жинай отырып, оны бір ғана рудың қанына құйып беру – тек табиғаттың қолынан келетін ерлік. Табиғат ұлы адамды халыққа қандай қиындықпен тудырып береді, халық оны қандай оңай жоғалтады!
Ал, өмір заңы тым қатал: адамзат баласына бірнеше ұлы есімдер ұсынбаған ұлтқа тарих та орын ұсынып, кеңпейілділік жасай алмайды. Сондықтан жиырмасыншы ғасырда Жер шарын мекендеушілер жеке есімдер тудырып жатыр. Тек ең салақ, ең жабайылар ғана таланттан қорқады, талантты таптайды. Олар өз болашағына өздері қол сілтейді.
Он тоғызыншы ғасырда халық жат үйдің босағасын торыған жетім бала еді... Халық ұлы атануға татымайтын сақалдылар алтын уақыттарын мысқа сатып, бірін-бірі даттап арыз жазды, сұлтандық пен болыстыққа, шабарман мен салық жинаушының орнына таласты.
Бозбала Шоқан былай деп жазды: “Сауаттылық сардалаға беренауыздардың тобын көбейтуге келгендей. Еш уақытта далада мұндай жаулар болған жоқ еді және әрбір қаріп танитын қазақ қосылған сайын олардың саны өсе түседі. Бәрінің таласып жүргені патша үкіметі жалақы төлейтін жалғыз орын. Бұл адамсымақтар халықтың үстінен қарауға құмар, азаматтық, ұлттық ар деген миларына кірмейді. Өз қасиеттерін сатып, халықтың беделімен сауда жасайды”... Отан қасіретті болса – осылар айыпты. Қалам жүгірген қағаз бетінде талай сұмдықтар жасалды: Олар Шоқанның, Абайдың, Сәкеннің, Ілиястың, Бейімбеттің құныкерлері. Біз оларды ұмыттық, есімдері белгісіз; бірақ... қылықтары бар, қылмыстары тірі жүр. Ал, біз халқымыздың шын әкелерінің өлген күндерін атап өтеміз.
Шоқан көсем болар еді. Революциядан қашық болғанмен, монархиядан безген болатын. Ф. Достоевскийге жазған хатында: “Мен өз отандастарымның пайдасы үшін сұлтан болғым келіп еді, осымен оларға оқыған адамның артықшылығын дәлелдемек едім..” деген жолдар бар. “Жалғыз кісінің бәрімен алысуы қиын екенін енді білдім. Шындық қанша сәулелі болғанымен, егер оны уақыт қолдамаса, сенімсіздікті, адасушылықты жеңе алмайды екен” – дейді кейін, А. Майковқа жолдаған хатында. “Уақыт қолдамаса! “Иә, ол кезде ең оқымысты сұлтанның өзі де қалың бұқараның құлдыққа тән, көнбістік психологиясынан нәр алған реакцияның “қозғаушы күшіне” қарсы тұра алмаған болар еді. Көсемдерді халық сыйламай, патша үкіметінің администрациясы тағайындайтын уақыт. Тек колонизатордың құлы болуға жарыған “бақыттылардың” ғана өкіметке қолы жеткен.
Мен академия басып шығарған он тоғызыншы ғасыр тарихының екі томдығына көз жүгіртіп шықтым. Архив беттерінен, қырдың үлкенді-кішілі әкімдері жазған арыз, жала, өсек, айыптаулардан өзге ештеңе таба алмадым. Мұндай жолға түспеген Шоқан қайдан сұлтан болады?! Сұлтан болса – Шоқан болмас еді. Осыны сезген азамат әкім болу ойынан дер кезінде жерінді. Жауларының бірінің мінездеуінше, ол “ең таза, ең адал адам” болып қалды.
Келер күннің адамы - өткен күнде өмір сүрді. Оның өз кезі - арман мен үмітсіздіктен, өмірсүйгіштік пен одан түңілуден жасалған еді. Ең мейірімді, ең шыншыл тілегі тоңмойын тұрмыстың дөрекі табанына жаншылды. Бұл мезгіл Пушкиндер мен Лермонтовтарды өлтіріп, бенкендорфтарды бекіткен мезгіл; бұл мезгіл басы азаттарды көбірек көгендеу үшін, басыбайлылық заңын, сөз жүзінде жойған мезгіл. Бұл мезгіл, ең жақсы адамдардың лап етіп тұтанып, “ессіз көңілділікпен” күйіп кетіп жатқан мезгілі. Романтика атаулының бояуы солғындап, ажары түсті. Сәулелі бастар соңғы күндерін жындыханаларда, өлі үйлердің өшкен ошағы басында, кабактарда бітіріп жатты. Жансыз үйлерден айнала - жансыз қалалар, жансыз елдер, жансыз халықтар көлеңкесі қалқиды.
Шоқанның Петербургтен әкесіне жазған хаттары басылған. Ол әр хат сайын дерлік, әкесінен ақша... ақша сұрайды... Астананың және шетелдің баспаларында Шоқан еңбектері басылып тұрды. Оны шығыстану ғылымының данышпаны атай бастаған кез болатын. Атақты Қашқария саяхатынан қайтқан шағы еді. Ол – Шығыс Түркістанға барған ең бірінші орыс барлаушысы еді. Өзімен бір мезгілде дерлік, Түркістан топырағына аяқ басқан ағылшын барлаушысы Шлагинтвейттің басы сонда шіріді. Қашқарияда болған алты ай уақыт ішінде ол саяси, ғылыми маңызы үлкен, аса бағалы мағлұматтар әкелді. Шыңғыс-хан ұрпағын Петербург қопарыла қарсы алды, оның Шығыс күні сүйген бетінен император Александр да сүйді... Ал, Шоқан әкесінен ақша сұрап, хат жазумен болды. Бұл күндері ол таныс тауып, дос жоғалтты; сүйтіп шаршаған, шалдыққан күйінде еліне оралды. Штабс-ротмистр Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов 1864 жылдың көктемінде генерал Черняев басқарған әскери экспедицияның қарамағына шақырылады. Экспедицияның мақсаты, негізінен Оңтүстік Қазақстанды Россияға қарату болатын. Шоқан, бұл іс ешқандай қан төгусіз, келіссөз арқылы орындалады деп сенген. Уәлиханов экспедиция құрамына сол үшін де шақырылған еді. Бірақ Әулие –Ата қамалын алудағы қақтығыс бұл үмітті ақтамады. Генерал Черняев (кейін патша үкіметі колонизаторлық саясатының белді жақтаушысы болған) бейбіт, қарусыз халыққа хайуандық жасады. Черняевпен бітісе алмаған Шоқан сол жылдың июнь айында экспедицияны тастап шығады. Онымен бірге прогрессивті бағыттағы бір топ офицер экспедиция құрамында бұдан әрі қала алмайтындықтарын мәлімдейді. Ал, генералдар, Шоқан жасаған карта бойынша, Орта Азияны үңгіп бара жатты. Уәлиханов Азияның аңқаулығына қандай сенсе, орыс жанының қайырымдылығына сондай сеніп еді. Бірақ Черняевтар Россиясына емес, екінші Россияға – Пушкиннің, Лермонтовтың Россиясына сенген ол. Данышпан Достоевскийдің: “Мен еш уақытта, ешкімді де, тіпті туған інімді де Сіздей жақсы көрген емеспін... Сізді сондай сүйем, сіз туралы ойлаудан ешқашан жалыққан емен. Сіздің тағдырыңызды мен қиялыммен ғана жұбатам, сонымен ғана аялаймын” деген сөздеріне Черняевтар, әрине, қосылмас еді. Шоқан шынында да Россияның ақылды інісі, адал ұлы еді. Өмірінің ең қатерлі сағаттарында да ол өзінің интернационалдық, патриоттық борышына адал болды.
Ол отыз-ақ жас жасады (1835 – 1865 ж.ж.). Оның өмірі - қазақ тарихы үшін бүтін бір дәуір, бүтін бір эра. Ол көп нәрсені болжап кетті, әсіресе, қазақ туралы айтқан болжаулары орындалмаса, болжау күйінде ғана қалса – қуанар едік.
Оның бүкіл өмірі – символ. Оның бүкіл тағдыры – жалғыз түйір тамшы. Бірақ сондай тамшыны татып көріп, бүкіл Мұқит суының дәмін айыруға болады.
Куәлік бойынша ол – Мұқаммед. Халық оны анасының берген атымен Шоқан деп біледі. Ол да – символ. Біз оның туған күнін емес, өлген күнін атап жүрміз. Бұл да – символ. Бірақ біз оның туған күнін бір кезде мерекелерміз. Ол мереке – бүкіл халықтық мереке болар...
Кез келген Ана өз баласына: “Құдай саған Шоқанның ақылы мен сұлулығын берсін, бірақ оның тағдырын бере көрмесін!” - деп тілейді...
Біз де бүгін Шоқанға: “Сенің өмірің – бізде, өлімің - өткен күнде” – дей аламыз.
(Сәуір, 1965 жыл)