ШАБУЫЛ АЛДЫНДА
Ажалға қарсы аттанғандар салады ән.
ал одан бұрын –
Жылап алуға болады.
Шабуылды күткеннен
өткен қорлық жоқ әлі.
Қарды айнала мина қазып тастаған,
Жер қап-қара бөккен бомба шаңына.
Мина жарылды, әне, тағы,
дос өлді,
демек ажал соқпай кетті тағы да.
Қазір,
қазір маған кезек келеді.
Жүр ғой ажал
Жалғыз ғана мені аулап.
Қырық бірінші жыл,
Сені ант атсын,
Жаяу әскер окоп қазған танаурап.
Мен – магнит секілдімін бейне бір.
Миналарды тартатұғын сағына,
тағы жарылыс.
Лейтенант құлады.
ажал маған соқпай өтті тағы да.
Бірақ бізде
енді күтер жоқ шама.
Бастайды енді бекіністер арқылы
Кек пен ыза,
Найзалардың жарқылы.
Шайқас тез-ақ бітті.
Мұздай арақпен
ернімізді жібітістік қаңсыған.
Содан кейін
Қырып алдым пышақпен
бөтен қанды тырнағымның астынан.
1942
ТАСТАҒЫ ЖАЗУ
Қасиетті молаға
Тізеңді бүк, и басты:
Мұнда жатқан азамат
Сенімен де құрдас-ты.
Крес те жоқ, гүл де жоқ
Жалау да жоқ құлпырар.
Құты ғана қаңылтыр
Күн көзінде жылтырар.
Гранаттың сынығы,
ескі сөмке-дорбасы –
өлгенде де, солдаттың
ажырамас жолдасы.
Ойлап көр сен ол жайлы,
Жас, шат кезін елестет:
Қырық бірде
Мектепті
бір бітірген емес пе ек.
Көкірегі тұсында
термен сарытап боп қалған,
мектептес бір сұлудың
суреті сақталған.
Қасиетті молаға
Тізеңді бүк и басты:
Мұнда жатқан азамат
дәл өзіңмен құрдас-ты.
Өсиет етті ол тіріге
Қайта орнат деп қаланы.
Ол қорғаған бұл жерде
Оның ісі қалады.
Гранит тас сақтасын
Сұлулықты, күліп бір.
Сақтасыншы әйнектер
адалдығын жігіттің.
1943
МЕНІҢ ЗАМАНДАСТАРЫМ
Бізді аяудың керегі жоқ, аяп едік кімді біз,
Комбатымыздың алдында біз де пәкпіз, мұңлымыз.
Тірілердің шинелінде кеуіп бітті саз бен қан,
ал өлінің моласы өспеген шөп аз қалған.
Жылтыр тас та көктеп кетті,
төртінші күз өтті, әне,
ана жылап, құрбы қыздар мың қайғырып тоқтады.
Ғашық боп та көрмедік біз, мақтанбадық маман боп.
Құрбымда жыр, махаббат жоқ, тыныштық та жоқ тағы,
Қайта тусақ – туардаймыз жауынгерлер боп тағы.
Тек күншілдік, күш қана бар. Тек міндетін ақтады.
Оралармыз, жыр жазармыз. Махаббат? Жас ол әлі
Ұлдарымыз бізді ардақтап мақтанатын болады.
Ал, кім қайтып оралмаса?
Жазбаса оған күнді сол?
Кім алғашқы оқтан өлсе қырық бірінші жылғы сол?
Қалыңдықтар дауыс салар, күтеді ана әлі де,
Құрдасымда жыр мен жар жоқ, жоқ, жоқ онда бәрі де.
Оралғандар – сүйе ала ма? Жоқ! Келмейді келгісі.
Тірілердің сүйгені де өліп кеткендер үшін.
Үйде еркек жоқ - бала да жоқ, шаңыраққа жоқ ие.
Қос босаға бір-біріне тұрар қарап мөлие.
Бізді аяудың керегі жоқ, аяп едік кімді біз.
Шабуылға кім шықса егер, нанымен кім бөліссе
Сол түсінер шындықты осы – шындық-әйел, өліскен
Қайғы-азаптан жуандаған даусымен
Көп таласып талай жайға келіскен.
Ұмытпасын тірі адамдар, ұрпақ есте сақтасын,
Жауынгердің қатал сырын от басы үшін сатпасын,
Сенің жараң, ажал оғы тесіп өткен денеңді.
Мың-сан қыршын жас моласы Еділдегі, о да енді
біздің тағдыр боп аталар, біз сонымен ән салып
ұрысқанбыз.
Көпір бұзып қарағанбыз тамсанып
... Бізді аяудың керегі жоқ, аяп едік кімді біз.
Россия алдында біз адал, әрі нұрлымыз.
Ал, оралсақ – тек жеңіспен ораламыз біз әлі. –
Сайтан сынды өлмес жұртпыз, дию сынды ызалы –
Сыра жасап, қуырдақ қып, торт пісірсін шай үшін.
емен стол тұрсын әрең аяқтары майысып.
Азап шеккен ағайынның аяғына бас иіп.
ата-ананы, күткен жарды иыққа сап тасиық.
О, сөйтіп бір оралармыз,
Оралармыз біз әлі,
Шыда, құрдас, мамандық ап, той жасармыз қыз алып.
1945
***
Жаяу әскер болғаннан соң, далада
балшық кешіп, отқа күймей бола ма.
Соғыстың ең соңғы айы келгенде
Журналист боп шыға келдім мен демде.
Мылтық ұстап тағы шықсам бағыма...
түссін басқа қиынырақ бірер сын:
Мейлі, мені тағы да
атқыштардың взводына жіберсін.
Старшина қарауынан басталған
Жолдың төрттен үшін жүрдім, дегенмен,
Сол биіктен бәрібір
түсер ем мен өлеңге.
1946
КАТЮШАҒА
Бөбегім бар. Қызық өзі бір түрлі,
Жердегі бар сәби сынды, сүйкімді.
Бір махаббат пайда болды үстеме –
Елді, жерді сүйдім жаңа күшпенен.
Қиындықты, қасіретті біз көрген
бұл көрмесін,
болсын ісі мал шашу,
бойжеткен мен арасында сәбидің
Құм далаға ақпас дейсің қанша су.
Мұның құрдас-құрбылары жап-жасыл,
Жаңа ғана ұшып шыққан ұядан
Мықтап жансын жастық отпен жанғасын,
Солар жазсын біздің жырдың жалғасын.
Қарақұмның сусымалы құмдарын
Таптағанмын сонау жылдар. Жас күнім.
Атыраудан қоңыр самал ескенде,
Бұрылғанда Әмудария тасқыны
Шық кепкенде қымсына кеп ұяң қыз
Сұлулықты теріп болған жоқ әлі,
терге де емес, тұзға да емес, қанға өскен
Қызыл гүлді сол жинайтын болады...
Катюша деп атадым мен әдейі
бұл есімді сақтап қалғам соғыстан.
Көз алдымда қап қойыпты түнгі аспан,
Түнгі аспанда тарам-тарам оқ ұшқан.
Міне, сәби, ұқпайды әлі көп жайды,
Қимылынан түсінеді анасын.
Кезек-кезек арба ұстайды кемпірлер –
тағы да, әне, қыдыруға барасың.
Көп кешікпей тәй тұрады бөбегім.
Болашаққа тұңғыш қадам аттайды.
Жауларымыз, сірә, содан қорқады.
Қорыққаннан жайлы төсек таппайды!
Жейді оларды ыза деген ішкі дерт, -
Өйткені олар оқпен, өртпен, аштықпен
айыра алмас сәбиімнен; сол сәби
туғалы мен болып кеттім күштірек.
Сені, титтей бөбегім,
Жөргекке емес, жүрегіме бөледім,
алғы күнге жоспар құрам сен үшін,
бейбіт күнді қорғаймын мен сен үшін.
Талпынады қолын созып бесіктен,
маған қарап күледі,
бізден кейінгі ұрпақ осы, дәл бүгін
ол туғалы жүз төртінші күн еді.
1951