ЖАҢА КҮН
Таңның нұрын балқытып, содан құйған түрен бұл
Күн көзінде жалтылдап билеп-ойнап жіберді.
Шықты, міне, Жаңа Күн – алтын шапақ таласып,
Жағадан ап жыртады Шубаштардың даласын.
Түренінің жүзінде жасыл ойнап келеді,
Бораздадан боразда асып ойнап келеді.
Шубаштардың өткен бір қасіретті ғасырын,
Аударылған топырақ қалып жатыр жасырып.
Жалт қарайды Жаңа Күн: оның алтын түрені
Тоңмойын ту даланы ту сыртынан іреді.
Аунап ағып ақ бұлақ көк алқапқа сергіген,
Сүйіп-сүйіп алады қара тастың ернінен.
Жалт қарайды Жаңа Күн: оның болат саусағы
Ескілікті бүйірден бүріп еді – қаусады,
Мың-сан жұлдыз жыпырлап шөп басына ілінді.
Шебер екен Жаңа Күн: байтақ жердің бүгінгі –
Қоңыр-көрпе қырларын жайып тастап келеді,
Алтын ине – алтын нұр, қайып тастап келеді.
Жаңа Күннің егіні пісетін де кез келер,
Сонда жердің қойнынан қуат құйып көзге бір,
Өсіп шығар өзге жыр, өсіп шығар өзге өмір –
Содан шыққан қызыл нұр жұлдыз сын-ды, жанар-ау,
Жо-жоқ, жұлдыз емес-ау, жұлдыз одан қаралау,
Ақырында күй болып күмбір-күмбір ағар-ау.
Құдыретті жүрекпен Жаңа Күнді жете ұғып,
Кеңістікті көгілдір кеудесімен көтеріп,
Мың күнінің борышы бір күнімен өтеліп,
Халқым Шубаш қарар-ау масаттана жөтеліп,
Сонда күліп Жаңа Күн арқасынан қағар да,
Шубаш бақыт тапқанын бар әлемге хабарлар.
(Сеспел Мишши. Сене кун Аки (чуваш тілінде).
(Стихотворение на 50 языках). Чебоксары, Чувашкнигоиздат, 1969, 33 бет)