БУРЫЛ ШАШ ЖАЙЛЫ БАЛЛАДА

Не қайғы алып,
Не жазбай-ақ дастан-жыр,
Бурыл шашты сәнге қойып жастар жүр,
Балғын қыздар әрі сұлу, әрі ойлы
Бурыл шашын сілкіп сізге қарайды.
Сәні болып көрінетін кісінің
Қандай ғана еріккеннің ісі бұл?
Сән көруге бола ма екен қайғыны!
Сәндік үшін шаш ағартқан қай ғұмыр?!
Тоқта, қиял.
Асығысың не сенің!
Түс есіме көргендерім кешегі.
... Ленинград қоршауынан сонда бір
бала келді, бала деуге болмады –
Шашы бурыл, көзі қандай есті еді!
Қысқасы шал он екі, он бестегі.
Көз салуға болмайды екен жай бұған.
Сәби еді ол шашы ағарған қайғыдан.
...Тағы есімде: бір жауынгер... көз көрді
Көрген ол да өліміңнен өзгеңді:
Бомба құлап, құлап түскен о дағы, -
Содан саңырау, әрі сақау болады.
Содан шашы ағарыпты!
Сыйлайды оны жұрттың бәрі, бәрі ұғып...
О, қайғылы, қайырымды кәрілік!
Шашылған қан, кескілескен майдандар,
Жанды беріп, қалаларын қайда алған
Зияныңды заманға кеш, пайдаңды ал,
Қара шаштар, ақ селеуге айналған!
Ақ шаш бүгін «мода» болды деседі,
«Мода» ма еді қанды соғыс кешегі?!
...Қалалардың түтіні ақ-бурыл,
Аққулардың қанаты ақ-бурыл,
Ақ-бурыл жесірлер де жетіп тұр –
Жылай-жылай көзі ағарып кетіпті.
Қайғы ағартқан шаштарды, жұрт сыйлап жүр,
Шаш әлі де ағаруын тыймай жүр,
О, Жастық шақ, ақ шаш сенің не теңің!
білемісің көргенсіздік екенін
Бурыл шашты сатып алу тиынға?
Шаш па бурыл,
Бурыл әлде миың ба?!.
О, сәнқойлар, есер едің сен неткен!
Мода, мода қуа аламын мен де еппен,
Бірақ ақ шаш... Даңқ, Орден секілді
Оны-дағы алу керек еңбекпен!..

Лениншіл жас, 1974, 21 июнь