***

 

Тағдыр қатал. Әке мен ұл екеуі
Екі жақта жүріп өліп кетеді
Азаматы бола тұрып елінің
Ғұмыр-бақи қуғын көріп өтеді.
Бірақ, әке, сен ісіңді бітірдің,
армансызсың, дәтке қуат шүкір қыл.
Бақытыңды берсін құдай аңсаған,
Сен кім үшін азап тартсаң дәл соған.
Кешір, әке! Мен бе екенмін кінәлі
Көкірегім құдай жаққан шыраны
Өшіруге ұмтылса жұрт қуанып?
Ол ойлары іске аспады – бұ да анық:
біз екеуміз жауықпадық күнә ғып,
бір тағдырдың құрбандығы болсақ та!
Кінәң бар ма, жоқ па сенің, мен сотқа
Жарамаймын, сені қауым соттаған.
Қауым кімдер? Не тілекші, не жауыз
адамдардың тобыры ол, жел-ауыз
жиынтығы өсек, ғайбат, даттаудың,
Не көлгірсіп өп-өтірік мақтаудың.
Рухы жоқ онда жұмақ, тамұқтың,
Жерді ұмыттың, жер де сені ұмытты
Менен гөрі саған ерек қонды бақ
алдың ашық – мәңгілік қой ол бірақ,
Өлшеуші жоқ бір тұңғиық ашылды;
Өкінішті ой шырмамай ма басыңды,
Өткенді ойлап көздің жасын көл еткен?
Қырсық кешіп, бақытынан дәме еткен,
Шынымен-ақ ұмыттың ба сен бәрін,
бір кезде үміт, арманыңның болғанын?
Осы ма еді біржолата сөнгенің?
Енді шын-ақ сүймейсің бе сен мені?
О, ендеше, жұмақ-аспан ақ-ала
Итшілеген өмірімнен садаға!
Көрмес-ақпын аспан барып қайта өмір,
Өйткені мен сүйе аламын әйтеуір.

Паткульден

 

Жаулар босқа у жұтады ызадан,
бізге сыншы тәңірі мен халық бар.
Отан үшін күрестік қой біз әман
Күрес құнын – ажалымыз анықтар.

Мейлі өлейін… өлім бұлдыр түс білем,
бұғауды ұқпан, ажалыңнан саспан да.
Шыбын жаным темір шатыр үстінен
түтін болып көтерілер аспанға.

 
Портрет


Көзің сал мынау жүзге, талап қып мол
шебер қол салған мұны салақтықпен,
Бейнесі не тірі емес, емес өлі
аспанның рухымен кеңеседі.
Суық көз түк көрмейді, жанған мына
Жанары қарайды жат, таңдандыра.
Аузында сөз жоқ, бірақ болар әлі
Сөз үшін мұндай ауыз жаралады.
Қарашы: қуқыл бейне өкіндіре
матадан шығып кетер секілді де,
Қорықпайсың, көңілің құр көндіккен –
Жансыз сурет екенін білгендіктен,
Көздегі ащы мысқыл, келекені
Суреттің жансыздығы жоқ етеді.
О, тәңірім, көп тіріні көріп ем мен,
Мынаның қасында олар өлімен тең,
Күл басқан рухтарын, көңіл өзі
Суыған, жоқ не түрі, не мінезі.

***

Уақыт келер – мен әй кәпір атанып,
Жат болып өз елімде,
Менің күнім дар алдында батады,
бітер сонда демім де.

Саған емес, жұртқа жазған жерім көп,
Соңғы сәтімді іздедім.
Сөз бе өлім? – Сен берік бол, берілме,
айыра алмас бізді өлім.

Басқа елде ешкім кінәламас уақытты,
Сезім үні – саналмайды жабайы үн
біздегідей, ұрламайды бақытты
ағайыннан ағайын.

Менің қазам турасында, қағынып
Суық хабар жеткенде,
Жауын жеңген сабаздардай сабылып
мәз боп қалар көп пенде;

Сонда… сізден тілейтінім бас ұрып,
бір жақсылық жасаңыз,
Күрсінгенім үшін, елден жасырып
жалғыз тамшы жас ағыз!

Пәк көңілдің қайғы, рахат, борышын
мен едім ғой ақтарған,
Мен едім ғой азап шегіп, сол үшін
Өзі құрбан боп қалған

Ал, егерде мазақ етсең, масқара
тағдырымды сен-дағы,
Ғайбат сөйлеп еріп кетсең басқаға,
Халің қиын болғаны.

Құтыламын деме онда сырт беріп,
рухымнан қамыққан,
Қадалармын, жүрегіңе құрт болып,
Жаман болар тамұқтан.

Қайта оралып салақ күндер сөзуар,
Жаныңды жер күнде ескі үн.
Тіршілігің мәңгілікке созылар,
бірақ өмір сүрмессің.


Нэераға


Айтшы қане, не үшін анау асыл гүл
Тағасың сен бұйрасына шашыңның?
Тағы өткізгің келді ме әлде бетіңді
сәттік гүлмен сенің өзің секілді?

Неғыламыз ойға кетіп еске алып,
өз кезің де көрер бәрін басқа ғып.
Гүл секілді соларсың, көз ұмытар
Болар үміт, махаббаттың күні тар.

Таңмын саған: бәрін салып табанға
Жайбарақат қарайсың-ау тағы алған.
Уақытқа күлесің сен, бір түрлі
Нэераға бәрі бірдей сықылды.

Қайтып қана ессіз күймен сол әні
алғы өмірден тайсалмауға болады?
Мына өмірден – ұлы күлкі, кекесін –
Шын пейілмен бір қуанбай өтесің?

Бес жыл өтер: қарағанмен сен ұйып,
Сиқыры мол жанарыңмен мөлиіп,
Жұпар иісті төсегіңе сен енді
Тарта алмассың жігіт-желең дегенді,

О, тезірек өліп кетсең болады,
бір жас жігіт бетіңде ұят обалы
десін: «Рас сүйкімді екен жүзі шын,
Менен бұрын кім өлді бұл қыз үшін.

 

Үзінді

Кірпік ілмей өткіздім мен үш түнді,
дұға оқыдым хақ жолына тізерлеп
Аспан мен жер – храм, қорған – алтарім;
Қу сүйектер сол қорғанға көмілген
Кісі болып оянса егер кіл өлік
Кетсе кенет тіріліп бір, түнеріп
Күйер еді көз жасыма көп адам,
Қарғып-қарғып шығар еді моладан!
О, тәңірім! Үш түнгі азап масқара
болғаны ма жалғыз тамшы жас қана?
Жоқ, бұл тозақ жасы, әйтпесе дәл үш түн
Күтпес едім мен де оны, таныстым
Шын қайғымен. Ағайынның қанына
Шалдың қаны қосылды ағып, тағы да
Сәбилердің тапталғаны, қаралы
Көкірегімді қысып алып барады,
Жүрегімді сықты тағы, зорлады,
Неге сенсе жүрек – енді сор бәрі,
Махаббатқа не ұқсаса – сол енді
Кері бұрды кекке айналып жөнелді.
Ойым ұлы – асырмасам оны іске
Ұлылығын есеп еттім жеңіске.
Соқты сағат, даңқ қонар келді сәт,
Не өлетін белгісіз боп ел құсап
Табиғатқа жалтақтап ем, ол мені
бауырына қысты қатты, бермеді
боранына, пана болып күн ұзын.
Орман-ана жұтқызды бал-уызын.
Бірақ маған, арман үшін мендегі
Бәрі бос ед тіршіліктің жердегі;
Үміт көзі маңайдан түк көрмеді, -
Көңіл шіркін ештеңеге ермеді.
Көп қарадым ай, жұлдызға көктегі,
Көңілім бірақ құпиясына жетпеді.
Сездім сонда тумағанымды ол да үшін;
көңілім – күпір, кіп-кішкене болмысым –
Мен аспанды сүйе алмадым, ал, емге
таңданғаным шетсіз-шексіз әлемге,
Хақ ісіне қарап тұрып мұңайдым –
ұлылығын күндедім мен құдайдың!
Бірақ елді, бас билігін жоғалтып
аштым, кенет, маған тірек болар түк
жоқ екенін; сонда өзіме кездестім,
өзім, өзім емес дедім, өзге ешкім.
Бір халықты азат етер күш таптым,
бірақ ойым орната алмас ұшпақты,
екі талай елге пайда болмағы,
бәлкім, мұның бекер шығар бәр-бәрі,
әйткенмен ол келер күннің хабары –
еркіндіктей күшті, сұлу, пәк әрі.


Баллада

Славян келіншек, түнек-түн
үйінде отырды қамығып.
Алыста жолақ боп бір өрттің
Аспанға шапшиды жарығы…
Тербетіп бесікте баланы
Келіншек қайғылы ән салады.
«Жылама! Жылама! Жүрегің
бір сұмдық сезе ме – қорқамын.
Қасыңда мен бармын, болды енді,
Шыбыным, қайғыру ерте әлі
Мен жесір қалармын, сірә да
Сен жетім болмайсың – жылама!

Құдай мен ар үшін кетті әкең –
Семсері жарқылдап жанады
Қанды жол жауынгер қатарда
Татарға қарсы ұрыс салады.
Өрт, әне, аспанды тебеді,
Ол - өлім ұрығын себеді.

Әйтеуір сен әзір ұқпайсың
Қауіпті басыңа шырмаған;
балалар жыламас молада
Қорықпас ұят пен бұғаудан –
Күндеуге лайық бұл-дағы…»
Кенеттен – жауынгер кірді әне.

Сауыт қан, қалқаны майысқан,
«бітті! – деп жауынгер аһ ұрды, -
бітті енді! Жеңілдік сайыста,
біздің ел құлдыққа бас ұрды.
Татарлар жеңді, біз құладық –
Масайра, тобыр жау, қуанып!» –

Деді де жығылды ол, кетті өліп,
Ерлердің ғұмыры қысқа-ды
Келіншек көтеріп сәбиін
Әкенің өлігін нұсқады:
«Көріп ал, міне өлім дегенің,
Ұғын тек кек алу керегін!»

 Н.Ф.И.

Е, тәңірі, естіртпесін ешуақыт
Шырқағанын қара қарға қаз әнін.
Мундир мен мұрт әуресімен кеш батып,
Тарттырмасын шпорлылар азабын.

Е, тәңірі, беделіңді төкпесін
Күндес біреу шыға келіп тағы да.
Жатсын сүйіп туфлиіңнің өкшесін
Темір шпор, мундир мен мұрт жабыла.

АҚЫМАҚ СҰЛУҒА

                               1

Сұрады Амур бір күн менен, кезерген
Ернін жалап: ішесің бе құныға?
Мен ол кезде ішпеуші едім, дегенмен
Қағып салдым, көрейін деп мұны да.

                               2

Енді босқа өкінер де ем, құрысын
Суыды деп жанып тұрған от-ерін,
Білмесем мен сол шараптың ыдысы
Сен секілді бір бос қуыс екенін.