ҚҰМДАҒЫ ЖАҢБЫР

Алагеуім. Көне бұта қап-қара
Масаң қарттай қалт-құлт етіп аттаған.
Жер – нан сынды жаңа шыққан табадан,
О шеті мен бұ шеті жоқ тек қана.

Жер күрсініп бүйірге аунап түсті анық,
Үркек бұта тамшы аяғын құшты әне.
Тамшы-жіптен шілтер тоқып табиғат
Көкжиекке перде қылып ұстады.

Не боп кетті, «Құдай», мына аспаның?
Тамшы боп тұр,
Қамшы боп тұр таспа мың.
Жалт етіп бір күміс қайшы кенеттен
Таспаны әлгі турап-турап тастады.

Қара жаңбыр құйды содан,
Құйды-ай кеп,
Қағаз-құмға жазылды жыр шимай боп.
Қызған қазан секілденген далада
Тамшы ойнады қуырылған бидай боп.

Жел жүгірді қара бұлтты жаужайлап,
Бұлттың жалы күдірейді таудай нақ.
Жер еркелеп гүл-ерінін ұсынды
Ұзақ күткен қалыңдықтан аумай қап.

ҚЫРАННЫҢ АЖАЛЫ

Мезгіл жетті,
Түсті басқа ауыр сын –
Сарғылт тартты қанат, құйрық-қауырсын.
Қайран дене қарғып шығар аспанға,
Бүгін неге қара тастан ауырсың?

Көкке ғана көрсететін күшімен
Өзін-өзі қайрайды ол ішінен.
Қырандардың бар ғұмыры – аспанда,
Жердегі ме?
Тамақ табу үшін ол.

Қыран деген құс біткеннің сырттаны, ә,
Сондықтан да қызықтайды жұрт қарап.
Жердегіге көрсетпейді өлігін,
Өлігін де көмеді ол бұлтқа орап.

Қыран достым!
Ал, аспанды тесіп өт,
Барлық жалқау аңыз етсін есінеп.
Жерде талай айқастың ғой?
Жер – өмір,
Ал аспанның қызығасың несіне?
 

Лениншіл жас, 1969 жыл, 14 октябрь
 

ҚҰР КӨКТЕМІ

Селт етпейтін жүрегінде аңшының
Туды аяныш түймесіндей тамшының.
Аң атам деп кетіп еді ол таң атпай,
Қайтты үйіне «тышқан мұрнын қанатпай».
Таяқ етіп ұстап қара мылтығын,
Қарағаштың кесіп апты бір түбін.
- Құс байғұстар!
Құс байғұстар жабыла
Кірісіпті «үйленудің» қамына.
Қажып-талып бір-біріне жеткенде
Құрды атуға болмайды екен көктемде.
Дос боп аңсап,
Жас боп ағып жеткенде
Қастық ойлап болмайды екен көктемде.
Құс жапырлап, көл маңайы у да-шу,
Түтіп жатыр толқындардың шудасын.
- Күз болғанша күте тұрам мен тіпті, -
Деп кәрі аңшы егін егіп ентікті.
Құс байғұстар!
Құс байғұстар жабыла
Кірісіпті «үйленудің» қамына.
Жас боп ағып,
Дос боп аңсап кеткенде
Қастық ойлап болмайды екен көктемде.
Көктем, көктал!
Неткен көрік, неткен бой:
Бәрі, бәрі сұлу болып кеткен ғой.
Жаманшылық ойламайық көктемге,
Қазір бізде – көктем ғой!
 

Лениншіл жас, 1969, 21 октябрь