РОССИЯ
Ісіп-кеуіп аштықтан, жараңнан ағып қанды ірің,
Жер-анаға жығылдың ауырсына ыңқылдап,
Россия,
Сенің сәби тіліңді сандырағы деп ажалдың
Мәз болады жауларың құритұғын бір түнде-ақ.
Іші қуыс олардың, қуыс жүрек тас болған.
Кім алады мұраны көне күннен басталған?
Кім апарар ертеңге сөніп бітуге айналған
Прометейдің шырағын алып өтіп майданнан?
Туыс қатал, уақыт ұлы, қауіпті.
Судың көбігінде емес,
Көгінде емес аспанның –
Іріңінен біздің қанмен жуылған
Басталды өмір басқа бір, ұлы ғасыр басталды.
Біздің қолдан қабылдаңдар соны енді!
Біздікі еді ол – Сіздікі боп жөнелді.
Ұмытылған астанада түнгі осы
Өмір жатты қармен көміп іргесін.
Қан майданға шақырылар халық тек –
Қан жуған соң топырақ та қызыл-ды.
Қуғыншылар келер саған, Отаным,
Сүйер сонда сенің қанды ізіңді.
1920
***
Кастиль селосында қайыршы, адамға
Қара тас пен соғыс қана бар онда.
Бір есуас түн өтті –
Күйіп ұшқан күлден дүние дір етті.
Артил-лери-ялық дайындықтардың
От-жалыны ойнады алыс мекенде,
Көз алдыңда винтовкалар шошаңдап.
Пулеметтер солқыл қақты шекеңде.
Ал, шеркеуде – абыр-сабыр шақта әлгі! –
Бізге кино көрсетіліп жатқан-ды.
Әлемішті қабырғада, әулиелерді қақ жарып
дір-дір қақты ақ жарық.
Жауынгерлер тастай үнсіз сұрланып,
Сол баяғы бір тәртіп пен бір қалып.
Орыс тройкасы үні құлағыма
келді кенет –
Қоңыраулар сылдырады қағына,
ескі күндер есімді алды тағы да,
Әулиелерді қаға-соға, құтырынып, қатайып,
Қабырғада жүйткіп жүрді Чапаев,
тірі-өліні күреске үндеп ышқынып.
Өткен жанның неге мұнша күшті үні!
Жылға ауысып үлгереді күн қалай!
Жасап жатыр қабырғада жорығын
Чапаевтың көлеңкесі зор-ұлы.
Жерім менің, неткен ғана кең едің,
елден шығып ел болдың ғой, сен, елім,
Өзің, елім, дүние үшін қуыс, тар
ауа мен дем – ерлер ғана тыныстар.
Елім, жерім, тал-бесіксің мен үшін, -
Ши-бұтаңның сылдыры өшпес құлақтан,
Исін бірден танимын мен шыршаның,
Ер Чапай да шыршаларды ұнатқан. 1938
***
Қақыра-күрке ағарады. Өртеуге
Үлгірмедік. Кеш. Балалар. Алыспақ.
Хутор ішін соғыстық біз, барлаушы
Қар үстінде жатып қалды, алыстан
Ұйықтап жатқан секілді ол,
бүлк етпейді жүрегі,
Ұзақ жүрді ол – енді қанша жүреді?
Ажалынан құтылмады ол, тегінде
Өлімімен кетті анықтап өлімді. 1943
***
Өлсем егер – газетті еске алыңдар,
Сұмдық жылдар, сендер де есте қалыңдар.
Тілеймін мен ақырғы үнім біткенде
еске алмай тек Волга ағысын сонша көп
бұталардың сыбдырын да еске алса деп,
Жұмбақ жасыл сұлулықты ғаламат.
Өмір сүрдім мен солармен, мың да бір
Шегіршін мен талшын жырын тыңдадым.
Сән, көрініс емес олар жай ғана,
ағашта бар ұлы тағдыр, ұлы астар.
Мен кетермін – орман қалар айнала,
Мен сөйлесем – сөзімді орман растар. 1945