КЕЛЕДІ ҰЛЫ КҮН

Кешкі аспан әлсіз шапақ, арайлы,
Қалғып кеткен қалжыраған түн мана.
Ошақтардан әлсіз сәуле тарайды,
От басында күйбеңдейді қарт ана.

Үстінде оның қоюланып қара түн,
Қызыл-қоңыр жолақ тұрды жосылып,
Гулейді жел қағып отты қанатын
Жапырақтың сыбдырымен қосылып.

Қан майданға аттандырған бес ұлын
Қайран ана күрсінеді – бар ма айып!
Түсінде атап ұлдарының есімін,
Сағынышы бара жатыр сарғайып;

Үні олардың құлағында тұр әлі,
Ыстық демі тигендей бір бетіне,
Бәрі алдайды, алдайды оны құлағы:
Ашылды есік... келіп қалған секілді.

Шешті міне, ұш жағынан түйілген
Сол орамал соңғы хатты тұр сақтап,
Әрбір әріп ыстық қолмен тізілген –
Қысылды дем, жауды көз жас бұршақтап.

Таныс елес қашықтайды, билейді,
Қазан қайнап қарауытты ошағы.
Кешкі бояу қоюланып түн болды,
Қараңғыға жүзін ала тосады.

Жазғы бақта бес терек тұр теңселіп,
Сыбыр-сыбыр жанасады бұл достар.
Бұтақтарын жып-жылы бір жел сүйіп
Арасынан сығалайды жұлдыздар.

Күрсінді ол жалғыз отыр манадан
Бес терек тұр ана үмітін жандырып.
Жасың тишы, егілмеші ана-жан,
Оралар ұл, орнар бақыт мәңгілік.

Тағы да алыс мұнартады көк жиек,
Дыбыстасаң жауап берер жаңғырып.
Дала жатыр буға пісіп елжіреп,
Жасарып жер, жасар бақыт мәңгілік.

Бақша жайды айналып жел есіліп,
Ентіге кеп терезені қағады ол.
Бірге асығып ашты үйдің есігін
Сабағынан қайтқан қара баламен.

Келеді күн, келеді бір ұлы күн,
Келер бақыт, келер, ана, бес ұлың.
Қаһарлы түн күлге төгер сынығын
Ұлдарыңның атарсың шын есімін.

Көкірегіңде күн күлгендей бейне бір,
Қуаныш жас көзден сонда ағылар;
Көрерсің сен – бақыт нұрын бейне бір
Нұрына оның кәрі жүзің малынар.
1942 жыл

НАВОИ

Кезіп ем оймен ғасырды:
Алдымнан шықты қарт адам –
Сақалы қымтап жасырды
Арманшыл жүзін шаршаған.

Ұлылық ой мен қайғы, әжім,
Қабағыңда осылып;
Қызыл күн сүйіп маңдайын,
Сағым мен үміт қосылып.

Иіні түскен салбырап,
Қастары қалған қағылмай;
Ұйқыда Шығыс балбырап –
Асылдар өтті танылмай...

Түн жарым, тыныш төңірек,
Аспанда жұлдыз шашылып.
Жетімдер жүрді еңіреп...
Кітаптар жатты ашылып.

Кеселер тұрды мұң толы
Жетішырақ жанында.
Қанды гүлдер бүкеті
Келеді ұшып алдына.

Сол түнекте жол салып,
Отырды ақын томсарып.
Ғират түні тым-тырыс,
Қытымыр аяз, үскірік.

Алауланып күн шығыс,
Зулайды қалам ысқырып,
Шарықта, қалам, ерінбе,
Күтіп тұр алда ауыр сын.

Сенің туған жеріңде
Құс қанаты – қауырсын,
Көк дауылда ақырып,
Жағасында теңіздің.

Бара жатыр батырып
Толқын мен жыр – егіз бұл.
О, жырларым, батыл бас
Жібек – қағаз аудардым;

Найзағай бол шатырлап
Төбесіне жаулардың!
Кезіп ем бәрін өткеннің
Алдымда қатал кәрілік.

Көзінен оның от көрдім,
Бар арманы, бар үміт –
Іркілген жас жасырған
Қаны судай тасыған.

Көреді ол: келем майданға
Төгуге қасық қанымды
Табады мені қайдан да
Навоидың жыры – жалынды.
 

Социалистік Қазақстан, 1962 жыл, 10 май