Жыр мен мұң
Аманқос Ершуов
1963 жылы Атырау педагогикалық институтының 2-курс студенті кезім. Алматы өнер ордасы ғой, сондағы ҚазГУ-ге ауыссам деген ой келді. Жазушылар одағы сонда. Осы ойымды группалас жолдастарға айтып едім, олар: «Облысыңды, үйреніскен білім ордасын қиып кетпекпісің. Астанаға барғанда атың оза ма, қайда да ізденіс, еңбек керек қой. Талаптансаң тауға шығасың, жерде қалмассың, әйтеуір. Одан да стипендия алған соң, группаластар болып ақша жинап берелік, барам десең бар, көріп қайт, - десті. Сәті келгенде, жолдастарым біраз қаражат тауып, улап-шулап шығарып салды. Бұл – Алматыға бірінші баруым. Осыны ескеріп, сол кезде Алматыда оқып жүрген ауылдас ағайыным Жақсылық Сәрсеновпен бірге жолға шықтым. Поезд 2-3 күн жүріп, түнде барады екен. Жолбасшым Жақсылық көп қамқорлық жасады. Жалдаған үйіне қонаққа апарып, ертесіне Жазушылар одағына жеткізіп тастады. Қасиетті ақ ордаға оң аяғыммен аттап кіріп, кабинеттің есігінің сыртындағы жазуға қарап тұрсам, «Әдебиет кеңесшісі Б. Аманшин» деген есім көзіме оттай басылды.
Берағаңды бұрыннан танимын. 1960 жылдары Жазушылар одағының Гурьев облыстық бөлімшесін басқарып, өлеңдеріме біраз талдау жасап, аяқ алысымды құптаған.
- Аманқос, келіп қалдың ба? Ауыл-ел аман ба? Өзің көргендей мен осында жасап жатырмын. Сен бұл сапарыңда біраз ақсақалдардың батасын алып, ағаларыңның алдынан өтерсің. Мен Жұмекен ағаны сұрадым. «Лениншіл жаста» әдебиет бөлімін басқарып отырғанын білдім де, ендігі барар жерім – сол деп шығып кеттім. Берағаң:
– Қазір түс мезгілі, кешкі 6-дан қалма, біздің үйге барамыз, – деді – үнінен жылылық, жүзінен қамқорлық танытып.
Келсем, Жұмекен бұйра шашы бұрқырап, бірдеме жазып отыр. Біраздан соң басын көтеріп, «Сен кім боласың?» - деп үн қатты. Аты-жөнімді айтып, біліскен соң, орнынан ұшып тұрып, Гурьевтен болсаң, бауырым екенсің ғой», - деп бауырына басты. Көзінің оты ұшқындап, қасыма отырып, ақыл-кеңестерін үйіп-төкті. 5-6 өлеңімді алып қалып, «Лениншіл жаста» шығарған еді. Бұл – оны бірінші көруім.
1969 жылы жас ақын-жазушылардың кеңесі Алматыда өтетін болып, Марат Отаралиев, Фариза Оңғарсынова үшеуміз бардық. Қонақүйде орналасқан соң, Марат Жұмекеннің үйіне телефон соқты. Жаңа ғана самолеттен түскенін, шайға баратынын білдірді. Енді маған бұрылып «Самолетке қайтар мезгілге билет алдырып қоймасаң, соңыра билет алу қиын болады. Оған кететін ақшаны Нәсіптің қолына бергеніміз жөн. Әрі екеуміз де ақкөңілміз, қаланың жалаң аяқ қаламгерлері сырамен бірге жұтып қояр – деген. Менен 3-4 көйлек бұрын тоздырған тәжірибесі бар, оның әлгі айтқандары ақыл еді.
Көп күттірмей таксилетіп, Жұмекен ағаның үйіне де жеттік.
Осы жерде біраз шегініс жасап, Мараттың кім, қандай ақын екендігін айта кетейін. 1961 жылдың күзінде Құлсарылық студенттердің шақыруымен, ол кезде Гурьев пединститутында оқитын Марат Отаралиев келе қалды. Сол тұста облыстық, республикалық газет-журналдарға жарияланып жүрген біздерге қарағанда, оқ бойы озық тұратын. Бірнеше күн бірге болып, Сапарбек пен Бағытжанның үйінде ғана жатып, түстеніп жүрдік. Ара-тұра Құлсары көшесін кезіп те кетеміз. От тілді, орақ ауызды ақын жігіт «шөп те өлең, шөңге де өлең» дегендей, оңды-солды жыр ағытады. Топтанып барып, бір дүкенге кіріп, сатушының атын сұрап біліп алған ол:
– Сені ойлап бір ақын
Жүр сағынып, Хадиша.
Күлімсіреп тұратын,
Құлсарылық Хадиша, -
дей бергенде, еден тазалап жүрген кемпір: «Менің қызымда нең бар?» деп сыпырғышымен жауырынға салып-салып жіберді. Әбден шабыттана қызып алған ақын жігіт оған да тоқтаған жоқ, өлеңдете берді Сапарбек болса, «Ол бала біздің ауылға келген өнерлі қонақ» – деп түсіндіріп өтті.
Дүкеннен далаға шығып «анау ауылды қалай атайды» - деп сұрады. – Седьмой, – дестік біздер.
– Онда не бар?
– Сырахана бар.
– Анау тұрған седьмой,
Седьмойда – пивной.
Пиво бар жерде арақ бар,
Арақ бар жерде Марат бар .
Біздер солай қарай жүріп келеміз. Сыра – Сырдың суы емес, кей күндері болмай қалатыны бар. Әркімнің көңілінде осы күдік. Бір кезде Марат Отаралиев:
– Япыр-ау, біз барғанда сыра болса,
Кезекке Бәйен барып тұра қойса,-
дей бергенде, одан әрі Бәйен іліп әкетті.
– Бәйеннің қалтасында ақша болмай,
Сапарбек ағасынан сұрап алса.
– Жігіттер, ішпегеннің өзі жақсы,
Қол жайып, қайыршыдай жылағанша! –
деп Амангелді Бердіғалиев топқа тоқтау салды.
Марат көп ұзамай ҚазГУ-ге ауысып кетті. Онда барған соң, сапырып жазды, табылса сапырып ішті. Студенттің қалтасында қандай жөнді ақша болсын, таныс біреулер кездесіп қала ма деп мейрамханаларды аралап келе жатады. Міне, қызық! Тарих ғылымының докторы Қарағұсов деген ағайы жалғыз өзі шөлмектерден шөмеле үйіп арасында отыр. Салып жетіп бару ұят, содан соң қайтара тұсынан әрлі-берлі өтеді. Біраздан соң, әлгі кісі мұны көріп қалады да, столына шақырып:
– Сен баланы өлең жазады деп естідім. Жазғыш болсаң осы отырысымды суреттеп берші – дейді. Ерні кезеріп, ішкілікке ішқұса болып тұрған Марат бөгелмей:
– О, менің ішкіш досым, Қарағұсов,
Отырмыз тек екеуміз арақ ішіп,
Сен болсаң - арақтағы кәрі тарлан,
Мен болсам – соңына ерген бала күшік, –
деп қоя береді.
Қарағұсов: – Ал бала, өлеңіңе ризамын. Бірақ өзімнен басқа ешкім білмесін, – деп тапсырады. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дегендей, бұл шумақ бүкіл Қазақстанға жайылып жүре береді.
Сол жолы Жұмекен екеумізді, Маратты қалжыңдап былай деп қарсы алды:
Бір ұлды болған екен Отарәлі,
Арақты бөшкісімен қотарады.
Аяғын әзер басып келе жатса,
Қаланың тұра қашар сотанағы...
Ақын үйіндегі әдебиет, жалпы, Атырау елі туралы әңгіме сағат 9-да басталғаннан түнгі 1-ге дейін созылды. Несін айтасың, о да бір естен кетпес басқосу еді...
76-жылдары Жазушылар одағының кезекті құрылтайына бардым. Алтын екеуміз «Алматы» қонақ үйінен орын алдық. Съезд бітіп, 2-3 күн астанада демалып қалдық. Сондай күндердің бірінде Жұмекен бізге келіп, қағаз қалдырып кетіпті. «Аманқос, келіп аға-жеңгеңнің үйінен шай ішу керек қой... Танысу, есік ашу шайы. Сондықтан үлкендігімді көрсетіп шақыра келіп едім, жоқ екенсіздер. Ертең сағат 5-те күтеміз.Жұмекең. 12 май 1976 жыл».
Күткен уақытта бардық. Нәсіп жеңгеміз кең дастархан жайып қарсы алды. Жұмекен аға мені өзімсініп кеп әңгіме айтты. Көбісі көңілінде жүрген мұң. Мұң болғанда, әдебиетке байланысты. Шығарып жатқан кітаптарына редактор болған адамдар жақсы өлеңдерін жамансынып сызып тастайтын көрінеді.
«Олармен айтысып-тартысып жүйкем жұқарып жүр. Мені, сірә, дүмбілез ақын қылып көрсету ойларында бар... түсінбейді бұлар».
Десек те, ақын достарының, әдебиет сыншыларының ойы мынаны саяды.
Өлеңмен өзегі өртеніп, теңеулердің буулы теңін ақтарып, асыл сөз іздеп, жыр аспанында оқшау ойлары найзағайдай жарқылдап арынды ақын Жұмекен де өтті дүниеден. Өтті дейміз-ау, оның өлмес өмірі енді басталғандай, баспасөз беттерінде жиі-жиі еске алынып келеді.
(«Қазақ әдебиеті», 2009 жылғы 20 наурыз)