«Жұмбақ ақын» айдары

 

(«Қазақ әдебиеті», 2008 жылғы 14 қараша)

«Ғаббас Қабышұлының «Арамыздан асығыс аттанғандар» атты эссесінің ақын Жұмекен Нәжімеденовты суреттейтін бір жолдарында: «... Жұмекен өлеңін алдыңа тастап қойып, папирусын дембіл-дембіл терең сорып, қою көк түтіннің арасынан көзін сығырайта, жүзінде болмашы күлкінің, әлде мысқылдың ұшқыны сезіліп, үнсіз, ұзақ қарайтын еді. Ақын бақиға аттанғалы арамызда орнаған сол тұман әлі сейілмеген тәрізді болады да тұрады. «Қазақ поэзиясына тереңдік әкелді» деп қанша дәріптесек те, Жұмекеннің ақындық һәм адами болмысын буалдыр ойлардан аршып ап, терең түсіне алдық па? «Жұмбақ ақын» айдарында осы сауалға жауап іздеуге ниет еттік.

Тұманбай Молдағалиев

ШЫН МӘНІНДЕГІ ТҰЛПАР

Жұмекен бізге консерваториядан келді, домбыраны жақсы тартатын еді. Алғашқы жинағы талқыланғанда қатыстым, Әбу Сәрсенбаев, Қажым Жұмалиев, Ғафу Қайырбеков сынды үлкен ағаларымыз сөз сөйледі. Біз құттықтаушылардың арасында болдық, ол кезде біздің кітаптарымыз шығып, танылып қалған кез еді.

«Жазушы» баспасында бірге жұмыс істедік, өте тұйық, сырын айтпайтын, шешілмейтін жігіт еді. Ара-арасында бір-бірімізбен әзілдесіп те қоятын едік. Көз алдымда бір кітабынан екінші кітабына өсіп отырды, мен өзім аса шексіз сеніп, аса шексіз сыйлаған кісім, жақсы ақын. Біздің заманымыздағы мықты ақындардың бірі. Қай өлеңін алсаң да терең, әр түрлі тақырыптарға баратын. Мен ол туралы кезінде көлемді мақала жазғанмын. Шын мәніндегі терең, шын мәніндегі ойлы ақын. Жасы елуге жетер жетпестен өмірден өтіп кетті. Менің өз ұғымымда Жұмекен қазақ өлеңімен, қазақ халқымен бірге жасайтын ақын. Мен Жұмекеннің шығармашылығы жөнінде талдап айта алмаймын, өйткені мен Жұмекен шығармашылығын зерттеуші емеспін. Қатар жүрген ақын ретінде айтсам, ол шын мәніндегі ұлы, ірі, тұлпар ақын.
 

Аманхан Әлім

ЖҰМЕКЕНГЕ ЕЛІКТЕУШІЛЕР –
ОНЫҢ НАШАР КӨШІРМЕСІ …

Жұмекенге еліктеушілер – оның нашар көшірмесі… Маяковскийдің ақындардың әр түрлі болуы керектігіне саятын ой айтқаны бар еді. Сол сөзді темірқазық етіп айтсам, қазақ поэзиясында да ақындардың сан алуандығы байқалады.
Қазақ өлеңінде өзіндік мектебі бар ақындардың бірі – Жұмекен Нәжімеденов. Орыс сыншылары поэзияны үнсіз (тихая) поэзия, эстрадалық поэзия, философиялық поэзия деп бөліп жатады. Меніңше, біздің сыншылар қазақ поэзиясын түрге бөліп жіктеп, шегелеп бере қойған жоқ. Мен осы тұрғыда Жұмекенді философиялық поэзияның төл өкілі дер едім. Өйткені, Жұмекенде нәзік лиризмге қарағанда салмақты сана басым. Ол ақын мінезіне де байланысты, Жұмекен адам ретінде де салмақты болатын. Яғни Жұмекеннің поэзиясы Жұмекен табиғатының көрінісі. Мысалы, оның бір өлеңінде мынадай сөздер бар:
«Жеңілдігі көбіктей,
Ауырлығы табыттай».
Мен осы жолды адамның әр кездегі көңіл-күйін дәл сипаттайтын сөз ретінде аспанға жазып қояр едім. Бұл – өмірдің өзіндей қатал, өмірдің өзіндей жұмсақ сөз. Жалпы, Жұмекен ақынды зерттеушілер оның, әсіресе, өмірінің соңғы жылдары философиялық, мифтік тақырыптарға барғандығын әлі де толық талдап бере қойған жоқ. Оның өлеңдеріндегі интонацияның өзі күрделі. Қазір Жұмекенге еліктеп жүргендер көп, алайда, оның барлығы Жұмекеннің өте нашар көшірмесі. Жұмекеннің өлеңдегі интонациясын, ырғағын ғана меңгеріп, түпкі ойын, айтқанын, айтарын меңгеріп үлгермегендер.
Достоевскийдің «Пушкин өмірден өтіп, өзімен бірге көп жұмбақты ала кетті. Біз сол жұмбақты шешумен әлекпіз» деген мәнде айтқан сөзі бар. Біздегі Абай да поэзиядағы шығармашылық жұмбағын өзімен бірге алып кеткен адам. Жұмекен де дәл сондай. Өзімен бірге поэзиядағы небір жұмбақты алып кеткен, бізге шешуге қалдырған. Біздің сыншыларға поэзия жұмбағын шешуі үшін әлі талай уақыт керек. Меніңше, Жұмекен жұмбағын шешу үшін ақындарымыз еліктеу, солықтаудан оны екінші планға ысырудан сақ болуы керек. Неғұрлым ақындар оған еліктеп өлең жазған сайын Жұмекен қадірін кетіреді. Өйткені, тәттіні көп жеген адам тәттіден шығатыны секілді, оқырманды Жұмекеннен «шығарып жіберуі» мүмкін. Мен қазір Жұмекенге еліктеп жүрген жастарға, сендер Жұмекеннің жолымен жүрмеңдер, шамаларың келгенше одан «шығып кетіңдер» деп айтар едім. Жұмекенше жазып жүрген ақындардың өлеңдері жақсы, ұйқасы бар, бірдеңе айтқысы келеді, бірақ ол бәрібір Жұмекеннің көшірмесі болып қала береді.
Жұмекен – жұмбақ ақын. Оны тану болашақтың еншісінде… Орыстың ұлы ақыны Юрий Кузнецовтан «Жұмекен Нәжімеденов өлеңдерінің жолма-жол аудармасы қолыңызда бола тұра неге аудармадыңыз» дегенімде, ол Жұмекеннің күрделі ақын екендігін алға тартқан. Ал күрделілік еліктеуден гөрі, тануды, түсінуді қажет етеді.

Жарас Сәрсек

ОЛ ӨЗ ОҚЫРМАНЫН ӘЛІ ДЕ АЛДАН КҮТЕДІ

Бізде тақырып іздеп табанынан таусылатын ақындар аз емес. Әрине, мұндай әрекетке жатырқай қараудың қажеті жоқ. Ал Жұмекен Нәжімеденовке тақырып дегеніңіз табанының астынан табыла кететіндей көрінеді маған. Көпшілігіміз еріккеннен көз жүгірте салатын жағрафиялық карта, Құдайдың құтты күні жерден іліп алып аяқ баспайтын маңға қоя салатын түйір нан, жыртылған қағаз, оңған шүберек, тағы сол сияқты толып жатқан елеусіз нәрселерден Жұмекен ақын ғажайып дүниелер тудыра біледі. Сол қасиеті арқылы оқырманды сан түрлі ойға шомылдырып, тұла бойыңды шымырлатар ғаламат сезімге бөлейді. Мұңаясың, мұңайып отырып еріксіз егілесің. Оның кез келген өлеңін оқып отырып бірде күнге қыздырынғандай, бірде төбеңе сұп-суық су құйып жібергендей күй кешесің.

Сондай-ақ ақын Жұмекеннің талғам деңгейі осы уақытқа дейін өлеңге қойылып келген талап деңгейден әлдеқайда жоғары тұрғандай. Ол сол қасиетін қандай жағдайда да қастерлей білген. Сондықтан болар оның шығармалары өз уақытынан озып алға ұмтылып отырады.
Төбелердің көңілі үшін,
Ғасырлық,
Кейде шыңның
асқақтығын жасырдық.
Жапалақтың шыққаны үшін
тасқа ырғып,
Таққа сүйеп отырғыздық
«тақсыр» ғып.
Ал, кей күні қыран құстың қанатын
Қиып алып бір байғызға жапсырдық, - дейді жарықтық Жұмекен.

Төбені – төбе, шыңды – шың дейтіндей, яғни әр нәрсені өз атымен атайтын да кез келер. Сол кезде оқырман нөпірі Нәжімеденнің баласының жинақтарына қол созатын болады. Сол сәттің ауылы тым алыстап кетпесе болғаны.