Жамбылов жинағы жайлы сөз
Автордың күллі ой-пиғылында, ниет-мақсатында кім-кімді де құптарлық бір игі қасиет бар. Ол – нені болсын, өзімше айтсам, өзімше көрсем, сезінсем деген талап. Ұдайы жаңалыққа, демек, қазіргі поэтикалық мәдениет үшін, соның сонылығы, әсерлілігі үшін әйтеуір бір тосын, тың нәрсе айтып тастасам деу – өлең жазатын әркімнің-ақ мұраты. Өлең мәдениетін көтеру жолында әркім-ақ тер төгіп жүр. Мәдениет, әрине, жаңалықсыз жасалмайды. Тілепалды жырларының ат-айдарына қарап отырып-ақ автор талабының дұрыстығын түсінуге болады: фреска, гротеек, натюрморт, т.б. сөздерді кіргізудің өзі де – басқаша мән, мағына, астар іздеуден туған жайлар екенінде күмән жоқ. Бірақ ескіге де, жаңаға да ортақ бір өлшем бар ғой. Өлең, жалпы әдебиет атаулы, сөзден жасалатын болғандықтан, сөздердің өзара байланыс, қиысу-қиюласу заңдылықтарын аттауға болмайды. Мағыналық, мазмұндық байланыстар да сөздердің жүйеліктеріне әкеледі. Сөзде жүйе болмаса – «қуатты ой да бас құрай алмайды». Мұның бәрі ескі, атамзаманнан бар қағида. Әйткенмен ескірмейтін, мәңгі тірі болуға (өлмеуге) жаралғаны ақиқат қағида.
Табиғат – холст, көзім қалам, – бояу жаққаны,
Мына күннің қып-қызыл боп батқаны –
Анам менің пештің аузын ашқаны,
Жайнап жатқан шоқ арасынан аударып,
Қыз бетіндей күлше жауып жатқаны.
Теңелмейтін нәрсе жоқ: бәріне теңеуге, теңгеруге болады. Табиғат – холст болса, бола-ақ қойсын, көз қалай қалам бола алады? Кірпік қалам болса (қылқалам) – бір сәрі, оған да қосымша әлденелер керек. Әйтпесе кірпікті – қалам деп иландыра қоюдың өзі оңай шаруа емес. Бұл – бір ғана ұғымды білдіретін тіркес. Ал «Ойым – бояу жаққаны» деген не? Мұны түсіну – тіпті қиямет. Австракционист-ақындардың сөздері де бұлай адаспаушы еді. Келесі жолдардың жағдайы да жетісіп тұрған жоқ. Дегенмен, «жайнап жатқан шоқ астынан суырылған күлше нан «қып-қызыл боп батқан күнге» ұқсайды десе – дұрыс дер едік, бірақ автор ол күлшені «қыз бетіне» теңеп қойған соң тағы адасып қалдық.
Тұрмыс сәні қалуы үшін бүлінбей,
Туысынан әдемі кір шалмаған тіліндей,
Арман-қиял мәңгі әлі көрмеген
Саусақ тиіп үзе алмаған гүліндей.
«Тұрмыс сәні бүлінбей қалуы үшін» не істеу керек деген сұрақ өзінен-өзі туады. Жауап жоқ. Әлгіндей шартты тіркестерді автор оңды-солды төгеді. «Туысынан әдемі кір шалмаған тіліндей? Ненің тіліндей? Арман-қиял мәңгі әлі көрмеген – нені көрмеген, кім көрмеген? Саусақ тиіп үзе алмаған гүл ме? Түсініксіз.
Ылай басып, жоғалып қайта мың ақпай,
Құрлық бетін жөнсіз бейқам құрғатпай,
Ағар еді крокодил тірлік төсімен,
Туған жаңа әппақ сәби бұлақтай.
Мұндағы әр жолдың өзін, бәріне ортақ тұтас жерде, логика талап етпеген күннің өзінде, жеке-жеке қарап та бір нәрсе түсіну, әлдебір атына, не суретіне көз жеткізу мүмкін емес. Ылай су (расында да) тәрізді, түбіндегі түгіл бетінде қылтылдап жүрген нәрсенің не екенін айыру қиын. «Сәби бұлағы» не, «крокодил тірлігі» не – беймәлім. «Күш жеткені жеңген белгі кесіп алып бастарын» – деген не сөз? Күші жеткен кісі – жеңген кісі деп-ақ түсінейік, сонда кім – кімнің «басын кесіп алады?» Мұнымен салыстырғанда:
Топырақтың астынан тамыр бойлап жанданар,
Жарық күнге жарқыл қосып,
Сым тоғындай жалғанар,
Жас баланың өсе келе дана болған басындай
Алма ағаштың ақыл толған басы шығар алмалар,–
дегенін ептеп түсінуге болар. Өйткені мұнда, алыстан естілген дауыс сын-ды, талып жетіп тұрған бір нәрсе бар. Сезім ойға ұқсас, мағына тәріздес бірдеңе аңғарылады.
«Әр адамның өмірінің ұзақ болуы – тірі тірліктің де өмірінің ұзақ болуымен бара-бар». Автор өз жинағының әр тарауының (әр циклінің) алдына, әлгі секілді ой толғаныстарын қара сөзбен беріп отырады. Олары өлеңдерінен гөрі де түсініксіздеу. Бұндай форма көркем әдебиетке жат емес. Бірақ, әдетте, алғысөз, оқушыға жөнеу ролін атқаратын бұ сықылды дүниелер бөлімнің, не тараудың мән-мазмұнын ашуға көмектесетін еді. Тілепалдының қара сөздері, керісінше, өзі онсыз да буалдыр өлеңдерді одан әрі бұлдырата түскен сияқты. «Үш ғасырдан маған тек оның (?) маскісі қалған сын-ды. Сол маскіге қарап олардың тіршілік-мінезін аңғарамын. Маскілері қуаныштан гөрі азап, тозақ, қасіретке толы сияқты. Осыған қарап: біз өмір сүрген ғасыр келер ғасырға қандай маскі қалдырамыз деп ойға батып,– біздің маскіге келер ұрпақ сүйсініп қарар маскі болар деп, бүкіл адам баласының ар-ұятына үміт артамын» дейді. Үзінді емес, түгел көшірілген, автордың түсіндірмесінің сиқы осы. Бұған кім не түсіне алар екен!
Шыдау қиын жесірге
Құр мүсіннен түңілген.
Ыстық құшақ, ыстық леп,
Балбыратпай бойыңды,
Әлдеқашан көз ілген
Балшық басқан, түсінем.
Ал, түсініп көріңіз. «Жақсы күнге де, жаман күнге де бастайтын адам ізі. Ізде ой да, мақсат да, үміт те, бал арман да біртұтас білініп жатыр». Бұл «Іздер» атты өлеңге жазылған алғысөз іспеттес. Енді сол «Іздердің» өзінен үзінді алып көрейік:
Кеткен іздер әртүрлі,
Кеткен тізіп әр күнді.
Бар тірліктің жібінен
Жеке үзіп әркімді.
Икс жасап қиылып,
Кеткен іздер жиылып,
Кетті екен Құдай-ау,
Не нәрсеге сиынып.
«Апама жездем сай» дегендей жырының, «Әлхиссасының» түрі әлгі. Өлеңдерде ұйқастан басқа (оның өзі арзан, әбден жауыр болған ұйқастар) ештеңе жоқ дерлік. Сырт қарағанда, ойлы, тың, тосын көрінгенімен, қолға қалам алып үңіле қараған кісінің бірдеңе түсіне қоюы екіталай.
Жетілмей қалған тұлғасыз,
Желкесін қарып мұз басып,
Жасырып ақтап сұраусыз
Өткен сын-ды үш ғасыр.
Өткен сын-ды үш жүз жыл
Өмірін жұтып үш жүздің.
Өлтіріп тынып күштісін,
Өлмесі қалып күшсіздің.
Өстіп кете береді, кете береді. Автор әлдене айтқысы келеді, оқушы әлдене түсінгісі келеді. Бірақ екеуінікі де жай талап қана.
Қолжазбада 121 бет бар. Жоғарыда келтірілген үзінділер сол 121 беттің кез келген жерінен алынды. Автордың кез келген сөзі үзінді – цитат болуға (нашарлау мағынасында) жарайды. Тілепалдының осы қалай-ау деген тұстарын таңдап, еңбегін әдейі кеміту үшін жасалған харекет жоқ. Бұған осы қолжазбаны бір қараған кісінің көзі анық жетеді.
Тілепалды Сатышұлы (бір кезде бұ жігіттің фамилиясы осылай еді) өлеңді көптен жазып жүрген адам. Осынша уақыт тер төккенде – еңбектің еш болғаны авторды ғана емес, оқушыны да қынжылтары, қинары хақ. Амал не, шындықты айтпай болмайды. Бір кісінің көңіліне қарап, мың кісіге қиянат жасау – қылмыс қой.
Сонымен, қолжазба басуға жарамайды. Топырағы жаман өлеңді жөндеп жақсартқан редакторды да көрген емеспіз.