САҒЫНЫШ СИМФОНИЯСЫ

Рахымжан Отарбаев


Ол бізден соншама алыс.
Ол бізге соншама жақын.
Жол қашықтығы қас-қағым сәт. Ал, ой алыстағы ше? Мына тамыры тынымсыз бүлкілдеп жатқан жұмбақ дүниені қапысыз тану, табиғи болмысты өз көзімен көру, алақұйын сезім ағымын тежеп, ой қалыбына құю, уақытшалықтың алаөкпелігін мәңгіліктің салқын сазында суыту, көркем көрінемін деп, әлем-жәлемі шыққан мына бедеу тірліктің анық бәсін айыру, міне, шынайы қаламгердің жыр тұлпарына сілекейлеп тағар тұмары – осы.
Жұмекен Нәжімеденов – Абай атамыздан кейін талайдың жүрегі дауаламай қойған осындай ой философиясын ашық игерген, айқын бағындырған тұлға.
Көп болған қандай жақсы?! Тас та айналасына таудың туысқанымын деп айбат шекпей ме? Селдіреген тоғай да қалың орманның жұрағатымын деп жатпай ма?
Ал жапанда жалғыз түбір біткен даралық ше?
Ой жалғыздығы ше?
Баяғы Григорий Распутиннің бір сөзі бар. «Мыслями с богом, а телом то с людьми» деген. Шегіп айтқан иманды сөз.
Жұмекен аға:
«Қасиетіңді сезгенменен, қадау шың,
Қасіретіңді ұға алмадық, жалғыздық», - десе, қасиетпен қатар қасіреттің қанаттас жүретінін, оның да бақ пен сордай, жоқ пен бардай еншілес екенін ерте түсінгеннен.
Осыны сезіну және баһи дүниеге өткенше сол бір қасиетті серттен айнымау қандай құдіреттілік! Ақ қағаз бетіне әр әріпті адалынан түсіріп, әпитектей әспеттеп өту неткен ерлік!
Алланың құлы ретінде иманы бұйырды.
Ақындықтың ұлы ретінде жиғаны бұйырды Жұмекен ағаның!
Мына салтанат, мына мінәжат соның анық куәсі емес пе, әлеумет!
... Сол Алматы әлі күнге менің көз алдымда. Күз еді. Сары ала жапырақтар сағыныштай боп төбеңнен жауып тұратын. Жас едік. Ақыл аз да, арман көп еді. Қазір ғой, ақылдың көбейіп, арманның азайып кеткені. Абай даңғылындағы Баспалар үйінің алдында Жұмекен ағаны тосып тұрдым. Айналаңды үйіріп майда самал еседі. Тентек бураның өркеш жүніндей шашым үрпиіп, жан-жағыма алақ-жұлақ қараймын.
Жалғыз өзі келе жатты. Үстінде қоңыр барқыт бешпенті, шашы иығына төгіліп, сабырлы жүзі, ойлы көзіне сәл-пәл мысқыл жүгірген. Қазір бір құрдасына уытты әзіл айта қоятын сынды.
Қазақы аман-саулықтан соң бойыма көз тастап үнсіз қалды. «Көңілі толмады-ау» деп ойладым. Аузы берік кісі еді ғой, «Отыз жылдан соң Қошалақтан бір бала келген екен ғой, - деді үміт үздіріп барып. – Жүре ғой менімен бірге ... »
Аға алға түсті. Сары ала жапырақтар жауып тұр. Күз еді. Жұмекен ағаның айналасында алтын шуақтар үйіріліп бірге кетіп бара жатты. - Жүре ғой менімен бірге ...
Ол жалқы еді. Жырда да, мына жарапазаншыл әлемде де. Сабырдан қалған жалғызды жеткізем деумен өткен атасы жайлы «Мені өсірді қолда бар биігіне көтеріп» десе, бұл – имандай сыр. Шықылықтаған қоңторғай тірлік, сүйегіңді үңгіген зар, күдердің үшбұрышты майдан хаты, көрерің – шолақбелсенді атанған ақсақ, тоқсақ, саңырау, соқыр. Ел нәпақасы – жалғыз сиырдың айраны, жалғыз қатынның айқайы. Осы көріністің бәрі-бәрі кейіннен Жұмекен қаламына құдіретті суреттер боп құйылды. Ғажайып образдар боп бірікті. Кереметтері келісім боп кірікті.
Мұның бәрі кәдімгі қазақы қара өлеңнің құшағына сыймай, Жұмекенге тән стильді қалыптастырды. Мұнда Гетенің суреткерлігі, Блоктың күрделілігі, Уитменнің тереңдігі жатты.
Сол заманның өзінде:
Балағынан бастайды құртатындар халықты,
Шабағынан бастайды құртатындар балықты, - десе, бұл бүгінгі жанайқай боп естілмей ме?
Ел мен жер тағдыры, кешегі мен қазіргінің тайталасы, ұлттық болмыс пен бояу, ата салт пен ана дәстүрдің келешегіне елең қаққан ақынның кірпігі қамаспас. Осылай он ойланып, жүз толғанып кеп:
Ақылдыға қайғы алдырсам деп едім,
Ақымақты ойландырсам деп едім, - деп тербеледі.
Иә, бір ақымақтан жүз ақымақ туады. Бірақ бір данышпаннан жүз данышпанның тумайтыны несі?! Сұрағы көп, жауабы аз дүние сыры – осы.
Көктемде көктеп, жаз қурап,
Жапырақ атын ақтадың.
Құлағынан басқа құны жоқ,
О, менің ақымақтарым!
Бұл табиғат лирикасы ма? Жо-жоқ. Бұл заттанып, тұлғаланып кеткен ой түйіні еді. Астары қандай айшықты?! Мірдің оғындай мергеннің сөзі деген осы!
Абай жазды ақ көңілін дәптер ғып,
Қасым жазды, жүйрік деген ат бердік.
Ал сен кімнің рөлінде ойнайсың?
Арзан, арзан, арзан, арзан актерлік, - деп ақын бірде айбаттанса, бірде «Лай судың-ай, қуын-ай, қуын-ай» деп шарасыздыққа ұрынады.
Тіпті жүрегі елжіреген махаббат жайлы жыр жазуды Тұманбай құрдасына еншілегендей, өзі ол тақырыпқа аттап баспайды. Тек анда-санда ғана бір тұмса сезім бас көтерсе, онда да:
«Қызды еске алу – бұ күнде о да ескі ұғым,
Ауыл барған сапарда сұрастырғам,
Алып қашты бір жынды деп естідім», - деп күрең қыз жайлы күрең мұңды жамыратып қоя береді.
«Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,
Көбінің сырты бүтін, іші түтін,» - деп Абайдан қалған қысыр дәме, жесір мұң, данышпаннан қалған уайым Жұмекен ағаны айналып өтті дейсіз бе?
Ал Нәжімеденовтің «Күй кітабындай» тұтас, дәулескер ұлы тұлғалар мен олардың өнердегі орнын жырмен еншілеген бедерлі кітап бұ қазақта сирек.
Жалпы, Жұмекен жырын екі үлкен кезеңге бөліп қараған абзал.
Бірі –жетпісінші жылдардағы прозаға келгенге дейінгі кезең.
Екіншісі – прозадан кейінгі шығармалар.
«Сюжеттері пышыраған мен де жаздым үш роман» деп өзі айтқандай, Нәжімеденов прозасы – оның жалпы прозадағы енгізген жаңалығы, ащы юморы, суреттеу тәсілі, көркемдік келбеті, оқиғаларды беру әдісі – арнайы зерттеуге, бір емес, бірнеше монография жазуға татырлық еңбек. Ұлы суреткер Тахауи Ахтанов ағаның «Әттең, Жұмекен романдары өз бағасын ала алмай барады» деп өкінгені бар.
Иә, біз тірлікте бір-біріміздің қадірімізге жеттік пе, бағамызды білдік пе? Махамбет ақын айтқан:
«Қазанат, сені сақтадым,
Құлағың сенің серек деп.
Азамат, сені сақтадым,
Бір күніме керек деп...» - деп.
Ал біз шын мәнінде Жұмекен поэзиясының өзін түсініп, талдап болған жоқпыз. Тек тамсанамыз.
Поэзия піріндей Әбділдә Тәжібаев «Жұмекен – біздің ендігі ашылар алтын сандығымыз» деп кеткен. Сол алтын сандықты айқара ашпадық. Әлі қызықтаумен, құмартумен жүрміз.
Иә, Жұмекен аға десек, алдымен аузымызға «Менің Қазақстаным» әні ілінеді. Бұл ақынның төл стилі емес, тек ән мәтіні. Бірақ әуенмен біріккенде ғажайып құдіретке ие боп, кеудеңе нұрлы бұлақ құйылып сала береді. Қараңыздаршы, «МЕ-НІҢ ҚАЗАҚ-СТАН-ЫМ!».
Өмірде қызық та қимас тағдырлар бар. Жалпы, тірлікте кездейсоқтық жоқ, бәрі де Алланың әмірімен десек, Жаратқан ием осылай ұйғарғанын пәнде басымызбен мойындауға зарлымыз.
Қошалақтан қоңыр мұңын, қоңыр домбырасын қолтықтап аттанған Жұмекен аға Алматыда аз-кем аялдап, Қарағандыға аттанады. Сол тұстағы замана даусы, қоғам шақыруына үн қатып, «Мен де шахтер боламын» дейді. Сөйтіп, маңдайына болашақтың бағдаршамын қадап көмір үңгіді.
Ал осы әннің елұран болуына бірден-бір тілек қосқан, сөз қосқан, тең авторы атанған Нұрсұлтан Назарбаев болса, дәл сол жылы қолсозым Теміртауда домна пешінің мың градустық қызуына шарпылып, темір балқытып тұрды.
Шәмші аға ше? Ол жылдары сонау Сахалиннің қырында, Ташкенттің ойында, Алматының бойында бір қарыс мандолинасын сыңғыр қақтырып, сырға тақтырып, әнмен елітіп, аршын төстің ар жағында арам жүрек жататынын білмей аңқылдап жүрген шағы еді.
Бес мың жылдық тарихы таңбаланған Қытайды кем дегенде, елу мың император билеген шығар. Бірақ бірде-біреуі өзге ел жадында қалмады. Ал бойы сырықтай, маңдайы кереқарыс, он екі тал сақалы бар Конфуций деген данышпанды жарық дүние таныды. Билеуші емес, әмірші емес. Не үшін дейміз? Мынау күңгірттеу дүниеге ақыл-нұрын, жүрек жылуын, жанының жарығын сепкені үшін. Президент «Елім менің» деп тебіренсе, «Үшқоңырым» деп шалқыса, «Менің Қазақстаным» деп айбаттанса, мұны тегіннен-тегін дейміз бе? Әлде мемлекеттің мың қаралы шаруасы тұрғанда оңаша сәт тауып, өлең жазатыны еріккеннен бе? Жоқ. Бұл – қазақы қанда бар асыл қасиет. Туабітті тектілік.
Иә, Жұмекен аға!
Кісілік пен түсініктің қамшы салдырмас ақ жорғасындай боп бұл пәниден сіз де өттіңіз. Болмасты болдырам деп, қолтығынан жел гулеп, шауып жүрген біз де өтерміз.
Сіз мынау жарық дүниемен «Менің топырағым» атты бір томдық өлең жазып бақұлдасып едіңіз. Мұндай асыл қазына әлі күнге қазақ поэзиясы маңдайына бітпеген құбылыс еді. Өз топырағыңызды өзіңіз жамылғандай болдыңыз. Сол туған топырағыңыз, сол Атырау, сол Жайық, сол Қошалақ бүгін сізге арнаған ұлы тойын бастады. Той құтты болсын, ағайын!
Бір шындық бар. Абайдың басына сілтенген сойыл қалған ақындарға да тиген десек, қиянат болып шығар еді. Жоқ. Олар айтарын айтып өткен. Бәлкім, айғыр шабысқа түсіп, айналасын даң қылатындар, қолы жыбырлап, аузы күбірлеп, пайда қуатындар, «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болам» дегендер жолын кес-кестеген шығар. Бірақ арналы асау өзендей Қасымдарға, Жұмекенге, Мұқағалиларға тосқауыл қою мүмкін емес еді.
Нәсіп апаның есінде шығар, ағаның бір қолапайсыздау тігілген қоңыр қоян бөркі болды ғой. Соны Алматының ЦУМ-ынан бірге барып алғанбыз. Ағам әрі-бері бөрік таңдайды, бірақ ешбірі жараспайды. Сонда айтып едім: - Аға, ақылды басыңызға ақымақ бөрікті киіп қайтесіз, - деп.
Сондағы ағаның нұрланып күлгені әлі күнге көз алдымда. Құдды сурет боп басылып қалған.
Мынау бәтуасыз дүниенің өсек-аяңынан безінген Пушкин:
«Мы - вольные птицы, Пора, брат, пора» деген жоқ па?
Әулие Абай «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да» деді.
Сайранға да, ойранға да қатар кірген Есенин болса, «Не жалею, не зову, не плачу» деді.
Қасым Аманжолов «Қайда екен, қайда, Дариға сол қыз,» - деді.
Жұмекен Нәжімеденов «Ар жағында ұлы ызғар сезіліп тұр,
Жылтырайтын дүниенің беті ғана,» - деді.
Мұқағали Мақатаев болса, «Жапырақ-жүрек, жас қайың,
Жанымды айырбастайын,» - деді дәрменсіздікпен қол созып.
Жарасқан Әбдірашев «Өмір деп өрекпіген жүрегімнің,
Жан даусы жаңғырығып жатар сенде, » - деді.
Осы өлең тармақтарының қай-қайсысында да мәңгіліктің, бақи дүниенің салқын сызы бар.
Жаныңды түршіктіретін, екі айналуға келмейтін бетбұрыс бар. Иә, олар бәрін білді, олар бәрін сезді.
Ең соңғы рет ағамен екінші мәрте инфаркт соғып, ауруханаға түскен сәтінде жүздескенмін. Екі адамдық жайлы бөлме. Қасында қазақтың бір көпей шалы жатыр. Ағайдың жүрегі, ал шалдың бүйрегі науқас.
Жұмекен аға айтты: «Маған жүректің шіли қымбат дәрілерін береді. Көбін ішпеймін. Удай ащы. Көпшігімнің астына тығып тастай беремін. Әлгіні мына шал ұрлап жеп қояды. Тіпті рахат болды, » - деп. Сосын мәз боп риясыз бір күлген.
Сол жолы жазған өлеңі емес пе?! «Дәрі-ғұмыр бара жатыр дөңгелеп» деп. Дөңгеленді ғой дүние, аға, дөңгеленді ғой...
...Сол Алматы әлі күнге менің көз алдымда. Күз еді. Сары ала жапырақтар сағыныштай боп төбеңнен жауып тұрған. Жас едік... Жазушылар одағынан шығып, Жұмекен аға жалғыз өзі бара жатты. Соңында ұлардай шулаған халқы. Бұ жолы: - Жүре ғой менімен бірге, - демеді. Кеңсайға бет алды. Бізге қай сай бұйырар екен?! Балғын жүрегім қан жылап тұрып, сонда мына бір сыңар ұйқастарды жазған едім:
- Жұлдыз болып кіріп сіздің жүрекке,
Жылан болып шағып алған немене?
- Ақын болып кіріп сіздің жүрекке,
Айдаһар боп ойран салған немене?
- Қыран құстай қолға қонып отырып,
Өз бақытын шоқып кеткен немене?

Президент Назарбаев бір сөзінде: «Біз көмірді, темірді, мұнайды, тіпті кез келген қазба байлықты жоқ болса шетелден сатып аламыз. Бірақ таланттарды, дарынды ұл-қыздарды бізге ешкім бермейді. Бұл – ұлы байлық. Сондықтан олардың әрбірін сақтауымыз керек,» - деген. Міне, осы сөз – сөз!
«Көргені жақсы көш бастайды» деген, осы өнеге облыс әкімі Бергей Сәулебайұлына да жұғысты болсын деп айтып отырмын. Мынау у да-шу дүниенің ортасында талантты бір баланың торғайдай шырылдаған даусы құлағыңа ілінбей қап жүрмесін. Екіншіден, Атырауда Жұмекендей жырдың жампозына, «Менің Қазақстанымдай» әнұранға еңселі бір ескерткіш қояр кез келді. Рас па, ағайын? Ендеше, әкім мырза, бұл іс те саған аманат.

 

(«Алтын Орда», 2006 жылғы 24-30 қараша)