Сабырхан жайлы бірер сөз

Қара түнде қалың орманда жалғыз қалған кісінің жүрісі қызық. Адасқанын сезген сайын, берекесі ұшқан сайын әрі-беріден соң арқа мен құбыланы, Батыс пен Шығысты айырудан қалады. Ондай жағдайға душар болған адам үшін жолдағының, маңайдағының бәрі жаңа, бәрі бейтаныс: жолға көлденең түскен бұта да, балақтан ілген әрбір тікен де оған кедергі бола алады. Ал, ең бастысы: бағыт, бағдар жоқ. Оның бағытын жер қолайы, ағаштардың табиғи біту ыңғайы белгілейді. Түп-қазық – мақсат, идеяға түбінде бір шығар жөнді, әрине, қанша адасқан жан да табады. Поэтикалық творчество адамының да жүрісі осыған ұқсас. Оның да ізі ирек, оған да көп нәрсе бейтаныс, оның да бағытын, көбіне-көп жағдай билейді. Сонда да қайтып, қалай жол табу – нені аттап, нені айналып өту – кісінің кісілігіне (талантына) байланысты. Поэзияда да, ғылымдағы сияқты, «сайрап жатқан» жол жоқ. Әрине, жүрген сайын әр нәрсеге көз үйреніп, әлгіндей ну орманның көп түкпірлерінің көріне бастауы табиғи жай. Көркем творчествода мұның атын тәжірибе жинау, машықтану деп атайды. Айырмасы: Орманда бір қалтарыстан жалғыз аяқ жол кезіксе – адам қуанып қалады, өлеңде басқаша. Әрбір оңай табылған тіркеске сақтанып қарайды. Өйткені, оның өзіңдікі болмауы мүмкін. Міне, нағыз творчествоның қиындығы ғана емес, құны да осында жатыр. С.Асанов мұны да ескереді.

Бәрі де аян, бәрі аян,
Аян емес сыр бар ма?
Бәрі де аян, бәрі аян
Сырды айтпаған жыр бар ма?
Десе де, бір қатты мұз
Ерімеген сияқты.
Сонда да бір сұлу қыз
Сүйілмеген сияқты.
Соны сүйіп, соны еріту
Маған қалған сияқты.

Бұл – әлгі секілді қара орманға қараңғыда кірген адамнан айналадағы біраз нәрсеге: ана түкпір, мына түкпірден, ирелеңдеп қосылған көп-көп жолға, соқпаққа көзі үйренген, талай жағдайға көкірегі көндігіп қалған кісінің сөзі. Бұл – өз мақсат, бағытына қалай жол тапқан, басқаша айтқанда, өз соқпағын қай ағаштың түбінен қалай бағыттап саларын шамалап алған адамның сыры секілді еді. Бірақ, әрі қарай жүре түскенде...
Алпысыншы жылдардың басында ақын Сабырхан Асанов жыр-ізденіс, ой-толғаныс орманына осылай кірген. Оның жоғарыда үзінді келтірілген өлеңі бастаған жыр-жинағы жарық көргелі де жиырма жылдай уақыт өтіпті. Содан бері ол талай-талай поэтикалық жинақтар берді, поэтикалық талай-талай формалар тапты, батыл-батыл қадамдар жасады. Жолында көлденең жатқанды аттап, көрініп тұрғанды айналып өтіп (аттауға адым жетпейтінді) деген секілді, өз бетінше жүріп отырып, Сабырхан да талай жол алыпты.

Киіп кетіп жатса да ой көлденең,
Әлге дейін айыра алмай мен келем:
Ақша бұлттар – менің аппақ жаным ба,
Ақ бұлттардың жанымын ба әлде мен?!

Міне, осы сауал ақынның негізгі қозғаушы күші, «анау не нәрсе, мен кіммін», немесе «айнала, орта деген не, оның маған қатысы қандай» секілді мәселеге ой, сезім биіктігіне көтерілер әр кісінің алғашқы баспалдағы. Ізденіс атаулы содан басталмақ. Сабырхан жанында адам сүйсінерлік бір мазасыздық, қанағатсыздық бар. Онысы әр кезде әр қалай айтылып жатады.

Тауға тұғыр қоюдың керегі жоқ,
Таулар өзі-ақ алыстан көрінеді,
немесе:
Үлкен де емес, кіші емес,
Әппақ та емес, қара емес,
Өңім де емес, түс емес,
Жоқ емес, иә бар емес,–
Жадымда қалды бір елес,
немесе:
Отызға жас та келді, сөз де келді-ау,
Құрғыр-ай тұра тұрмай тез де келді-ау.
Балаша шатпақтатпай шала-шарпы
Ойланып іс қылатын кез де келді-ау.

немесе:
Бір өлең жазғым келеді,
Баламдай бөлеп тербетіп.
Бір өлең жазғым келеді
Ұмытпастай жер беті
Қайда екен шіркін сол өлең?
Тапқан күні-ақ өлерем! – (Асановтың ақындық кредосы, міне, осы!) дегенді де,
Өмір жайлы ой
басыңа келеді екен
Ымыртта күн батысқа қарап тұрсаң,– дегенді де Сабырхан айтыпты. Мұның бәрі «Қасымханның қасқа жолында» келе жатқан кісінің сөзі емес. Ал, осы сықылды салмақты ойлар ақынның:
Оңға қара,
Солға қара,
Алға қара –
айналаның бәрі қыз.
Дәл осыны көргің келсе,
ЖенПИ жаққа барыңыз! Тәрізді бәдік-өлең жазып кеткені қалай?

КазГУ болсын, ЖенПИ болсын,
Қайда болсын, бәрібір,
Жатақхана, жатақхана –
Жастық шақтың пырағы.

Немесе:

Кеудесіне тулаған көк теңіз кеп,
Көгал қуған қалды артта өктем із көп (?)...
Сапырып сап-сары ала жапырақты
Күз ішінен (?) мен жүрмін көктем іздеп.

Немесе:

Қусырылып көкжиектің іргесі (?)
Күйіп-жанған елдің жаңа кірді есі.
Таянды да самалдай боп тұрды есіп,
Оңтүстіктің әдеттегі бір кеші,– дегенді де,

Кеудемнен бір көкжиек ашылып,
Мені тым, тым алыс шақырар.
Төрінен түрлі өрнек шашылып (?)
Төгілер түрлі нұр сатылар (?)– дегенді де,

...Көп толқытқан қарасын көрмек болып,
Сірескен бұлт саңлауын дүрбі етемін – дегенді де,

Қайдасың сен, сағынышым,
Паровоздай сүйреген (?),
Неге ғана түспеймін мен,
Бұрынғыдай күйге мен,– дегенді де С.Асанов айтыпты. Келтірілген үзінділерде кездесетін кейбір тіркестерді логикалық-мағыналық жағынан тексеріп көрейікші. Пырақ – Пегас – ат, қанатты «жатақхана – жастық шақтың пырағы» дегеннің ешқандай ұғым бермейтінін дәлелдеу үшін көп біліктің керегі жоқ. Сол сияқты, «өктем із» деген де із болмайды. Өктем із көп – көктем іздеп – жақсы ұйқасқаннан басқа ештеңе бермепті. «Көкжиектің іргесі» де ұғым боп жарытпайды, өйткені, көкжиектің өзі ірге ғой – аспанның іргесі – іргенің іргесі бола ма, т.б.
Сабырхан Асанов жинақтарынан жақсы шумақтар қанша мол табуға болса, әлгі тәрізді іркіс-тіркіс тұстарды да көптеп келтіруге болады. Біздің ойымызша, мұның бәрі талантты кісінің салақтығы ғана емес, іздену жолында тапқан-ашқаны, табысы, ағаттығы.
Өлең тану мәселесінде Сабырхан талғампаз жігіт. Білімді де. Әлгіндей мін-кемшіліктерді өзі де көре алар еді. Түзей алатыны дау жоқ. Қасым Аманжолов: «салақтық – ақындық қасиет емес» дейді. Рас сөз. Бірақ Сабырханның «салақтығы» егер салақтық болса, жалқаулықтан туған салақтық емес. Ол, бүгінгі таңда, ең ізденгіш ақындарымыздың бірі. Форма, түр, мазмұн жағынан да көп ізденіп жүрген ақын; өлеңдерінде ылғи да дерлік, әлденендей бір тың жайтты, бұрын өзі де, өзге де көре қоймаған қайдағы бір қалтарыс-сырларды ашуға тырысып отырады. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» дегенді біз қағида ғып қабылдадық. Ал, екінші жолды: «қиыннан қиыстырар ер данасы» дегенді көбіне-көп ескере бермейміз! Сабырханда осы қиыннан қиыстыру талабы басым болып келеді. Оп-оңай, өзінен өзі қаламның ұшына оралып тұрған ұйқас-үйлесімдерден ақын ылғи қашқақтап отырады, өзінен өзі ойға келіп тұрған логикалық шешімді шеніне жолатпайды. Міне, сондықтан да оның өлеңдері бір қарағанда олпы-солпы, кедір-бұдыр боп көрінеді. Себебі, бұрын ешкім қолданбаған тіркес, (Сірескен бұлт саңлауын дүрбі етемін) теңеу әп дегеннен кімнің көкейіне қона кетсін! Әйткенмен, көкейге қонбағанның бәрі, жаңа емес, жаңаның бәрі жақсы емес. Біз бұл ақынға сын айтқанда, осы, жақсы емес жаңасы туралы айтамыз. Рас, қанша жаңа болғанмен, бір жүрген жеріңді екі мәрте бассаң – өз ізің де өзіңдікі болудан қалады. Кейде өз теріңді ғана емес, өз көкірегіңді өзің тастап, шыққың келетіні сондықтан. Әттең қолдан келсе ғой! Маяковский Келин туралы: «Реалист. Хороший рисовальщик... Меняющийся.» дейді. Соңғы сөзіне назар аударған жөн: «Меняющийся»: Басында айтылғандай қалың орманның, ой орманының ішінде жүрген адамның өз бағытын қалай «өзгертетіні» стихиялық жайт. Осылай жүрейін, осы бағытты қалайын деп, әдейі (саналы түрде) барып ешкім ештеңе ашқан жоқ. Колумбтың Индияны іздеп жүріп, Американы ашып алғаны да содан. Бұдан, әрине, өнер адамы, ылғи да мақсатсыз қаңғырады деген ұғым шықпайды. Индияны іздей білу керек. Индияны іздеу бақыты да көрінгеннің маңдайына жазыла берген жоқ... Қараңғы ормандағы сықылды, бізге Сабырханның кез келген діңге соқтығып, кез белген бұтаға сүрініп жүретін «көзсіздік» қасиеті ұнайды. Қайсыбір әдебиетшілер С.Асанов творчествосы туралы: «алғашқы адымдары жақсы еді, соңғылары бір түрлі болып кетті» деген секілді тұсаулы-түсінікпен ақынға кінә қояды. Мейлінше жаңсақ пікір. Ақын солай, ылғи да өзгеріп, жаңарып отыруға тиіс. Ол – адам. Өлең жазып қана емес, өмір де сүріп келеді: тәжірибе қайда, әсер қайда? Ол – жыр тоқитын станок емес. Кеше ақтағаныңды бүгін айыптайсың, кеше оқыған кітабыңды бүгін қайыра оқысаң – басқаша әсер аласың. Өмір, уақыт заңы осылай. Өз басым, осы тұрғыдан да, Сабырханды барынша дұрыс түсінгім келеді. Қайта, керісінше, кейбір ақындардың бұдан жиырма жыл бұрын жазған өлеңі мен күні кеше жазғанының арасынан ешқандай өзгеріс (түсінік, ұғым, көру, ой түю тәсілдері, т.б.) көрмегеніне таң боп қаласың. Баяғыда сондай еді, әлі сондай дегенге біраз жігіттер мақтанып қалатынын байқағанда, тіпті дал боласың. Мұндай ақындардың он бес-жиырма жинағынан он өлең оқысаң жетіп жатыр. Себебі, бәрі бір ортақол, бәрін бір күнде жазғандай – түгел тінтіп керегі не? Станоктан шыққан матаның бір метрін көр – не, он метрін көр, не – бәрібір.
Андрей Вознесенский поэзиясын талдай келіп, Юнна Мориц былай дейді: «Плох тот поэт, который не обманул, ожиданий и дал точно то, что обещал в юностьи. Значит, он лишен сильнейшего чувства – чувства пути...» (журнал «Юность», №10, 1981).
С.Асановта осы жол, сапар сезімі бар. Уақытты сезіну деген де осы төңіректегі түсінік. Оның іздеуі – іздеу үшін іздеу емес, қызығудың, құмарлықтың іздеуі. Құрғақ қолтаңба, стиль іздеу болса – алғашқы тапқандарының өзі-ақ үлгі болуға жарайтын еді ғой. Оның іздеуі, әрине, кеше қара қызды ұнатып, бүгін сары қызға ғашық болу секілді әсіреқызылдық, күләйландық емес, ой сүйетін адамның басты, ең басты қажеті, табиғи қажеті (потребность деген мағынада) өтіріктің өзінен шындық іздеу, құр сылдырдың өзінен сыр бағу.
Сабырхан Асанов өнер жолын:
Бәрі де аян, бәрі аян – деп, «білгішсініп» бастап еді. Ештеңенің де аян емес екендігіне көзі енді-енді жетіп келе жатқан сықылды. Кітаптары біздің осы ойымызды растайды. Себебі ол:
Айта берсем,
Бұл тірлікте «шүкірлігім» тіптен көп.
Ең бастысы:
Ойлар ойым,
Істер ісім біткен жоқ – дейді. Іләйім бітпесін. Іздей берсін қалың, қара орманда жүрген кісідей, адаса тұрып іздесін, өнеріңді де, өзіңді де ескіртпеудің, қартайтпаудың бірден бір дұрыс емі осы.