Мұндай әнді ешкім енді жазбайды
Марат Азбанбаев
Бейжің жақтан Қазақ Елінің, әрбір азаматтың тосқаны Қазақстан гимнінің үні еді. Ақыры, жетті алғашқы хабар. Жеңіс! Бірінші алтын – абырой. Шарықта Әнұран! Қазақстан туы – жеңіс жалауы желбіре. Көтеріл бүкіл Қазақ Елі ән болып. Елбасы Н.Назарбаевтың әні! Ел әніне айналған Жұмекен мен Шәмші әні! Бұл екеуі осыдан тура 52 жыл бұрын тамылжыған тамыз айында Алматыда танысып, табысқан еді. Қазақтың екі ұлы Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға бір мезгілде түскен. Құдай сәтін салып, қазақтың қос ұланы қосылып, дос болып халқына құдіретті ән сыйлады.
Өлеңнің туған күні – 25 қазан Республика күніне дәл кеп тұр. Әннің сөзін жазуды Жұмекенге ұсынған. Ақын бұл әннің жазылуы хақында еш жазба қалдырмаған. Біз көпшілікке беймәлім өлең жолдарын келесі кітаптан кездестірдік. (Алматы, «Өнер» баспасы, 1981 жыл. Ш. Қалдаяқов. «Менің Қазақстаным»).
«Алтын күн аспаны,
Даласы – алтын дән.
Қырандай жастары,
Қияға талпынған.
Жайқалған орманы,
Жап-жасыл көлдері.
Ел даңқын қорғады,
Еңбектің ерлері.
Менің елім, менің елім.
Көз тұндырар жерің егін.
Партияның аясында елім,
Қазақстан – менің Қазақстаным.
Бес жылдық жоспары,
Бес қырдан асқаны.
Жаңалық достары
Біздің ел жастары.
Алтын күн азат күн
Жаңғыртты жотаны.
Осындай қазақтың Советтік Отаны».
Қайсысы негізгі, авторлық мәтін? Бұған жауапты өлеңді салыстырсаңыздар өздеріңіз де айырып, ажырата аласыздар. Екі мәтін екі бөлек қолдан шыққан. Жұмекен 1983 жылғы күнделігінде «мен әу баста-ақ сюжетпен, оқиғамен сөйлеуге (немесе мысалдап деуге келер ме екен) бейімдеу едім», - деп жазған. Ал авторлық мәтін толық нақты оқиғаға құралған. Жұмекенге тән мәнерде түзілген. Қазақтың жерін бөлуге келсек бұндай сорақы саясат 1959 жылға дейін де жүргізілді. Мысалы 1955 жылдың қараша айында Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын Өзбекстанға беру мәселесі көтеріліп, ақыры 1956 жылдың наурыз айында ол жер соларға бұйырды. Бұл 1959 жылға шейін болған оқиға. 1956 жылдың күзінде Жұмекен де, Шәмші де бұдан хабардар. Екеуі де көзі ашық азамат. Жас кездері. Жаңа кездескен. Консерваторияға алғаш түскен беттері. Нағыз ән жазар дер кездері. Жасампаз істер жастық шақта жасалар. Тарихи оқиға дайын. Қазақстан алғаш рет миллиард пұт астық берген. Тұңғыш орден таққан мерзім.
2003-2005 жылдары Жұмекен жыры мен өмірін зерттеу барысында ол оқыған консерваторияға соғудың бір реті келмеді. Әр нәрсенің өз сәті болмай ма, ойда жүрген іс 2007 жылы орындалды. Жаз. Консерваторияда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ресми түрде Шәмші мен Жұмекеннің студенттік жеке істеріне сұрау бердім. Мұрағаттан тек Жұмекеннің жеке ісі ғана табылды. Ішінде Жұмекеннің консерваторияға түсердегі емтихандық нөмірі үшінші парақшасы шықты. Бірінші хаттама, 1956 жылдың 20 шілдесінде толтырылған. Жұмекен Қарағандыдан Алматыға 5 шілдеде пойызбен жеткен-тұғын. Алғашқы емтиханды 5 тамыз күні бекітілген бағдарлама бойынша домбырадан беске, өте үздік тапсырып, табиғи дарындылығы жақсы бағаланған. Орыс тілі мен әдебиеті және тарихтан бағасы төрт. Бірі тамыздың 12-сі күні, екіншісі 20-сында өткен. Бұл құжаттан шахтер Жұмекеннің консерваторияға өте жақсы дайындықпен келгенін көреміз. Өз өнері, өз білімі, өз біліктілігі, өз дарыны, өз еңбегімен өткен оқуға. Жұмекеннің Қарағандыда 1955-1956 жылдары еңбек еткен шахтасындағы жағдай өте күрделі, қиын-тын. Оны мұрағаттағы кәсіподақ жиындарынан, өндірістік актілерден анықтадық. Қып-қызыл бейнет, ауыр тұрмыс адамға зиян тигізбей тұра ма? 1959 жылы Жұмекеннің денсаулығы сыр бере бастайды. Істегі дәрігерлік дерекке сай Жұмекен 14 қаңтардан 14 ақпанға шейін, 13 мамырдан 8 маусымға дейін екі рет ауруханада жатып емделген. Қай қазақ оңайшылықпен ауруханаға бірден бара қояды! Екі рет ауруханаға жатып шыққан Жұмекен 1959 жылдың 11 маусымында консерваторияның ұлт аспаптары кафедрасының бастығы, профессор Ахмет Жұбановқа жазғы емтихандар мерзімін күзге ауыстыруды сұрап өтініш береді. Себеп – денсаулығы. Шәкіртінің дімкәстігін білетін ұстаздар оның өтінішін қанағаттандырады да, әкімшіліктен оған стипендиясын қоса төлеуді сұрайды.
1956 жылы Жұмекен шахтаның азабынан құтылып, азат азамат өнер әлеміне енді. 21 жастағы жас жігіт. Тепсе темір үзетін. Шаттанып күндей күлетін. Өзіне таланты теңдес дос тапқан. Көңіл күй көтеріңкі. Ел аман, жұрт тыныш. Бізде әлемге керек ән бар. Аты – «Бейбіт күн тілегі». Музыкасы Шәмшінікі, сөзі Жұмекендікі. Кезінде талай шырқалған ән.
«Кел, достарым, ән бастадым.
Көтеріп жаңғырық!
Данасын дала, баласын ана,
Жоқтамасын мәңгілік!»
Қалай! Қандай ғажап, киелі тілек.
Адамзаттық.
«Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген,
Оқ даусы мәңгілік жойылсын.
Бомбаның орнын тегістеген,
Күректер музейге қойылсын».
Кім келіспейді бұл тілекпен! Әр көктемде Жеңіс күні осы әнді бүкіл қазақ Елі боп шырқасақ! Тіпті тек бір біз ғана емес, бүкіл адамзатқа ұсынар Әлемдік Ән. Тыңдаңызшы:
«Көктесін жас ағаш одан әрі,
Өткен күн қайтадан жанбайды.
Сұлудың кестелі орамалы,
Сүртсін, тек тершіген маңдайды».
Өртті, отты өткен күндер енді қайтіп жанбайды. Бұндай әнді ешкім енді жазбайды. Жұмекеннің жарқын тілегі:
«Қайғыны білмесін ана жаны,
Қазіргі адамда арман сол.
Әлемнің бар сәби балалары,
Оянсын ұйқысы қанған соң.»
Арманымыз орындалсын! Сәбилердің ұйқысы бұзылмасын. Келіңіз бәріміз қосылып, әлемге осы әнді салып берейік, олар да қосылар.
(«Заң газеті», 2008 жылғы 20 қараша)