Лермонтов поэмаларының қазақшаға аударылуы хақында
Әділін айту керек, аудармалар, негізінен, жаман жасалмаған. Аудармашы-ақындардың қай-қайсысы да орыстың ұлы ақынының теңеу-образға, ой-пікірге бай, асқақ поэтикалық рухын дәл, қазақ оқушысына ұғынықты тілмен, жеріне жеткізіп беруге аянбай-ақ жұмылған тәрізді. Ұйқас-ырғақ, өлшем-ритмнің өзін Лермонтовша құруға, барынша, көңіл бөлгендері көрініп тұр. Алайда, классиктерді аудару, олардың өз тіліндегідей жан-жақты жұмыр мінез, әрі астарлы мағыналарын жарқырата ашып шығару – оңай шаруа емес. Лермонтов сықылды алыптың саусағымен шұқып көрсеткенін дәл көру, со күйінде тани білудің үстіне, оның емеурінін, иек көтерген жағын аңдып отыру абзал ғой. Өйткені, Лермонтов орыс данышпандарының ішіндегі де аса сирек, жұмбақ құбылыс екені талайдан айтылып келе жатқан, айтыла да бермек ақихат.
Оның творчествосының «Ночная душа русской поэзии» атануы тегін емес. «Ночная душа!» Ал, түнде, түннің қараңғысында көп нәрсе, әрине, айқын шалына бермейді. Түнде көру үшін жітіліктің жітілігі, көздің көзі қажет. Осы тұрғыдан қарап, біз дастандар топтамасын түпнұсқамен салыстыра оқығанда байқаған қайсыбір, негізгі, аударманың көбіне ортақ саналған кемшіліктерге аздап аялдауды жөн таптық. Міне, кітаптың бірінші беті, («Черкестер», 5-б) бірінші шумақ:
Өлі ұйқы басып даланы
Сүңгіді тауға алтын күн.
Түпнұсқа: Уж в горах солнце исчезает
В долинах всюду мертвый сон.
Алтын күн тауға сүңги берсін (тау асып шығар), мәселе, алдымен, даланы өлі ұйқы басып, сонсоң күннің батқанында болып отыр. Табиғатта (Лермонтовта да) керісінше емес пе?!
Весенний ветерок играет – көктем желі ысқырған емес. Ысқыру – мүлде басқа, жалпы, көктем ұғымымен сиыспайды.
Жалт еткендей тұманнан
Қорғанда шамдар тұр жанып (6-б) дегендегі «жалт ету»– бір-ақ сәтті білдіреді. Ал, жанып тұрған шам – бір сәттік қана құбылыс емес қой?
...Ертеңгі қоңырау дауысы,
Сай-саланы жаңғыртып,
Тау басында қала іші (?)
Барабан үнін шалдыртып,–
деген шумақ та түпнұсқаны тым бытыстырып жіберген. Ұғымға ауыр, әрі түсінуі де қиын, бұ секілді жол-шумақтар, негізінен жақсы аударылған осы поэманың да біраз жерінен аңғарылып қалады.
Там Терек издали кружит,
Меж скал пустынных протекает.
Тулап ағып сонау Терек
Жартастардан жатыр өтіп («Кавказ тұтқыны», 15-б).
Последний солнца луч златой
На льдах серебристых догорает
Батар күннің нұр сәулесі
Күміс мұзды жалынша өртеп (сонда)
И слышен топот табунов...
Естіді әне, енді бәрі
Өрістегі шабысты бір (сонда)
...Көрді ол бұғы, бір маралдың
Үстінде бір дәу ойтастың
Қыбыр етпей тыңдағанын
Сайдағы әнін әнші құстың (21-б) дегеннен соңғы мына екі жол:
И вдруг внезапно исчезают,
Взвивая вверх песок и правах – аударылмай қалып кетіпті.
Лежал на зелени холмов
И тени шаткие дерев
Как призраки на крыше бедной
Черкесской сакли прилегли.
Әлсіз сәуле қалтыраған
Түсті қырдың ағашына,
Көлеңкелер түсі жаман
Черкестің үй-қорасына
Елес құсап салбыраған (сонда) сықылды аударманың онша жетісті тұрмағанын дәлелдеудің қажеті бола қоймас.
Когда в ногах его с слезами
Сидел. Ах!– Я не зрел ни раз
Столь милой смерти хладной муки.
Отырдым аяғында, о, дүние,
Үрейлі ондай өлім мен білмедім,
Жалғанда жақыны өлген қиын екен («Корсар», 84-б.)
Столь милой смерти хладной муки – дегенді үрейлі ондай өлім мен білмедім ғып аудару қате. Автор шынымен еркінірек кеткісі келсе «в его ногах сидел» деген ұғымды қазақшалау керек еді. Себебі, қазақ аурудың аяғында отырдым деп айтпайды, басында, қасында, не тіпті басқаша сөйлеуі тиіс. Ал, жалғанда жақыны өлген қиын екен деген жол түпнұсқада жоқ, аудармашы жанынан қосқан. Қосуға да қарсы емеспіз. Бірақ...
Как он, треща, свистал, щелкая,
Как по лазоревому своду
На легких крылиях порхал,
Ол кенет баяулатар сайрағанын,
Шайқалып, ағаш басын сықырлатып.
Сыпылдап қанатымен ырғып ұшып (сонда).
Треща, свистал, щелкая деген – құстың сайрағаны – музыка. По лазоревому своду порхал – қимыл, сурет. Мұндай тұстарды аудару – аса сақтықты, жітілікті керек етеді. Аудармашының: Шайқалып, ағаш басын сықырлатып дегенді қайдан алғаны беймәлім. «сықырлатыпты» «трещадан» алса – әрине жаңсақ. Тіпті, «треща» деген сөзді қате ұққанның өзінде құстың салмағынан ағаштың сықырлайтынын білу қажет қой.
Где прах лежал столь сердцу милый,
Перебежавший серез ров,
Пошел я тихо по кладбищу.
Жатыр ғой туған жаным жүрек жарып (?)
Аялсыз аттап өтіп сай-жырадан
Келемін көзімді алмай қабырлардан, немесе:
Потом... неверными шагами
Я удалился – но за мной,
Казалось, тень везде бежала.
Неткен қиын елес, ауыр сезім. Оқушының тұлабойын тітіркентпей ме?! Ал, осының қазақшасы:
Сонан соң... аяғымды әнтек басып,
Жөнелдім, соңнан қалмай қатарласып
Қуғандай болды мені бір көлеңке (сонда) боп шыққан. Аударманың әлдеқайда әлсіреп кеткенін сөз қылуды керексінбегеннің өзінде, екінші жолдағы: «соңнан қалмай қатарласып» деген тіркес, логикалық жағынан да, тура емес: соңнан қалмағаны қалай, қатарласқаны қалай?
Он к духу озера воззвал:
«Стрибог! Я вновь к тебе предстал...»
Өзенге рухты бір айтты сөзін:
«Су құдайы! Тағы да келдім өзім...» («Олег», 62-б.)
Немесе:
И шумно взволновались воды,
Растут свинцовые валы...
Дегенде көлдің іші кетті шулап,
Сұрапыл күндердей-ақ жатты ол тулап (сонда)
Ты водишь (глазами) медленно кругом,
Я молча следую за ними,
Как раб с мечтами неземными
За неземным своим вождем.
Төңірекке түскенде,
Көз қиығың нұрдай боп,
Тұрамын үнсіз бақылап,
Көсемімді көктегі
Арман еткен құлдай боп («Еріксіз екі қыз», 67-б.)
И блещут кисти золотые,
Диваны мягкие кругом...
Және жұмсақ дивандар
Жарқырап, көзді арбайды (сонда)
Я выходил тогда из рудника,
Где золото, земных трудов предмет,
Там люди достают уж много лет,
Здесь обратились страсти все в одну.
И вечный стук тревожит тишину;
Между столпов гранитных и аркад
Блестит огонь трепещущих лампад,
Как мысль в уме, подавленном тоской,
Кидая свет бессильный и пустой!...
Мен сонда кен орнынан келе жаттым,
Мұнда жұрт табушы еді елеп алтын.
Талай жыл талай адам тартса да азап,
Жеткізбей мұратына келеді алтын;
Бар арман бір өзекке сұғылғандай (?)
Жатады кетпен соғып (?) тыным алмай.
Сәулесі шырақтардың тым көмескі,
Гранит жартастарға тығылғандай (?),
Адамның азалы ойы (?) осы арада
Бейне бір тауы қайтып жығылғандай (?)
(«Джюлио», 70-б.) деп кете беруден оңай шаруа жоқ.
Лермонтов поэзиясы, сонау Абай аударған нұсқаларын қоспағанның өзінде, қазақ топырағына көптеп келген. Біз сөз ғып отырған екі томдық жинақтың кітап боп баспадан шыққанына да аттай жиырма жыл. Осы мерзім ішінде бұл дастандардан талай оқушы сусын тапты. Талай көз қуанып, талай көңіл жұбанды. Мұны айту себебіміз, ұлы ақын дастандары осы аудармамен де он мыңдаған адамның әжетіне асты, әлі де аса бермек. Бірақ, сол, әлгі келтірілген мерзім ішінде қазақ өлеңі де бір орында тұрған жоқ, көп өзгерді, жаңарды, өсті. Аудармаға қатысқан ақындардың өздері (әрине, көзі тірілерін айтамыз) жинақтан жинаққа өсіп келе жатқан кісілер. Әсіресе, өлеңнің түр-формасы, техникасы жағынан. Сонымен бірге, оқырманның өлеңге деген талғам-талабының өскені – заңды құбылыс. Бұл тұрғыдан қарағанда, Лермонтов шығармаларының аудармасын қайта қарау – бір кісінің, не баспаның емес, бүкіл өлең сүйгіш қауымның талап-тілегінен туған ниет екеніне шүбә болмауға тиіс. Оның үстіне Лермонтов сын-ды күрделі ақынның үлкен шығармаларын жеріне жеткізіп аудардым, барлық сөзім орнында, осымен бітті деген пікірді ешбір аудармашы айта алмаса керек-ті. Өйткені, жоғарыда келтірілгендей үзінділерді ерсілі-қарсылы ала беруге болар еді. Оның қажеті шамалы. Әр аудармашы-ақын өз жұмысын қайыра бір алып, түпнұсқамен мұқият, қайта бір салыстырса – біздің пікірдің пәлендей қисық еместігіне көз жеткізеді.
Тәуір аудармалар қатарына біз «Бастунжы ауылы», «Боярин Орша», «Иван Васильевич патша, ержүрек купец Калашников туралы жыр» поэмаларын қосар ек. Бұлардың жетістігі, әрине, қайсыбір тұста ірілі-ұсақты мін-кемшілік кетіп жатқанымен, негізінен, түпнұсқа рухы қатал сақталынған, әрі, барынша, ақындық шабытпен, жанып аударылған. Ал, «Кавказ тұтқыны», «Еріксіз екі қыз», «Джюлио», «Олег» сықылды дастандардың көркемдігі әлі де жетпей жатыр. Кей жерлерде, тіпті, жолма-жол аударма (подстрочник) деңгейінде қалып қойған. Түпнұсқадағы ой, рух, оқиға сақталғанымен, өлеңдік, қазақша өлеңнің сапасы кем. Аудармашы-ақындар не тым еркінсіп, тұрпайы қазақыланып кетеді, не сөзбе-сөз сіресіп, табандап отырып алады. Ондай жерлерде ұйқастың өзі нашар, әлсіз. Ұйқас демекші, көп аударма осы ұйқастан мықтап ақсап жатыр. Мұны көбіне ортақ мін ретінде айырықша атау жөн секілді. Сонсоң, Лермонтов поэмаларында, әсіресе, шығыс хикаяларында табиғат сұлулығын суреттеген тұстар молынан ұшырасады. Нақ сондай жол, шумақтарда да аудармашылар мықтап кібіртіктейді екен. Кейбір жерлер мүлде түсініксіз. Нені айтып, автордың нені көріп отырғанын түпнұсқаға үңілмей ажырату қиын. Ал, жалпы, түпнұсқаға жалтақтата берген аударма – мықты аударма емес.
Қысқасы, Лермонтов шығармаларын шын сүйіп, аянбай еңбектенетін адамға – әлі жұмыс көп. Біз кітапты қалам ұстап, орысшасымен, жолма-жол салыстырып оқығанда, көп жерлерге белгі қойдық, оның бәрін осы рецензияға сиғызу мүмкіндігінің аздығы былай тұрсын, әттеген-ай дегізген талай шумақ, талай жолға сызық салудың өзі – үлгертпейтін, құр қол байлауға ғана жарайтын тірлік екен.